ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ МОЛ

Мың айдан да қайырлы Рамазаннан соң келіп жеткен ізгіліктің мерекесі Ораза айтты атыраулық жұрт жоғары деңгейде атап өтуде.
Облыстың бас имамы Амантай Садиевтен білгеніміздей, Ораза айт мерекесі орталық Иманғали мешітінде бүгін де жалғасын тауып жатыр. «Айттың алғашқы күні әткеншек, ұшақ, батут құрылған сегіз түрлі аттракционда 700-ге жуық бала тегін ойнап, мәз-мейрам болды. Жұма күні айттап келген балалар саны алғашқы күндегіден де асып түсті. Жетімдер үйінен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан, сондай-ақ, мүгедек балалар мен зағиптар да келді. Балаларға түрлі тәтті тағамдар тегін таратылды. Ораза айттың құрметіне үш жүзге жуық сәбиге бір-бір сөмке оқу құралдары да табыс етілді. Қаншама қарттарымыз айт дастарханынан дәм тата отырып, тағылымы мол уағыз тыңдады. Мұндай шараның берері көп» дейді облыстың бас имамы. Оның айтуынша, игі шараларға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен қала әкімі Серік Айдарбеков қолдау көрсеткен.

Бүгін, яғни айттың соңғы күні бес жылдан бері Атырауда медресе келушілеріне ілім беріп келген Түркияның ұстазы Ергюн Яшар еліне оралады. «Ұстаздың келісім-шарт уақыты аяқталды. Бес жыл ішінде ол мыңға тарта шәкіртін тәрбиелеп үлгерді. Бүгінде ұстаздың жеті шәкірті Нұр Астана, бесеуі Нұр Мүбарак университетінде білімін жалғастырып жатыр» дейді бас имам. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз