Елін сүюдің ерен үлгісі

Elin s yudi eren lgisi Жаңалықтар

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегі еліміздің басынан өткерген қиын әрі сындарлы жылдары қатар өрілген тарихи кезеңдерді қамтып, тәуелсіздік орнаған дәуірдің  келбетін көрсетеді. Мемлекет басшысы өз еңбегінде қазақ елінің тарихына шолу жасай отырып, халықпен бірге еңсерген күрделі кезеңдердегі тәуекелді істер мен бастамаларды саралаумен бірге,  бүкіл атқарылған жарқын жұмыстарға  толық талдау жасайды.

Елін сүюдің ерен үлгісі

Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Өз сөзінде: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді.

Қазақстандық даму  моделінің эволюциясы

Тәуелсіздік дәуірі – Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей  жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар.

Кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды    жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген.

Бірінші және екінші жаң-ғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Ал, үшінші жаң-ғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында дамыта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.

Заманауи теорияларда мемлекет дамуының негізгі үш шарты бөліп көрсетілген: біріншіден – биік мақ­сат­тарды алға қойып, іске асыра алатын саяси лидердің болуы, екіншіден – мемлекетте сындарлы стратегиялық даму жоспарының болуы, үшіншіден – адами капитал, қызығушылығы зор әрі білік-тілігі жоғары еңбек ресурс­тары дамудың басты факторына айналады.

Ал, «Үштік шиыршық» теориясы бойынша:

1. Күшті мемлекет.

2. Да­мыған бизнес.

3. Инновациялық ғылы­ми-білім беру жүйесі.

Бұл көзделген межелерді іске асырудың негізгі тетігі болып табылады. Яғни, прогресс нарықтық әдістермен ғана жүзеге асырылмай, мұнда Елбасының мемлекеттік ерік-жігері мен ұлттың жұмылуға әзір күйі айқын-даушы күшке айналып, инновациялық ғылыми-білім беру жүйесінің міндетті түрде болуы ел табысының маңызды және міндетті шарты болады. Тарих бізге билікке құрмет бол­маған жерде сергелдең жағдай қалып­тасатынын көрсетіп отыр.

Қазақстанда 1991 жылғы желтоқсанда тәуелсіздік алған кезден бастап еліміз саяси транзит жолына түсті. Бұл ретте бізге жүрер жолымызды ешкім көрсетіп бере алмады, себебі жетер жерімізді айқындау қиынға түсті. Дегенмен, Қазақстан осы жылдар ішінде, осындай жағдайлар болса да демократия жолында байыппен жылжып келе жатыр. Қазақстанда құрылған әлеуметтік-саяси модель ТМД кеңістігінде жаңа ғасырдың сын-қатерлеріне барынша барабар модель болып шықты. Ол 1995 жылғы Конституцияда жа­зылған. Қажетті реформаларды жүзеге асыру үшін бір адамның – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бүкіл жауап­кер­шілік жүгін өз мойнына алуына тура келді. Біз тіпті жақын жатқан елдердің қазіргі тарихи тәжірибесінің өзінен әрбір тұлғаның, ел басшысының өз жолында пайда болған сын-қатерлерді еңсере алмайтынын көріп отырмыз.

Біздің бастамалар –әлемге үлгі

Осы жылдарда Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамалары әлемдік ауқымдағы негізгі жетістік болғаны анық. Оны жалпы жұрт танып, мойындап отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлемде өзінің көлемі жөнінен төртінші орындағы ядролық әлеуетке ие болды. Алайда, ол одан өз еркімен бас тартып, ядролық клуб державаларынан қауіп-сіздік кепілдігін алды. Бұл жағдай Қазақстанның әлемдік ке-ңістікке кіруіне, сондай-ақ инвестициялар тартуына кеңінен жол ашты. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып саналады.

Біріккен Ұлттар ұйымы Семей ядролық полигоны жабылған күн – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп таныды. Елімізде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен ба-йытылған уран банкінің орналастырылуы бізге деген жоғары сенімнің айғағы болып табылады.

Қазақстан Президентінің орасан зор күш-жігерінің арқасында тарихи ауқымы бар басқа миссияларды да іске асырды. Бұл, әрине Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық ету жылы, 2010 жылы осы ұйымның Астанада өткізілген саммиті, содан соң 2011 жылы республикамыздың Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі. Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндердің үш съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірнеше форумы өткізілді. Қазақстан Түркиямен бірге Ислам бітімгершілігі бастамасын іске асырып келеді. ЭКСПО өткізілгеннен кейін, 2017 жылғы 10 қыркүйекте елімізде Ғылым және технология жөніндегі Ислам Ынтымақ-  тастығы Ұйымының бірінші форумы өтті. Бұл ұйым да еліміздің 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымы елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің форумында айтылған бастамасы бойынша құрылды. Шанхай ынтымақтастығы ұйымын, Еуразиялық экономикалық одақты, Сирия жөніндегі Астана сұхбат алаңын құру Қазақстанның аса маңызды әлемдік бастамалары болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу – елдің ерекше жетістігі.

Тарихты жасаушы тұлғаларға тағзым

Сонымен қатар, қала құрылысының теңдесі жоқ ғажайып жобасы әрі әлемдік бастамалар орталығы – Астана қалыптасты. Президенттердің сіңірген еңбегін мойындау өркениетті қоғам мәдениетінің бір бөлігі болып, өз тарихыңа деген құрмет белгісін білдіреді. Оны атап өтуге деген осындай тәсілдің үлгісі ретінде, ең алдымен, заманауи мәдениет пен кемел қоғамның өнегесін танытып отырған елдер АҚШ пен Францияны атап көрсетуге болады. Мәселен, АҚШ-та Президенттер күні тойланады. Ал, Францияда тұңғыш Президент Шарль де Голльдің туған күні арнайы атап өтіледі. Сол сияқты, мысалы, Сингапурда елді аяққа тұрғызып, еңселі ел еткен бірінші Премьер-Министр Ли Куан Ю-дің өмірі мен қызметіне байланысты кезеңдер атап өтіледі. Жалпы алғанда, мемлекет тарихының дамуындағы елеулі кезеңдерге байланысты айтулы күндерді атап өту – өркениетті елдердің дәстүрі. Мұның өзі де қалыпты құбылыс, өйткені тарихты біртуар тұлғалар жасайды. Тиісінше, тарихтың маңызды даталары да осындай адамдармен байланысты болады.

2017 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ­стан Тұңғыш Президент күнін алтыншы рет атап өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толған 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз еңбегін атап өту және мойындау мақсатында бекітілген болатын. Бірінші жалпыхалықтық сайлау қо-ры­тын­дысы бойынша Нұр-сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Президент лауазымына сайланған күн – 1991 жылғы 1 желтоқсан осы мереке күнін таңдауға тарихи ал­ғышарт әрі негіз болды.

Тарих көр­сет­кендей, Мемлекет басшы­сы­ның сіңір­ген еңбегін мойындау – заңды про­цесс. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан мен оның хал­қын жаңа жеңістерге нық сеніммен бастап келеді. Сондықтан да Елбасының «Тәуел­сіздік дәуірі» деп аталатын туындысы қалың оқырманның, тұтастай халықтың жүрегіне жол тапты және ол әрбір қазақстандық оқырманның кітапха­на­сында ең маңызды кітап­тардың бірі болары анық.

Киікбай Жаулин,

Атырау инженерлік- гуманитарлық институтының

проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз