ҰБТ: БІЛІМ СЫНАҒЫ БАСТАЛДЫ

Басты жаңалық

Айта кетсек, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі облыста жеті пунктте өтеді. Кеше Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі тестілеу пунктінде Ы.Алтынсарин атындағы №11, Ж.Қаражігітов атындағы №16, Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектептерінің, Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназияның, №17 және Ж.Досмұхамбетов атындағы мектеп-лицейлерінің, қазақ-түрік лицейінің, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназиясы және Исатай ауданының бес мектебінің түлектері тестілеуден өтті. Сонымен қатар, қызылқоғалық және мақаттық мектеп бітірушілер де өз аудан орталықтарындағы тестілеу пунктінде сынақтан өтті.
Облыстық білім беру басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы тест тапсыруға ниет білдірген 3867 түлектің 152-сі «Алтын белгіге», 81-і «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында.
Биыл ҰБТ форматында еш өзгеріс жоқ. Тестілеудің ең төменгі шекті деңгейі бұрынғы қалпында қалды – 50 балл, жалпы медицина мамандығы үшін – 55 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 70 балл. Ал, ең жоғарғы балл – 125.
Облыста ҰБТ үш күнге жоспарланған. Енді 4 маусым күні Атырау қаласы, Исатай, Жылыой, Индер, Құрманғазы, Махамбет аудандары түлектері тестілеуден өтсе, соңғы лекте 6 маусым күні оқушы санының көптігіне байланысты облыс орталығындағы, Жылыой және Құрманғазы аудандарының бірқатар мектептері түлектері білім аламанына қатыспақ.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы алдағы нөмірлерде хабарлайтын боламыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған