ІЗГІЛІК ПЕН МЕЙІРІМДІЛІК БАСТАУЫ

Рождество мерекесі еліміздің барлық аумағында, соның ішінде біздің облысымызда да тойланды. Рождество мерекесі православ христиандар үшін тек діни ғана емес, әлеуметтік сипатқа да ие.
Олар бұл күнді қайырымдылық пен бейбітшілік және төзімділік мерекесі деп таниды. Осы күннен барлық ізгілік пен мейірімділік бастау алады деп түсінеді.
Мереке күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған атқарушы билік өкілдері Успен шіркеуінде болып, ғибадатханаға жиналған жұртшылықты православ христиандарының басты діни мейрамы - Рождество мерекесімен құттықтады.

Өңірдегі діни конфессиялардың ойдағыдай дамып, халықтың сенім мен наным бостандығына қол жеткізіліп отырғандығына ерекше тоқталып өткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев береке-бірлік пен тыныштықты сақтауда Успен шіркеуі қызметкерлерінің рөлі зор екендігіне тоқталды. Оларға ізгі үміттер мен жақсылықтар, отбасылары амандығын тіледі.
Рождествомен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған атқарушы билік өкілдеріне Успен шіркеуінің протоиерейі Михаил Степанов ризашылығын білдірді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз