ҚАЗАҚСТАН – ҰЛЫБРИТАНИЯ: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЫРЫСҚА БАСТАЙДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2-4 қарашада Ұлыбритания жерінде ресми сапармен болды. Айта кетейік, Елбасының ақсүйек ағылшындар еліне осы уақытқа дейін 8 сапары болып өткен болатын. Бұл сапарлардың барлығы өз нәтижелерін берді. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар ұдайы өсу үстінде келеді.

Елбасының бұл жолғы сапары Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның шақыруы бойынша ұйымдастырылды. Британ үкіметінің басшысы 2013 жылдың 30 маусым – 1 шілде аралығында Қазақстанға сапармен келіп Астанада және мұнайлы Атырау қаласында болып қайтқан еді. Сол кезде еліміз және оның даму әлеуеті мен мүмкіндіктері Ұлыбритания премьеріне жақсы әсер қалдырған секілді. Бұл жолғы Елбасы сапарының бір себебін осымен де түсіндіре кетсек, артық болмас.

 

Ал, енді сапардың нақты мақсатына келсек, ол Астана мен Лондон арасында қалыптасқан стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету, жоғары деңгейдегі қарым-қатынасты нығайту, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту болып табылады.

Мұның сыртында, бұл Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы және таяуда ғана Ұлыбританияда парламент сайлауы өткеннен кейін Мемлекет басшысының осы елге жасап отырған бірінші сапары. Оның үстіне сапар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуі шағында ұйымдастырылып отыр. Міне, осының барлығы Астананың батыс әлемімен жақындаса түсуге шынайы ниет танытып, маңызды сапар арқылы соған белгі беріп отырғандығын да аңғартса керек.

Сапар бағдарламасы аясында Қазақстан мемлекеті басшысының Премьер-министр Дэвид Кэмеронмен кездесуі, сондай-ақ, екі ел басшылығының Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына қатысуы сапардың маңыздылығын арттыра түсті.

Премьер-министр Дэвид Кэмеронмен кездесу барысында Қазақстан мен Британия ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Д.Кэмеронның 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапары екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін бергенін айтты. Елбасы сондай-ақ, келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметінің мүшелері британ тарапымен маңызды уағдаластықтарға қол жеткізгенін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ұлыбритания Премьер-министрін соңғы өткен парламенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және жаңа үкімет құрамын жасақтауымен құттықтады.

«Осы бір күрделі кезеңде сіздің ел жетістіктерге жетіп отырғанын атап айтқым келеді. Менің сапарымдағы бағдарламаның мазмұндылығы біздің қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.

Д.Кэмерон Қазақстанның инвестиция тарту, индустрияны дамыту және сауда саласында керемет табыстарға жеткеніне назар аударды. Ұлыбритания Премьер-министрі сондай-ақ, бүгінде елдеріміздің келіссөздер өткізетін мәселелер аясы кең екенін айтты және Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған реформаларды жүзеге асыру жайын талқылауға ниетті екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Ұлыбритания Премьер-министрін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Енді екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихына назар аударар болсақ, Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 19 қаңтарынан бастап орныққан болатын. 1996 жылы ақпанда Ұлыбританияда Қазақстан елшілігі жұмысын бастады.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар да лайықты жағдайда дамып келеді. Біріккен Корольдіктің Қазақстан экономикасына, әсіресе, оның мұнай-газ секторына құйған тікелей инвестицияларының көлемі бойынша алдыңғы орындардың бірін алуы соның бір көрінісі.

Ұлыбритания Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша дәстүрлі түрде жетекші елдердің бірі болып отыр. Еліміздің Ұлттық банкінің деректері бойынша, 1995-2015 жылдар ішінде біздің республикамызға келген британның тікелей инвестициялары 11,2 миллиард долларды құрады.

Егер қазақстандық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-қазан айларының аралығында екі елдің арасындағы сауда айналымы 1,05 миллиард доллар болған. Мұның тең жартысынан астамы еліміздің Ұлыбританияға жеткізген экспорттық өнімдері болып табылады.

Біріккен Корольдік Қазақстанның Еуропалық одақтағы басты және басымдық берілген сауда әріптестерінің бірі болып табылатындығы биылғы жылы тағы да қуатталды. Дағдарыс ауыртпалықтарына қарамастан, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлыбританияға бағытталған Қазақстан экспорты оның алдындағы жылдан 21 пайызға өсіп, 417,5 миллион долларды құрады. Сыртқы сауданың оң сальдосы 199 миллион доллар болды.

Бұл елдің білім мен ғылым саласында, жаңа технологияларды ойлап тауып, оларды игеруде жеткен жетістіктері өте елеулі.

Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін ағылшындардың білім саласындағы жетістіктеріне мән беруде.

Елбасы сапарының аясында Лондонда екі елдің көптеген жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен білім саласындағы форум болып өтті. Осы шараның өзінде бірнеше меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстанның білім саласына британдық тараптан қолдау қаржы бөлінетін болды.

Міне, осы жағдайлардың барлығы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастардың лайықты жағдайда дамып келе жатқандығын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен өткен келіссөздер қорытындысы жөнінде БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

Брифинг барысында Елбасы Қазақстан тарапына сапар аясында айрықша жоғары құрмет көрсетіліп отырғанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Біріккен Корольдік екіжақты қарым-қатынастар дамуының осы кезеңінде Қазақстанға 12 миллиард долларға жуық инвестиция салғанын, қазір елімізде британ капиталының қатысы бар 500 компания жұмыс істейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапар барысында қол қойылған келісімдер мазмұнына тоқталып, бұл құжаттардың болашақтағы дамуға бағытталғанын айтты. Соның ішінде газ, энергетика, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы бірлескен жобалар атап көрсетілді. Нұрсұлтан Назарбаев Британия тарапымен Астана және Лондон арасында қосымша әуе рейсін ашу туралы келісім жасалғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер, соның ішінде Украина мен Таяу Шығыстағы ахуал қарастырылғанын да атап өтті.

Елбасы Қазақстан-Британия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының ІІ отырысының ашылуына қатысты.

Іс-шараға сондай-ақ, Ұлыбритания Премьер-министрі Д.Кэмерон қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде форумға қатысушыларға тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен бүгінде мемлекет жүргізіп жатқан экономикалық саясат туралы әңгімелеп берді.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан шекарасының ұзақтығы мен жерінің кеңдігі Еуразия кеңістігінде маңызды стратегиялық және көлік-логистикалық қызмет атқаруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Мемлекет басшысы елде 100-ден аса этнос өкілдері тұрып жатқанын, осы уақыт ішінде олардың тең құқықтары мен мүмкіндіктері сақталғанын, соның арқасында тұрақтылық қамтамасыз етіліп отырғанын да атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарындағы экономиканың даму қарқыны туралы да айтты.

Осы кезеңде халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 700 доллардан 13 мың долларға дейін ұлғайды. Бұл біз үшін зор табыс деп есептейміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның 90-жылдары экономиканы жекешелендірудің аса ауқымды шарасын жылдам, әрі зор табыспен өткізгені де айтылды.

Мемлекет басшысы бүгінде экономикамызды дамытудың жаңа кезеңі келгенін атап өтті.

Қазір дағдарыс, энергия тасымалдаушы өнімдер бағасы төмендеді. Мен мұндай жағдайды болжадым, өйткені бұл – капиталистік экономиканың циклды дамуындағы заңдылық. Осы жағдайда біз елді жаңғырту үшін Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» жоспарын әзірледік, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қол қойылған Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы келісімді жоғары бағалайтынын атап өтті және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жоспары туралы айтты.

Бұл жобаға британдық компаниялардың қатысуы аса маңызды болады деп ойлаймын, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру, «Жаңа Жібек жолы» жобасына қатысу үшін қолға алып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

Соңында Мемлекет басшысы британдық компанияларды бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.

Біз Лондоннан ештеңе сұрамаймыз. Сіздерді Қазақстанға келуге және бізбен бірге табыс табуға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы күні Елбасы британдық бизнестің ірі өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Мәселен, «Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесу барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастықты бұдан әрі дамытудың перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы компания біздің елімізге келгелі бері бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырғанын, соның арқасында Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бірі болып отырғанын атап өтті.

* * *

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондонға сапары аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасында 13 млрд. АҚШ долларының 46 келісіміне қол қойылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен. Осылайша, Үкіметаралық комиссия отырысы кезінде сомасы шамамен 9 млрд. АҚШ долларын құрайтын келісімдер жасақталды.  

Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкімен 1,250 млрд. АҚШ долларының 6 келісіміне қол қойылғаны хабарланды.    Сонымен қатар, Қазақстандық-британдық Іскерлік кеңесі кезінде сомасы 3 млрд. долларға жуық келісімдерге қол жеткізілді.

(«Егемен Қазақстан» газетінің  2015 жылғы

4 қарашадағы cаны және «ҚазАқпарат» агенттігінің

материалдарынан ықшамдалып дайындалды).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз