ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛДЕРІ – ОБЛЫСЫМЫЗДА

Бейсенбіде аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірімізге келген Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) өкілдері Кристина Джоанна ван Хоут пен  Александр Кобринскийді қабылдады.

Облыс әкімі алдымен меймандарды елдің, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеу жағдайымен, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жоспарланып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысымен таныстырды.

 Аймақ басшылығының жылышырайлы қабылдауына ризашылығын білдіріп, жан-жақты  мағлұмат алған меймандар Қазақстанға, соның ішінде Атырау еліне ЕҚЫҰ-ның тапсырмасымен, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұйғарымымен өздеріне жүктелген мәртебелі миссияны атқару мақсатында келгендіктерін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, олар алдағы уақытта республикамызда өтетін Президент сайлауына бақылаушы, тәуелсіз сарапшы ретінде қатыспақ. Сол себепті де, ел өмірінде маңызы зор саяси доданың барлық халықаралық талаптар мен стандарттарға, заңдылықтарға сай өтуін қалайтындықтарын, соған мүдделі екендіктерін ашық айтты. Соған байланысты көкейлерінде жүрген сауалдарын ортаға тастап, ой-пікір, ұсыныстарымен, жұмыс жоспарларымен бөлісті. Тек қана облыс орталығымен шектелмей, аудандарға да шығып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесу-пікірлесулер өткізгісі келетіндіктерін қаперледі.

Жалпы алғанда, сәуір айының 26-сына белгіленген осынау аса  маңызды да, сындарлы шараға облыстан қатысатын сайлаушылардың санына, соның ішінде тұңғыш рет дауыс беру құқығына ие болғалы отырған жастардың үлес салмағына көңіл бөлді. Аймақта қалыптасқан оң ахуалға, дайындық шараларының барысына қарап, сайлаудың да халықтың жоғары белсенділігі мен ұйымшылдығы жағдайында өтетіндігіне мүмкіндіктің жеткілікті екендігін алға тартты.

Қабылдауға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысып отырды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз