«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламаcының маңызы неде?

322 Жаңалықтар

Atr.kz/26-ақпан, 2019 жыл. Жастар ауылдан неге қашады? Бізді мазалайтын да осы сауал.

 Бұл мәселеде ең алдымен жұмыс орындарын көбірек ашып, ауылдың әл-аухатын көтеру керек. Бүгінде ауылда мұғалім мен дәрігерден басқа маман иесіне жұмыс жоқ. Азын-аулақ шағын кәсіпкерлік нысандары мен шаруа қожалықтары болар, бірақ, оларға да көп адам жұмысқа орналаса алмайды.

1111

Біз көтерген тақырыптың басты шешімі ретінде елімізде осыдан он жыл бұрын «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы қабылданды. Мыңдаған жас ауылдық жерлерге барып, баспаналы болып, жұмысқа орналасты. Бастапқы кезінде бес мамандықтан құралған бағдарламаның кейін аясы кеңейіп, ветеринария саласы – малдәрігерлік мамандығы қосылды.

Жастар жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы  бағдарламаға енгізілген мамандықтардың тізімін бұдан да көбейтуді ұсынып, бұрын ауылдық жерге көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артатынын айтты. «Урбанизация процесінің қарқындылығына қарамастан, ауыл жастарының үлесі әлі де жоғары – 43%. 2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 мыңнан асты. Сондықтан, Үкімет пен әкімдіктер олардың білім алу, жұмысқа орналасу, демалыс және басқа мәселелерін жүйелі шешуге күш жұмылдыруға тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы асында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек»,-деді Елбасы. 

322

Иә, мемлекет тарапынан ауылды көркейтуге, ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, Жастар жылына орай биыл қамқорлық күшейе түспек. Мұны Мемлекет басшысының жастарға қатысты айтылған жаңа бастамаларынан да аңғаруға болады.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы негізінде жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу немесе салуға бюджеттік несие түрінде қолдау көрсетіледі. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, аймақта аталған жоба аясында 2009-2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салуға 517 маманға бюджеттік несие, 1 406 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмек берілген.

«Жобаның мақсаты – ауылдық жерлерді қажетті еңбек ресурстармен, әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік өндірістер мамандарымен қамтып, кадрлық әлеуетті қалыптастыру мәселелерін шешуге жағдай жасау. Бұл тұста аймақтық жастардың білім беру және денсаулық сақтау саласы бойынша үлесі басымырақ. Өткен жылдың өзінде әлеуметтік қолдау шарасы бюджеттік несиені ұсынудың жылдық жоспары 35 маманға, ал көтерме жәрдемақы 125 маманға жоспарланды»,-дейді басқарманың бас маманы Әйгерім Құрманберлиева.

 «Дипломмен – ауылға!» жобасы 2009-2018 жылдар аралығында:
Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салуға бюджеттік несие алған мамандар саны – 517;
Біржолғы көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмек алғандар –1 406;
Оның ішінде әлеуметтік қолдау шарасын алған мамандық иелері:
Білім беру саласы бойынша – 968;
Денсаулық сақтау саласында – 361;
Мәдениет саласында – 17;
Спорт саласында – 16;
Агроөнеркәсіптік кешені бойынша – 42;

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

(Толық нұсқасы «Атырау» газетінің №15 санында)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз