ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

мемлекеттік қызметшілер оны сезінгенде ғана іс нәтижелі болмақ
Биыл еліміздің мемлекеттік қызметшілері тұңғыш рет өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Елбасының арнайы Жарлығымен 23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілері күні болып белгіленді. Салтанатты жиналыс Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылды. Ол еліміздің Әнұранын орындаумен басталып, мемлекеттік қызметшілер туралы түсірілген бейнефильммен жалғасты. Жиналғандарды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтады.

– Тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде, – деді аймақ басшысы, – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен мемлекетті қалыптастыру бағытында ауқымды істер атқарылды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени жағдайы үздіксіз даму жолына түсті. Қазақстанның осындай жетістіктерге жетуінде мемлекеттік қызметкерлердің еңбегі ерекше.

Жалпы, бүгінде облыстық деңгейдегі – 59, аудандық ауқымдағы – 234, ауылдық аймақтағы 72 мемлекеттік органда барлығы 3646 қызметкер еңбек етеді. Олардың жетеуі – саяси қызметшілер, 14-і – «А», 3625-і – «Б» корпусында. Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, «А» корпусы лауазымдарына Президенттің тапсырмасына орай басқарушылардың жаңа легі, мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді тиімді шеше алатын жоғары білікті мамандардан құралуға тиіс кадр резервінен алынған тұлғалар тағайындалады. 

Елбасы мемлекеттік қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына барынша жағдай туғызып отыр. Олар кезегімен пәтерлермен қамтамасыз етілуде, өзге де әлеуметтік қолдауларға ие. Ал, алдымыздағы жылдың бірінші шілдесінен бастап «Б» корпусы қызметшілерінің жалақысы 15 пайызға өспекші. Мұндай өсім 2016 жылғы 1 шілдеден кейін тағы болмақ.  

Содан соң аймақ  басшысы халыққа қалтқысыз қызметімен көзге түсіп, жұртшылық құрметіне ие болған бір топ мемлекеттік қызметшіні марапаттады. Солардың ішінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Қилымғали Қайненов пен Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев «ҚР үздік мемлекеттік қызметшісі» төлбелгісіне ие болды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы-Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі облыстық департаментінің бас маманы Индира Исмағұлова, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Арайлым Басарова, Исатай  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев, облыс әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясаты жөніндегі бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина, облыстық салық департаментінің бас маманы Ибатолла Меңдешев, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Гүлбану Қорқытова және басқалар марапатталды.

Жиналғандарды мерекемен құттықтаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов өңірде Мемлекеттік қызметшілер күнінің осындай салтанатты жағдайда аталып өтуі жергілікті атқарушы биліктің оған үлкен мән беріп отырғандығы екендігін айтты. Мемлекеттік қызметтің барлық қиындығы мен ауыртпалығын арқалап, сын шақта да сыр бермеген, ел бірлігін сақтауға барлық күш-қуатын жұмсаған жандар алдында бас иді.

Мемлекеттік қызметтің ардагері, ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен Зұлбұхар Сүйнешев жиғалғандарды мерейлі мерекемен құттықтап, кейбір естелігімен бөлісті. Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың соңындағы қайта құру аталатын кезеңде мемлекеттік органдарда жүргізілген тәжірибелік ретіндегі реформалар оң нәтижесін бермеді. Ал, экономикалық байланыстардың бұзылуы себепті туындаған қиындықтар халық арасында түрлі желсөздің желдей есуіне соқтырды. Міне, сол сын шақта жұртшылықты жұмылдырып, олардың бойында жарқын келешекке деген сенімді қалыптастыру оңайға түспеді. Осы міндетті сол кезде еңбек еткен мемлекеттік қызметшілер абыроймен атқарып шыққан-ды.

– Президенттің тікелей тапсырмасына орай, – деді ардагер, – жасақталған мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің бүгінгі таңда өзіміз куә болып отырған барлық деңгейдегі мемлекеттік кадрларды нысаналы индикаторлар бойынша конкурспен іріктеу, олардың жүйелі кәсіби біліктілігі мен жоғары корпоративті мәдениеттілігін арттырудағы жұмыстар мен шаралары, сөз жоқ, жоғары білікті мемлекеттік қызметкерлердің кадрлар корпусын жасақтауға жол ашты.

Жас мемлекеттік қызметкерлер атынан жиналғандарды облыс әкімі баспасөз қызметінің маманы Әлпеш Садық құттықтады.

– Бүгінде мемлекеттік қызметте, – деді ол, – жастардың қалыптасып, жан-жақты дамуына, өсуіне, биік белестерді бағындыруына барлық мүмкіндік қарастырылған. Бастысы – елім деп аянбай еңбек ету, білім-білігімізді ел игілігіне, мемлекетіміздің дамуына арнау. Біз үшін өзіміздің кіндік қанымыз тамып, туып-өскен елімізге, тәрбиелеген халқымызға, білім берген мемлекетімізге еңбек етуден асқан абыройлы да жауапты, жемісті қызмет жоқ.

Салтанатты жиналыс соңы мерекелік концертке ұласты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз