ҰБТ: үміт пен күдік

hnr1Бүгін - облыста аталмыш білім сынағының соңғы күні. Мектеп қабыр-ғасындағы он бір жылдық білімдерін таразылаған мектеп бітірушілерінің арасында ұстаздардың үмітін ақтап, жүздері арайланған оқушылармен қоса, білім аламанында сүрініп, жинаған балын көргенде көздеріне жас алғандар да болды. Әзірге облыстың төрт күннің қорытындысы бойынша орташа балы көңіл көншітерліктей.

Бесінші маусым күні мектеп түлектерінің екінші легі тестілеуден өтті. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бұл күні облысқа қарасты бес ауданда, атап айтсақ, Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой, Индер және Махамбет аудандарында тестілеу сынағы өтіп, 1407 талапкер өздерінің білімдерін сынға салды. Оның ішінде 1106-сы қазақ тілінде тапсырған болатын.
Кейінгі күндері сынақ тапсырушылар ҰБТ-дің алғашқы күнінен сәл жоғары нәтиже көрсетті. Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші легінің қорытындысы бойынша облыстағы ең жоғары ұпай - 122. Мұндай нәтижеге Индер ауданындағы «Көктем» орта мектебінің түлегі Абылай Сәриев қол жеткізді.

– Тестілеу, менің ойымша, әділ өтті. Ешқандай заң бұзушылықтарды байқамадым, – дейді ол. – Комиссия да өз жұмыстарын тиянақты жүргізді. Қатаң тексеру жүргізілді. Ұялы телефондарды тұншықтыратын құралдар да орнатылыпты. Мұны да жөн деп санаймын. Өйткені, біздің ҰБТ-дегі көрсеткішіміз кейін жоғары оқу орнына түскен кезде де үлкен маңыз атқаратыны белгілі. Сондықтан, бар жинаған білімімізді әділ түрде көрсете білуіміз шарт. Тест сұрақтарына жауап беру кезінде аса қиындықтар болмады, мектеп бағдарламасында оқыған сұрақтар кездесті.
Абылай болашақта экономист мамандығын таңдап, Қазақ-британ университетіне оқуға түсуді қалап отыр. Индер аудандық білім бөліміне хабарласып, бөлімнің бас маманы Кәрім Қымбатпен жолықтық. Оның айтуынша, аудан бойынша 291 оқушы тестілеуден өтіп, соның ішінде 11 «Алтын белгіге» үміткердің төртеуі білімдерін дәлелдеген. Сондай-ақ, төрт «Үздік аттестатқа» үміткердің арасынан екеуі ғана суырылып, ұстаздар сенімін ақтапты. Аудан бойынша межелі 50 ұпайды 72 оқушы жинай алмаған екен.
Жалпы тестілеудің екінші күні он екі оқушы «Алтын белгіні» және жеті түлек «Үздік аттестатты» сәтті қорғап шықты. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенованың айтуынша, биыл аудандардың білім көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары.
Бейсенбі күні мектеп түлектерінің үшінші легі тестілеуден өтті. Бұл күні қаланың 16 мектебі мен қазақ-түрік лицейі, Жұбан Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты және облыстық ұлттық гимназияның түлектері өз білімдерін таразылады.
Жыл сайын топ жарып, білім сынақтарынан сүрінбей өтіп жүрген қазақ-түрік лицейінің «Алтын белгіге үміткер» жеті түлегінің біреуі де білімдерін ақтай алмады. Аталмыш оқу орны директорының бейімді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Гүлсара Нұрғалиева: «Мұндай көрсеткіш біздің лицейде биыл алғашқы рет болып отыр. Жыл сайынғы көрсеткішіміз жақсы еді. Ал, осы жолғы орташа балымыз 105,2-ні құрап отыр. Балалардың айтуынша, қисынсыз сұрақтар кездеспегенімен, көптеген жаңартулар орын алған. Әсіресе, математика пәнінен келген сұрақтарды шешуде еш қиындық туындамаған. Төрт түлекке «Алтын белгіге» бір балл ғана жетпей отыр. Тест қорытындысы шығарылғаннан кейін апелляциялық комиссия мүшелеріне өтініш білдірілді. Қорытынды әлі шыққан жоқ», – деді.
Айта кетсек, биыл лицейді 44 оқушы тәмамдаса, соның 21-і халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып, тестіден босатылған. Ал, үшеуі шетелдің жоғары оқу орындарына құжат тапсыруға шешім қабылдағандықтан, тестіге өз еркімен қатыспады. ҰБТ-ны бақ пен бап сараланатын сынақ деп текке айтпаса керек. Лицей бойынша 122 балды Саябек Аққалиев жинаған. Бірақ, ол «Алтын белгіге» үміткерлер қатарында емес еді.
Сондай-ақ, дәл осы күні облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназияның 53 түлегі тестілеуден өтті. – Балалар жақсы нәтиже көрсетті, – дейді гимназия директорының орынбасары Сағынғали Рамазанов. – Отыз үш бала жүзден жоғары балл жинаса, «Үздік аттестатқа» үміткер Асылым Тұяқбай 121 балл жинады. Бұл – биылғы тестілеудегі ең жоғарғы көрсеткішіміз. Үш «Алтын белгіге» және «Үздік аттестатқа» үміткеріміз өз білімдерін ақтады.
Валентина Бекжанова, ата-ана: – Менің қызым Айдана Ибатоллаева барлық пәнді жақсы тапсырып, «Алтын белгіге» білімін дәлелдеп шықты. Өзінің айтуы бойынша, 121 балл жинаған, бірақ, тест қорытындысында 115 балл көрсетіп тұр. Бұл нәтижені көргенде, алдымен, бірден сенімсіздік білдіріп, апелляцияға өтініш білдіруге ниеттендік. Алайда, кейін саралап, зерделеп қарасақ, Айдана барлық пәннен «бес» деген бағаға өтетін межелі балды артығымен жинақтаған екен. Осыған орай, апелляцияға барудан бас тарттық.
Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметінше, үш күннің қорытындысымен, облыстағы ең жоғары балл – 123. Бұл нәтижеге қол жеткізген – Атырау қаласының Балықшы кентіндегі Абай атындағы орта мектебінің түлегі Нұрбол Бектеміров. Сонымен қатар, межелі көрсеткішке жетпей қалған жүздің үстінде оқушы бар. Кеше Құрманғазы ауданы мен Жылыой ауданында мектеп түлектерінің екінші тобы тестілеуден өтті. Қатысқан балалар саны – 457.
Бүгін облыс орталығында мектеп түлектерінің соңғы легі тестілеуден өтуде. Соның ішінде Исатай ауданының түлектері де бар. Тестілеу жауабы кешке анықталады. Кеудеде үміт пен күдік ұялаған Ұлттық бірыңғай тестілеудің облыс бойынша нақты қорытындысын алдағы нөмірлерде жариялайтын боламыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз