Еңбек етсең ерінбей…

«Тамағы тоқтық жұмысы жоқтық...» Жаңалықтар



Республикада 2006 жылдан бері экономикалық белсенді халық саны 13 пайызға артыпты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені, жер шарының кейбір мемлекетінде тұрғындардың қартаю процесі жүріп, жұмыс жасайтын адамға зәру болып отыр. Соның салдарынан бірқатар ел сыртқы қызмет күшіне мұқтаж. Мұның соңы жергілікті жұртшылықтан гөрі шетелдік мигранттар басымдығына соқтырады.

«Тамағы тоқтық жұмысы жоқтық...»

1. Бәсекелестік – табыс бастауы

Қазақстанда қазір жұмыс-сыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Яғни, ілгергі жылдармен салыстырғанда 1,6 есе оң өзгеріс бар. Бұл – бүгінгі жаһандық дағдарыс кезінде жақсы нәтиже. Оның үстіне, осы көрсеткіш дамыған саналатын АҚШ-та – 8,7, Австралияда – 11,8, Канадада – 11,3 және Швецияда 16,4 пайыз екен. Бұдан, әрине, біз де соған ұмтылуымыз керек деген түсінік тумауы тиіс.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, белгілі бір дәрежеде елде жұмыссыздық болуы керек. Бұл еңбек нарығындағы бәсекелестікті қалыптастырады. Кәсіпорын басшысына қажет адамдарды шекесінен шертіп жүріп, таңдап алуына мүмкіндік береді. Демек, мамандардың өздері де тоқырауға ұшырамай, үнемі ізденісте болуы керектігі туындайды. Әйтпесе, күнде ілгерілеп жатқан даму процесіне ілесе алмайды. Ал, бәсекелестік болған жерде сапа да орын алады. Өйткені, іс тетігін жете білетін қызметкер өзгелерден оқ бойы озық саналады.

Әйтсе де, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат тұтқан мемлекетіміздің басты саясаты – экономиканы орнықтыру арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Стратегиялық саналатын 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы да осыны көздейді. Өткен жылы бастау алған Үшінші жаңғыру жобасы да адами капиталды барынша пайдалануға міндеттейді. Міне, осылардың бәрі жұмыссыздықты азайтуға бағытталған. Осындай оң өзгерістер нәтижесінде республикада екі миллион шамасында жаңа жұмыс орны ашылыпты. Тәп-тәуір көрсеткіш.

Бірақ, мұны да қанағат тұтуға ерте. Осы орайда алдымен, оқу орындары бір-бірінен биік тұруға ұмтылғандары жөн. Бүгінде мектеп бітірген жастардың одан әрі білімдерін жалғастырмайтыны аз-ақ. Бәрі де диплом алуға ұмтылады. Әрине, бұл да – құптарлық құбылыс. Алайда, солардың барлығы таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр ме? Айта алмас едік. Колледж директорлары кейбір дәйектерді ауыз толтырып айтқанымен, оған сенімсіздік танытамыз. Өйткені, өмірдің өзі керісінше көрсетіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтқанындай, әр оқу орны түлектерінің 60 пайызы тұрақты қызметпен қамтылатын деңгейге жетуі тиіс. Әзірге осы жетістікті де жоғары санаймыз. Өйткені, бұған дейін қолдарына қатырма қағаз алғандардың жартысы да жұмысқа орналаспағаны ғой.

Одан әрі, кейбір оқу орындары табыс табу жолында өзіне тән емес мамандықтар ашып, бала оқытады. Мәселен, ауыл шаруашылығы немесе мұнай-газ саласы мамандарына арналған колледжге кеден қызметкерлерін даярлау жараса ма? Соған лайық материалдық-техникалық базасы бар ма? Оқытушылары жеткілікті ме? Сонау жылы осында кеден басқармасын басқарған азамат «Колледж оқушыларын ұялғаннан тәжірибеден өткізіп жатырмыз, бірде-бірі маман болуға жарамайды» деген-ді. Ащы шындық.

Сонымен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар көп. Тағы да сол табыс табу амалы. Ақшасын төлесе болғаны, оқыта береді. Кейін қызметке орналаса ма, жоқ па – мұнда директордың шаруасы жоқ. Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқу орындары мен орталықтарының реестрін жасақтауды ұсынып отыр. Соған сәйкес колледждердің сапалық құрамы қалыптаспақ. Бұдан басқа қазіргі қажетті мамандықтар тізімі жасақталып, ендігі бағыт солай бұрылмақ. Әттең, көп мезгіл текке кетті. Алтын уақытын да, ата-анасының ақшасын да босқа жұмсаған жастарға обал-ақ.

Ақырында, жасыратыны жоқ, кейбір кәсіпорындарда қысқарту жүріп жатыр. Белгілі бір қызмет көлемі аяқталғанда мұндай құбылыс – қалыпты жағдай. Демек, бұл адамдарды басқа жұмысқа орналастыру керек емес пе? Міне, қысқа мерзімдік курстар осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Тек соның нәтижесі болсын деңіз. Әйтпесе, бұл бағытта бөлінген қыруар қаражат текке кетеді. Сондықтан, кәсіпорын басшыларына жұмысшыларды қайта даярлауды бірлесіп ұйымдастыру ұсынылып отыр. Яғни, жұмсалатын шығынның жартысын мекемелер төлемек. Бұл бүгінде айтылып жүрген мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік талабына да сай келеді. Ендеше, одан неге бас тартамыз?

Жалпы, көбіне ауыл жастарының жұмыссыз екендігін, соның салдарынан олардың қалаға шұбыратынын жиі айтамыз. Әрине, мұнда оларды ешкім құшақ жайып күтіп отырған жоқ. Бір кезде ата-бабасы мал баққан қазақтың ұлдары енді қолына құрық ұстай алмай ма? Әлде мұны ұят санай ма? Байлық дегеніміз төрт түлікте емес пе? Анау аяқасты болып жатқан жүн мен теріні кәдеге жаратып, қыруар қаражат таппас па? Елбасы Жолдауында айтылғанындай, село кәсіпкерлігін дамытуға алдағы үш жылда тағы да 100 млрд. теңге бөлінбек. Осы қомақты қаржыны ауылдағылар игермегенде, ол ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпек пе?

Рас, сонау уақыттағы жабайы жекешелендіру ауыл шаруашылығының шаңырағын шайқалтып кетті. Бірақ, содан бергі мерзімде ісін ұтымды ұйымдастырып, тұтас ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырғандар да бар емес пе? Мәселен, Құрманғазы атындағы кооперативтің басқарма төрағасы Сабыржан Сұлтанов әр жылды 10-12 млн. теңге табыспен қорытындылап отырғанын айтады. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде аймақтың қоғамдық өміріне араласуға да мүмкіндік табады. Жылына 120-140 млн. теңгенің өнімін өндіріп отырған шаруашылық енді көштен қалмайтыны кәміл. Міне, өңірде осындай он шақты ірі құрылым болса, бәсекелестік те тумай ма? Әрқайсысы ауыл шаруашылығы мамандарына жоғары жалақы ұсынып, өздеріне қалап алмай ма? Қазір мал дәрігерлері мен зоотехниктер жетіспейтіні жасырын емес. Аймақта мал басын асылдандыру бағытында қыруар іс күтіп тұр. Кезінде осы бағытта құрылған шаруашылықтарды сақтап қалатын қазіргі жастар емес пе?

Осы орайда ауылға бөлінген несиенің игерілмей жатқандығы жөнінде де айтылады. «Бір сөз екіншісінің қуғыншысы» дегендей, бұл бағытта да біраз оралымсыздық бар. Село еңбеккерлерінің көбі күнделікті өзгеріп жатқан заңдылықтардан бейхабар. Өздеріне бөлінген қаржыдан да, жеңілдіктерден де құралақан қалуының бір себебі де сонда. Ендеше, ауылдағы заңгерлер жәрдемдеспей ме? Тіпті, естуімізше, аудандардағы облыстық адвокаттар коллегиясының мүшелері айына бір мәрте жерлестеріне тегін кеңес беруі тиіс екен. Ендеше, осы міндетін неге орнымен орындамайды?

P.S. Сансыз сауал. Жүйелі жауабы жоқ. Содан соң жұмыссыздықты кінәлаймыз. Қазіргі нарық заңына төтеп беру үшін, қайткенде де, жастар қолынан келетін шаруаны жан-жақты меңгергені жөн. Бірнешеуін игерсе, әрине, құба-құп. Әйтпесе, біреуін-ақ бәсекелестікке сай жетік білсе, сонда да далада қалмайды. Мұнай-газ саласында толып жүрген шетелдіктер, енді қазаққа қой сауып, түйе бағуды үйретсе, одан асқан масқара болмас. Соларға бәсекелестік таныта алмасақ, бәрі бос әурешілік болғаны.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

• Республикада 2006 жылдан бері экономикалық белсенді халық саны 13 пайызға артыпты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз