ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

Қала ішінде қатынайтын қоғамдық көлік төңірегіндегі мәселелер бүгінде күн тәртібінен түспей келеді. Оған себеп болатын жағдай да жоқ емес. Жол қызметін тұтынатын жұртшылықтың жүргізушілерге айтар шағымы жылдан-жылға өсіп отыр. Мұны жөнге салу үшін қандай шаралар қолдану қажет, тасымал төңірегіндегі мәселелерді қалай дұрыстауға болады?

Жақында қоғамдық көлік қатынасы бойынша «КазИнтерСофт» компаниясы өз жұмыс кестесімен, ІТ-технологияның артықшылықтарымен, электронды ақпарат көрсеткіштерімен таныстырды.  

– Қала және қала сыртындағы айналма жолдармен қатынайтын қоғамдық көлік жүргізушілері мен тасымал сапасына қатысты қала жұртының айтар шағымы азаяр емес. Осыған орай тасымал қызметінің басшыларымен Астана қаласына арнайы қызметтік сапар ұйымдастырылды. Астаналық әкімшілікпен, тұрғындар тасымалы орталығымен, тіпті, неміс автобустарын шығаратын Минск автомобиль зауыты басшылығымен кеңінен сұхбат-кеңестер жүргізілді. Нәтижесінде Атырау қаласында да қоғамдық көліктегі заманауи технологиялардың мониторингін енгізу қажет деп шештік. Бұл қызметпен айналысатын көптеген ІТ-технология саласындағы мекемелердің ішінен «КазИнтерСофт» компаниясының жұмыс барысын жоғары бағалап отырмыз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Ожаев. 

– «Андройд», «Айос» бағдарламалары орнатылған ұялы телефон құрылғыларына GPS-бақылау жүйесін қондыру арқылы әр маршруттың мекен-мезгілін жіті қадағалап отыруға мүмкіндік бар. Жақын маңдағы көліктің қай уақытта қай жерде жүргенін білген жолаушы өз уақытын үнемдеп, қолайсыз ауа райы жағдайында қажетті автобусын ұзақ күтіп қалмайды, – деді «КазИнтерСофт» компаниясының директоры Әділбек Нұғманов.   

Сынақ негізінде қаладағы №4 жолаушылар автобусына арнайы қадаға (датчик) құрылғысы орнатылып, бағдарлама барысы назарға ұсынылды. Осылайша маршрут қозғалысы жөнінде ақпарат алынып, ол әр аялдамаға орнатылған монитордан көрінетін болады. Сөйтіп, кешкілік уақытта соңғы аялдамада тұрған жолаушы автобустың бағыт-бағдарын алдын ала біліп отырады. Бұл жүйе елімізде кең қолдануда. «КазИнтерСофт» компаниясы қызмет ететін 10 қалада GPS-карталарды қолдануды тұрғындар дағдыға айналдырып алыпты. Ал, Атырауда бұл әзірше тек пилоттық жоба ретінде ұсынылып, көп ұзамай қолданысқа енгізілгелі отыр.

Нұрлыбек Жұмахметұлының айтуынша, жергілікті билік үшін де, бұқара халық пен  тасымалдаушы тарап үшін де жаңа интеллектуалды жүйенің берер пайдасы зор. Енді алда қала көшелерінің сыйымдылығын ескере отырып, автобус қозғалысының кестесін құру, тариф құнын қайта қарап, мүгедектерге арналған және ескірген көліктерді жаңарту, жоғары санатты жүргізушілерді жұмысқа тартып, өзге аймақтарда оң нәтижелерін берген электронды жүйелерді іске қосу жұмыстары тұр.

Қала әкімдігі аталған мекеме қызметіне оң баға беріп, алдағы уақытта жаңа технологияны қоғамдық тасымал қызметіне енгізудің тиімді жолдарын табу қажеттігін алға тартты. Ол үшін сапалы бақылау құрылғылары мен бағдарламалық жабдықтарды қарастырып,  қаладағы аялдамаларды электронды бағандарға бейімдей бастау қажет.  Егер қоғамдық көлікті бақылау бір-ыңғай сандық жүйеге көшірілсе, жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы даудың бір сәтте шешілетіндігіне шүбә жоқ.    

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз