ГҮЛДЕНІП, КӨРКЕЙЕ БЕР, АТЫРАУЫМ!

Атырау қаласының күні үлкен ұйымшылдықпен аталып өтті

Жыл сайын алтын күзге ерекше көрік беріп, қала тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлайтын үлкен мерекенің бірі – Атырау қаласының күні. Атырау – бүгінде бүкіл әлемді өзіне қаратып, өндіріс ошақтарының арқасында қарышты дамып келе жатқан аймақ. Күн санап қалыптасып, көркейіп келе жатқан көрікті Атырау шаһары сенбі күні 373 жылдығын тойлады. Сан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлік пен елдікті ту етіп ұстаған атыраулықтар қала күнін атап өтуге белсене қатысты. Мұнайлы астана атанған Атыраудың туған күнін бірге тойлауға көршілес облыстардан да меймандар келді.

 

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖЕТІСТІККЕ
ЖЕТЕЛЕЙДІ

Өткен сенбіде қала күні шаһар басшысы Серік Айдарбеков көршілес облыстар мен РФ Магнитогорск қаласынан келген делегацияны қабылдады. Олардың қатарында Магнитогорск қаласы әкімінің орынбасары Виктор Нижегородцев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтізаров, Орал қалалық мәслихат хатшысы Марс Сатыбалдиев және осы аймақтардан өзге де қонақтар болды.
Қала әкімі Серік Кенғанұлы келген қонақтарды қалалық әкімдікте қабылдап, «қош келдіңізін» айтты.
Жыл сайын көршілес аймақтармен қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Біздің алдымызда ортақ міндет пен мақсат тұр. Ол – аймақтардың экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту. Мереке күні Сіздерді Атырауда қарсы алып отырғаныма қуаныштымын. Ынтымақтастығымыз күшейе береді деген сенімдемін, – деді қала басшысы.
Өз делегациясы атынан мұндай жылы қабылдауға алғысын білдірген Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов Атырау өз туған күнін салтанаты мен көрігі жарасқан келбетінде қарсы алып отырғандығын жеткізді.
Атырау бүгін адам танымастай мүлдем өзгерген. Бізді атыраулықтармен ортақ тарих біріктіреді. Еліміздің мұнайлы астанасына бұдан да жоғары жетістіктер, жарқын болашақ тілейміз, – деді А.Көлгінов.
Ал, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтізаров көршілес қалалардың серіктестік қарым-қатынасы жыл сайын қалыптасып келе жатқандығын жеткізсе, Магнитогорск қаласы әкімінің орынбасары да қала күнімен құттықтады.
Атырау мен Магнитогорск арасында көптеген ұқсастық бар. Егер Атырау – мұнайлы астана болса, Магнитогорск металлургия астанасы болып табылады. Сондай-ақ, екі қаланы Жайық өзені біріктіреді. Сіздің қалаңыз ел экономикасының өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Қарыштап дамып келе жатқан жолдарыңыздан таймай, қала бүгінгі көркінен арылмасын, – деді В.Нижегородцев.
Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары А.Айтбаев пен Магнитогорск қаласы әкімінің орынбасары В.Нижегородцев серіктестік меморандумына қол қойды.

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – САЛАУАТТЫЛЫҚ НЕГІЗІ

Қала күні мерекесі каноэ мен байдаркада ескек есу турнирінен басталып, атыраулықтардың бұқаралық спортқа деген құштарлығын арттырды. Жарысқа қатысушы отыздан астам ескекші облыстық әкімдік ғимаратына қарсы жағажайдан бастап қашықтыққа ескек есіп жарысып, бақ сынады. Жарысты ашқан қала әкімі Серік Айдарбеков спортшыларға сәттілік тілеп, атыраулықтарды қала күнімен құттықтады.
Әлемдік спорт түрлерінің арасында соңғы жылдары ерекше дамып келе жатқан байдарка мен каноэда ескек есу Атырауда да серпін алуда. Жарыстың басталуына Атырау қаласының әкімі Серік Кенғанұлы белгі беріп, ескекшілер бір-бірінен басым түсу мақсатында шапшаңдықтарымен ерекшеленді.
Байдарка спортын Атырауда дамытуға Жайық өзені үлкен мүмкіндік беруде. Қазір облыс орталығында байдаркашыларды дайындайтын мектеп бар. Бұл мектептің тәрбиеленушілері талай додаларда облыс, ел намысын қорғап, үлкен жетістіктерге жетуде. Турнирді тамашалауға келген жастар да оң әсер алып қайтты.
Атыраудағы байдарка спортының тарихы тереңде жатыр, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Марат Айтқалиев. – Сондықтан, қала күніне орай осы турнирді ұйымдастыруды жөн санадық. Жастарды спорт арқылы патриоттыққа, отансүйгіштікке, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеудеміз. Атыраудан алдағы уақытта көптеген ескекші чемпиондардың шығаруына сеніміміз мол.
Турнир қорытындысымен жасөспірімдер арасында бас жүлдені Роман Ремкулиев иеленсе, ересектер арасында 500 метр қашықтыққа жүзген Сергей Вашурин мен 200 метр қашықтық бойынша Андрей Рябцев жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, 200 метр қашықтыққа жүзген қыздар арасында Надя Трихонова ерекшеленді.
Қала күніне арналған спорттық шаралар өңірде әр салада қызмет жасап жатқан бір топ шетелдік азаматтың қатысуымен велошерумен жалғасын тапты. Олар Жеңіс саябағынан бастап облыстық әкімдік алаңына дейін жеті шақырымнан астам жол жүрді. Велошеруге екі жүзге жуық адам қатысты.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты насихаттау – басты мақсатымыз, – дейді жарысты ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Есмұханов. – Бұл дода қала күніне арналып отыр, сонымен қатар велосипед тебу маусымын осы шарамен аяқтағалы отырмыз.
Жарысқа қатысушы шетелдіктер қойнауы қазынаға толы Атырау халқының қонақжайлылығы мен дарқан көңілдеріне ризашылықтарын білдірді.
Қала күнінде ұлттық спорт түрлері де ұмыт қалмай, Исатай-Махамбет орталық алаңында ұлттық құндылықтарымыз да дәріптеліп, Атырау қаласы күніне арналған қазақ күресінен түйе палуан жарысы өтті.
Боз кілемдегі текетіреске шыққан палуандар қатарында тек Атырау өңірінен ғана емес, өзге аймақтардың да намысын қорғаған мықтылар да болды. Додада «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің тұңғыш жеңімпазы, жауырыны жерге тимеген Ұлан Рысқұл да бағын сынады. Ақтық сынға жолдамада Ринат Ибрагимовке есе жіберген ол жарақатына байланысты қола жүлде үшін күреске шығудан бас тартып, қызықоғалық Ринат Лұқпанов ІІІ орынды иеленді. Жүлдегерді қала күніне Астанадан арнайы келген ҚР Парламент Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов кубокпен және жүз мың теңгемен марапаттады.
Бас жүлдені Ринат Ибрагимов пен Сұңғат Закарияев сарапқа салды. Бұл жекпе-жекте таза жеңіске жеткен Қазақстанның он дүркін чемпионы, Бейжің және Лондон олимпиада ойындарына қатысушы Ринат Ибрагимов 750 мың теңгені иеленді. Ал, күміс жүлдегер атанған Сұңғатты ҚР Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов марапаттап, 150 теңгенің сертификатын табыс етті.
Сондай-ақ, Кенжебек Күзембаев, Біржан Молдашев, Сержан Мұқашев және тағы басқа палуандардың ептілігін осы додада байқадық.

МҰРАЖАЙ ІШІ – ТҰНҒАН ТАРИХ

Атырау қаласының 373 жылдығын атыраулықтармен бірге тойлауға келген Ресей Федерациясынан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген делегация мүшелері үш ғасырдан астам тарихы бар Атыраудың өткені мен бүгінінен сыр шертетін мәдени көрнекті орындарымен танысу мақсатында облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралады.
Аталған мұражайда тоғыз экспозициялық зал, соның ішінде 58 мыңнан астам тарихи жәдігер сақталған. Соның біразымен таныстырған мұражайдың экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Оксана Әлжанова өңірдің өткеніне терең бойлап, келген қонақтарға қала күніне арналып жасақталған фотокөрмені таныстырды. Сонымен қатар, облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында болды.
Бүгін үлкен мереке. Батыс Қазақстан облыстық мәслихат пен депутаттар атынан Атырау қаласының күнімен құттықтаймын. Атырау мен Орал қалаларын Жайық өзені біріктіреді. Көршілес екі облыстың достық және ынтымақтастық қарым-қатынасы жақсы қалыптасқан. Сондықтан, осы мерекені бірге өткізуге келдік. Бүгін Атырауда атқарылып жатқан жұмыстардың куәсі болып, жан-жақты қарқынды дамып жатқан аймақ екендігіне көз жеткіздік. Облыстық мұражайда болып, өңірдің өткен тарихымен таныстық. Шын мәнінде, Атырау өңірі – тарихқа бай аймақ, – деді Орал қаласының мәслихат хатшысы Марс Сатыбалдиев.
Меймандар мұражайдағы экспозицияларды аралап, өңірдің тарихына үңілді. Өлкенің құнды қазынасы саналатын Сарайшық қалашығына қызығушылықтарын білдіріп, Жылыой ауданының маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Алтын адамның» бейнесімен, «Аралтөбе» қорының макетімен танысты. Сондай-ақ, басқа да құнын жоғалтпаған тарихи жәдігерлермен, өңірде мекендейтін аңдар және құстардың түрлерімен танысты. Және өткен ғасырлар мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихы залдарын аралады. Әсіресе, Құрманғазының зиратына 1959 жылы қойылған ең алғашқы құлпытасын ерекше бағалады.
75 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қалаға келген қонақтарға есігі әрдайым ашық. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрміз. Қала күніне арнап шаһардың зәулім ғимараттарын, әсем жерлерін суретке түсіріп, «Атырау – менің туған қалам» атты фотокөрме жасақтадық, – дейді мұражай директоры Серік Мұхамбетов.

ҚАЛА КЕШІ КӨҢІЛДІ

Исатай-Махамбет орталық алаңына жиналған жұртшылық бірқатар игі шаралардың куәсі болды. Жас суретшілер шаһардың көрікті жерлерін қағаз бетіне түсірсе, сондай-ақ, шахмат сүйер қауым үшін басты жаңалық – шахмат алаңқайының ашылуы.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға шахмат ойынын жаппай үйрету қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар берген болатын, – дейді қуанышымен бөліскен шахматтан облыстың аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин. – Өйткені, оны игерген бала есеп-қисапқа жүйрік болып, халық арасында интеллектуалдық мүмкіндік нығая түсері сөзсіз. Шахмат ойыны жоғары интеллектуалдық спорт түрі болғандықтан, балалардың логикалық ойлау, алдын ала болжау, математикаға бейімделу қабілетін арттыру, жүйке жүйесін қалыптастыру, компьютерге тәуелділіктен арылтуға мүмкіндік туғызады. Бүгін қала күніне орай шахмат алаңы ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл облыста шахмат спортын дамытудың бірден-бір бастамасы деп білеміз. Алдағы уақытта облыс орталығында шахмат клубы ашылса деген ниетіміз бар.
Аталған алаңқайда алғашқы ойын қадамын қала әкімі Серік Айдарбековтің өзі бастады. Мұндай бастамаға шахмат жаттықтырушылары мен шахматшылар алғыстарын білдірді. Қала әкімі Серік Кенғанұлы бұл бастаманың жалғасы болатынын сөз етіп, осындай шахмат алаңқайлары алдағы уақытта тағы үш-төрт жерде ашылатынын жеткізді.

СУРЕТТЕР
СЫР ШЕРТКЕНДЕ

Ал, суретшілер арасында өнерлерін паш етіп, қаланың бүгінгі көрінісін, тыныс-тіршілігін айшықтау тақырыбын аша білген Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының шәкірті Жайнагүл Мұхатова жеңіске жетті. Оның туындысында қалаға көрік беріп тұрған Махамбет-Исатай алаңы, орталық көпір көрініс тауып, елдің ырыс-несібесіне айналған «қара алтын» мен балық та бейнеленген. Жеңімпазды құттықтаған Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаржылай марапаттады. Сондай-ақ, өз өнерлерін көрсеткен он оқушыны Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтізаров марапаттады.

ЖАҢА ПӘТЕРЛЕР ҚУАНЫШЫ

Қала күніндегі басты жаңалық – шаһардың М.Есенов көшесіндегі жаңадан бой көтерген үш үйдің 126 пәтер кілті иелеріне табысталып, баспанаға мұқтаж жандар қуанышқа бөленуі. Бес қабатты нөмірі 83, 85 және 87 тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылы басталып, белгіленген уақытында аяқталып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, бұл үйлерге баспанаға мұқтаж Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері және бюджеттік мекеме қызметкерлері қоныстанды. – Құрылыс жұмыстарын жүргізген – «Мұнай Құрылыс сервис» ЖШС. Бүгін кезекте тұрған Ұлы Отан соғысының 13 ардагері қоныстойын тойлауда. Қалада Ұлы Отан соғысының ардагерлерін тұрғын үймен қамту мәселесі толықтай шешілді, – дейді ол.
Мереке күні Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков пәтер кілттерін иелеріне салтанатты түрде табыс етті.
– Бүгін атыраулықтар үшін ерекше күн. Осы қуанышты еселеу мақсатында құрылысы біткен үш үйдің пәтер кілттері табысталуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына, облыс басшыларының қолдауына сәйкес «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған бұл үйлер пәтерге мұқтаж болған азаматтарға кезегімен беріліп отыр. Сіздерді қала күні мерекесімен құттықтай отырып, қоныстарыңыз құтты болсын демекпін, – дей келе қала басшысы Серік Кенғанұлы, ең алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагері, қан майдан батыры Матвей Крюковқа пәтер кілтін табыстады.
Бұдан кейін өзге облыстардан келген қонақтар Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Погодаев пен Мұхит Латиповке пәтер кілтін табыстап, қуаныштарымен құттықтады.
Барлығы 126 пәтер берілсе, оның 24-і үш бөлмелі, 24-і бір және қалған 78-і екі бөлмелі пәтерлер. Тұрғын үй соңғы үлгідегі жоба бойынша тұрғызылды. Сондықтан да пәтерлердің бөлмелері аса ыңғайлы, жайлы.
– Көптен күткен бүгінгі қуанышымыз қала күнімен тұспа-тұс келіп отыр екен. Әкеміздің ерлігін, туған елге, жерге деген патриоттық сезімін бағалаған облыс және қала басшыларына алғысымыз шексіз. Әкеміз Сталинградты азат етуге қатысып, Украинаны қорғауда болды. Қан майданға 1942 жылы барып, 1946 жылы елге оралды. Бірнеше рет жарақат алған. Тұрғын үй кезегіне 2000 жылдары тұрған әкеміздің бүгін қуанышында шек жоқ, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхит Латиповтың кіші ұлы Бекболат Латипов.
Мұндай қамқорлыққа тәнті болған Ресей Федерациясының Магнитогорск қаласы әкімінің орынбасары Виктор Нижегородцев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтізаров қоныстой иелерін құттықтады.
Бұл күні жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық екенімізді тағы да таныттық. Мектеп интернатының тәрбиеленушісі Анар Сағынғалиева да бұл күні мемлекеттің қамқорлығының арқасында өз пәтерінің кілтін қолына алды.
– Бұл күн көптен күткен арманым болса да, дәл осы күні баспаналы болам деген ой мүлдем болмады. Таңертең қалалық тұрғын үй шаруашылық коммуналдық бөлімінің қызметкерлері телефон соғып: «Бүгін пәтеріңіздің кілтін алуға келіңіз» дегенде, өз құлағыма өзім сенбедім. Арманым орындалды. Елбасымызға, облыс әкімі мен қала әкімінің қамқорлығына бек ризамын. Қаламыз көркейе берсін, – деп жүрекжарды лебізін айтты.
Сондай-ақ, қуанышқа кенелгендердің ішінде ІІ топ мүгедегі Өзипа Есламғалиева да болды. 72 жасқа қараған шағында қоныстойын тойлаған ол қамқорлық танытқан Ел Президенті, облыс басшыларына алғысын айтып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп ақ батасын берді.

ӘН АРҚАУЫ –
АТЫРАУ

Қала күніне орай күннің суықтығына қарамастан Қазақстан және шетел эстрада жұлдыздарының қатысуымен Исатай-Махамбет орталық алаңында ұйымдастырылған галаконцертті тамашалауға келгендер көп болды.
«Камелия», «Жұлдыз» би топтарының мың бұралған бишілері әдемі қимылдарымен сахнаны одан әрі әрлендіре түссе, Әсет Әлиев, Мерей Қабдолов, Медет Қарамырза, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова және тағы басқалар әсем дауыстарымен тамаша көңіл-күй сыйлады.
– Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихы терең, шежіресі бай шаһарымызды бүгінде әлем қазақ мұнайының астанасы ретінде таниды, – деді қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтаған қала әкімі Серік Айдарбеков. – Бүгінгі Атырау – күмбезін көк сүйген ғимараттары мен алып көпірлері сәніне салтанат қосқан әсем қала. Бүгінгі Атырау – әлемдік маңызы бар үлкен жобалардың алаңы. Бірлігі мен берекесі жарасқан ұлттар мен ұлыстардың құтты мекені. Өңірімізге әлемнің түкпір-түкпірінен қызмет бабымен, туристік мақсатпен келген азаматтар біздің бірлігіміз бен тірлігімізді үлгі етеді. Атырауды алда жаңа жетістіктер күтіп тұр. Сондықтан, Атырауды болашақтың қаласы деп бағалауға толық негіз бар. Жасампаздық шыңына бірлесіп жетеміз деп сенемін. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Бұдан кейін сөз алған қонақтар, көршілес облыс басшылары да атыраулықтарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Мерекелік галаконцертке арнайы келген Қазақстанның эстрада жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Қорған, «Метисы» тобы және шетелдік танымал әнші Дэнзел өнерлерін ортаға салып, халыққа тамаша көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара соңы отшашуға ұласты.
1992 жылы Гурьев қаласының атауы Атырау болып өзгеріп, өз тарихында тасқа басылар жаңа парақшасын ашты. Содан бері егемендікпен бірге еңсесін көтерген, қарыштап дамыған, әсем де шырайлы қалаға айналды. Бұл жетістік – тәуелсіздігіміздің арқасы, бірлігіміз мен елдігіміздің белгісі. Тарихы төртінші ғасырға кеткен Атырау қаласының күні қуаныш пен шаттыққа толы өтті. Алдағы уақытта облыс орталығы бұдан да көріктеніп, гүлдене береді деген сенімдеміз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз