ҚҰРМЕТТІ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Қадірменді жерлестер!

Сіздерді Жаңа 2015-ші жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Атырау облысы 2014 жылды жақсы жетістіктермен, жағымды жаңалықтармен аяқтап отыр.

Биыл арайлы Атырауымыз Қазақстан және Ресей Президенттерінің қатысуымен ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумын қабылдады.Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс дамуына оң бағасын берді.

Облыста сегіз инвестициялық жоба іске қосылды. 2015 жылы тағы бес инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Биыл тұрғын үй құрылысы комбинаты, үй тұрғызу фабрикасы, тауарлы-бекіре фермасы, ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісі өз жұмысын бастады.    

Сонымен қатар, қой және түйе жүнін өңдейтін кешеннің, фармацевтикалық фабриканың, консервілеу өнеркәсібінің, Оқушылар сарайының іргетасы қаланды.

Жаңа балабақшалар мен мектептер, денсаулық сақтау нысандары бой көтерді.

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің Түркия, Германия, Австрия және Франция елдеріне гастрольдік сапарға шығуы мәдениет саласындағы елеулі оқиғалардың бірі болды.

2015 жылдан бастап жүзеге аса бастайтын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы елдің экономикалық қуатын күшейту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін береді. 

Ардақты ағайын!

Біз қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күтетін халықпыз. Қой жылының Атырау облысына берері Жылқы жылынан кем болмайды деген сенімдеміз. 

Жаңа жылда көрер қуанышымыз көп, алар асуларымыз биік болғай!

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, сәттілік пен бақыт тілеймін!

Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!

Құрметпен,

Атырау облысының әкімі

Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз