ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ КҮН

Тұңғыш Президент күні – еліміздің тарихындағы айрықша күн. Осыдан 22 жыл бұрын еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіз мемлекет атанды. Сол уақыт, расымен де, қазақ жұрты үшін аумалы-төкпелі кезең еді. Алдымыздан тек қиындықтар мен еңсеретін сынақтар ғана күтіп тұрды. 1991 жылы бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің Тұңғыш Президенті атанды.

Әрине, сол кезде тәй-тәй басқан жаңа мемлекеттің болашақ тағдырын мойынға алу оңай жауапкершілік емес еді. Дегенмен, Елбасы елі үшін жауапкершіліктен бас тартқан жоқ. Қиын болса да, қай іске де бел шеше кірісіп, елді бірлікке, елдікке шақыра отырып, жарқын болашаққа сендірді. Иә, жарқын болашақ. Елбасы өзінің дана саясатының арқасында елін әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшыратпай, дамудың өркендеу жолына үндеді. Ұлтаралық татулыққа селкеу түсірмеді.
Міне, сарабдал саясат аясында тәуелсіздігіміз ары қарай нығайып, шекарамыз бекіді, тарихымыз түгенделді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Туған ана тілімізбен, дінімізбен, ділімізбен қайта қауыштық. Конституциямыз, ұлттық рухты асқақтатар Елтаңбамыз бен Әнұранымыз қабылданып, көгімізде көк Туымыз желбіреді. Ұлттық валюта – Теңгеміз қолданысқа еніп, экономикалық қуатымыз артты. Осылайша ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, асыл армандармен биікке өрледік.
Ата Заңымыздың 1-тарауына «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет» деп жазылды. Елбасы жетекшілігімен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Шетелден инвесторлар тартылып, мұнай-газ саласы дамып, қазба байлықтарымыз игерілді. Үлкен алпауыт кәсіпорындар ашылып, ел игілігіне қызмет етті. Қазір де ол істер жалғасын тауып, ертеңгі болашаққа жоспарлы жүйелер қалыптасуда. Соның нәтижесінде, бүгінгі күні төрткүл дүние бізді керегесі кең, терезесі тең ел ретінде мойындап, өзіндік стратегиясымен санасады. Қазақстан кәрі Еуропа, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ, көрші Ресей, Қытай секілді азулы мемлекеттермен қатар тұрып, өзара келісіммен әріптестікке қол қойды.
Тағы да бір сәт, тәуелсіз ел атанып, етек-жеңімізді енді жиған өткенімізге ой жүгіртсек, одақ тарап, бұрынғы одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынас алшақтап бара жатқан шақта Тәуелсіз Мемлекеттер Достас¬ты¬ғын құру туралы бастаманы алғаш көтерген де Қазақстан Республикасының Президенті еді. Соның нәтижесінде ТМД әлемнің маңдайалды халықаралық ұйымдарына мүше болды. Ал ТМД-ның шеңберінде еркін сауда аймағын құру туралы шартқа қол қойылып, Кеден одағы құрылды. Бүгінгі заманның аса ықпалды халықаралық ұйымдары – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына еліміздің төрағалық етуі де Елбасының ерен еңбегі екені даусыз. 1991 жылы дүние жүзіндегі ең ірі Семей полигонын біржола жауып, өзге мемлекеттерді ядролық қарусыз ел болуға шақырған да – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Нәтижесінде, Лиссабон Хаттамасына қол қойылып, бұл шешім АҚШ, Еуропаның беделді елде¬рі мен БҰҰ тарапынан қолдау тапты. Бұл тұрғыда Қазақстан – әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел.
Қазіргі уақытта Н.Назарбаевтың мемлекеттің өркениетті бағытта дамуын негіздейтін стратегиялық жоспарлары мен бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асуда. «Қазақстан-2050» стратегиясы бар¬лық қазақстандықтардың өсіп-өркен¬деуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздесе, ал жыл сайынғы Жолдау алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін бағыттарды айқындап отыр.
Шыны керек, Елбасы бастамаларының жоғарғы деңгейде жүзеге асып, халықаралық қоғамдастықтардан қолдау табуы – біз үшін, ел үшін аса қуаныш. Мәселен, EXPO-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетін болып шешіліп, төрткүл дүние назарына Қазақстанның осы шараны өт¬кізу құзырын жеңіп алуы еліміздің әлем алдындағы абыройын тағы бір асқақтатты. Бұл да – Елбасының жеңісі. Сондықтан да, әлемнің саясаткерлері Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы, жаһандық бейбіт бастамалардың көшбасшысы, аса көрнекті мемлекет қайраткері деп санайды.
Рас, әлем Қазақстанды Елбасымыздың арқасында таныды, мойындады, құрметтеді. Құрметтеп те келеді. Мемлекет басшысының осындай елеулі еңбегін ескерген Қазақстан Республикасы Парламенті Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында желтоқсанның бірінші жұлдызын мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні етіп бекітті. Бұл мерекені Қазақ елі қуана қабылдады.
«Бірлік бар жерде тірлік бар». Ендеше, бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі берік, келешегі кемел болғай. Көк Туымыз биіктен ғана желбірегей. Тұңғыш Президент күні құтты болсын!

Сағынбай ТҰРҒАРИН,
облыстық Әділет департаментінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз