Алкомаркет: Кәсіп пе, әлде қауіп пе?

alkogolnaya zavisimost Жаңалықтар

Арақ – азғындықтың бастауы. Осы әзәзіл сусынның салдарынан жыл сайын елімізде мыңдаған адам қаза тауып, отбасылар ойран болып, балалар жетім қалып қасірет тартады. Араққа жақын адамнан жақсы нәрсе көрмедік, керісінше оған құмар жанның тағдыры трагедияға айналатынына куә болып жүрміз. Маскүнемдік – бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған басты мәселе. Әйтсе де,  оны кәсіп көзіне айналдыратын адамдардың қатары көбейіп барады. Арақ сататын шағын дүкендер аз болғандай, соңғы кездері қаламызда алкомаркеттер саңырауқұлақтай  қаптап кетті.

alkogolnaya zavisimost

Аулада – арақ  дүкені

Иә, таяқ тастам жер жүрсеңіз алкомаркетке кезігесіз. Мәселен,  №24 орта мектепке жақын көп қабатты үйлердің бірінен ашылған алкомаркеттен адам үзілмейді. Мереке күндері тіптен қарбалас сәттің куәсі боласыз. Осы жердің тұрғыны Алмаш апа бұл мәселе жөнінде редакциямызға қоңырау шалған болатын. «Шыны керек тұрғын үйдің маңайынан мұндай дүкен ашылған сәтте біраз ашуға бой алдырдық. «Заң қайда? Құзырлы органдар қайда қарап отыр?» деп көрші-көлем болып мазамыз кетті. Біреудің жеке меншігіндегі дүниеге, қолымыздан еш нәрсе келмейтін болғандықтан қоя салдық. Бірақ, бұл көңіліміз жайланды деген сөз емес. Балалар білім мен тәрбие алатын мектепке жақын маңайда болғандықтан мұны дұрыс деп ойламаймын. Сыныпта тәлім-тәрбие алса да далаға шығысымен алдымен алкомаркетті көреді емес пе? Ал, бұл әлі өсіп-жетілмеген, оң-солын танып үлгермеген жас өскінге қалай әсер етеді? Бұл жайында мен ғана емес бүгінгі қоғам ойлануы керек», деді ол. Біз Алмаш апаның қобалжыған дауысынан ұрпақ болашағына деген алаңдаушылығын айқын аңғарғандай болдық. Ашуға мініп, алаңдауға жөні бар, себебі, бүгінде елімізде спирттік ішімдікке үйір жастар көбейген. Наркологтардың зерттеуіне сүйенсек, балалар 8-10 жасында қызығып, еліктеп, әуестікпен «дәмін» татып көре бастайды екен. Ал, әлеуметтік зерттеулер 13-15 жастағы ер балалардың 75, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап, шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көргенін айтады.

Қаланың жер-жерінен 24 сағат бойына арақ-шарап сататын дүкендердің көбейіп бара жатқаны – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Қазірде мұндай сауда орталықтардың саны әлеуметтік маңызды нысандардан көп болмаса аз дей алмаймыз. Елімізде кешкі сағат 21.00 соң алкогольді өнімдерді сатуға заңмен шектеу қойылған, алайда мұндай дүкендер неліктен тәулік бойына ашық тұрады?

Шектеусіз лицензия

Біз аталғанмәселеге орай қалалық кәсіпкерлік және туризм бөліміне хабарласқан болатынбыз.Мұндағы сауда қызметін реттеу және инфляция үдерістерді тежеу секторының меңгерушісі Азамат Әлібаев Салық Кодексіне 2011 жылдың 1 қаңтарында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жергілікті атқарушы органнан алкоголь өнімінің бөлшек саудасына арналған мемлекеттік лицензияны рәсімдеу және сол бағытта туындайтын шаралар құзыреті мемлекеттік кірістер органдарына жүктелгендігін айтты.

Ал, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті акциздерді әкімшілендіру бөлімінің жетекші маманы Наурызбай Қаби кәсіпкерлерге лицензия берілерде оның қандай кәсіп түрі екендігі ажыратылып жатпайтынын сөз етті.«Біз беретін лицензия бөлшек және көтерме сауда болып екіге бөлінеді. Яғни, осы екі бағытта ғана лицензия бере аламыз. Ол жерде алкомаркетке немесе басқаға деп ашып айтылмайды. Сіз айтып отырған алкомаркеттер лицензияны кафе, бар ретінде алған. Сондықтан,  тәулік бойына жұмыс жасауда. Ал, бірақ біз олардың жұмысын тексере алмаймыз. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік нысандарына барлығы 319 лицензия берілді. Бүгінде кәсіпкерлікке кедергі келтірмеу бағытында, бірқатар тексерулерге шектеу қойылды. Тек тоқсан сайын құқық қорғау органдарымен бірлесіп рейдке шығамыз. Онда да алкогольдік өнімнің контрабандалық еместігін, арнайы жүйеге енгізілген тауармен сәйкестігін анықтау мақсатында ғана», деді ол.

Иә, белгілі болғандай, кірістер департаменті салық арқылы өзіне кірісін көбейтуді, кәсіпкер жеке құлқы үшін қызмет етуді ғана ойлайды. Кәсіпкерлікті дамытуға жол ашып, арқаны кеңге жайып жүргенде, үйдей пәлеге душар болмасақ игі еді. Себебі, ісін дамытуды ғана көздеп кез келген жерден арақ-шарап дүкенін ашып жатқандар ұрпақ тәрбиесі жайында мүлде ойланбайтын тәрізді. Бізді алаңдататыны да осы. Басқасын былай қойғанда, мектеп маңайынан алкомаркет ашу мүлде ақылға қонбайтын іс. Тек №24 мектептің ғана емес Нұрсая ықшамауданында мамандандырылған техникалық гимназия мен қаланың қақ ортасындағы Абай атындағы №15 орта мектепке жақын жерден де осындай дүкендер ашылған. Сондықтан, өткен жылы алкогольді өнімдер бағасы қымбатсығанымен, ол бүгінде кім-кімге де қолжетімді болып тұр. Шымбайға батса да шындық осы. Қалай болған күнде де, мәселені реттейтін арнайы заң қабылдайтын кез жетті. Өйткені, облыс орталығында саңырауқұлақтай қаптаған «әзәзіл дүкендердің» талай қасіреттің бастауы болмасына кім кепілдік береді?

P.S. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деген. Ұлтымызда  «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген де ұлағатты сөз бар. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын құртып қоймай, шаңырағын шайқалтады, әл-қуатынан айырып, берекесін бұзады.

Әр адам бас пайдасын көбірек ойлаған тұста әлі де көп нәрсеге куә болармыз. Алайда, жеке басының құлқын емес, ұлтын, ұрпағын қатерден сақтандырып, халқына қорған болар ұлдың есімі ұлы болатынын ұмытпасақ екен.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

• Әлеуметтік зерттеулер 13-15 жастағы ер балалардың 75, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап, шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көргенін айтады.

  • Біріккен ұлттар ұйымы әлемдегі 185 мемлекеттің халқы арасында зерттеу жүргізіп, Қазақстанның арақ ішу жөнінен алдыңғы ондыққа кіріп, 8-орыннан бір-ақ шыққанын анықтаған. 
  • Еліміздегі статистикалық деректерге сүйенсек, наркологиялық орталықтарда ресми тіркелген 130 мың маскүнем бар екен.
  • Ал, қазақы менталитетімізге салып, наркологқа баруды ұят санап жүргендер саны миллионға жеткен.



Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз