БАРША ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Әз-Наурыз  мейрамы  Атырау  аймағында  да ерекше  салтанатпен  атап  өтілді 

ЕЛДІК  ПЕН  БІРЛІКТІҢ  БАСТАУЫ

Берекелі бірлікті алтын қазығымыз қылып, тағы бір жаңа жылды қарсы алдық. Ұлыстың Ұлы күні ұлан-асыр той-думан өтті. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз жаңғырды. Бұл күні облыс бойынша 170 киіз үй тігілді. Облыс орталығында бес жерде Наурыз тойы атап өтілді. Оның бәрінде де ақшаңқан киіз үйлер құрылып, халыққа дәстүрлі наурыз көже мен тәтті бауырсақ таратылды.  Исатай-Махамбет алаңында «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты театрландырылған сазды бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Бір-бірін Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, көрісіп, мәре-сәре болған атыраулықтар мен қала қонақтарына облыс  әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ақ тілегін арнады.


МӘҢГІЛІК   ЕЛДІҢ 
ЖАҚСЫЛЫҒЫ  ТАУСЫЛМАСЫН!

– Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы – Әз Наурыз мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Наурыз – көктемнің, жақсылық пен ізгіліктің мерекесі. Биыл наурыз мерекесін Атырау облысы үлкен дайындықпен қарсылады. Облысымызда 170 киіз үй тігіліп, оның 70-ке жуығы Атырау қаласында тізіліп тұр. Наурыз мерекесінің мән-мағынасы – мейірімділік пен қайырымдылықта. Осыған орай, балалар, қарттар үйлерінде құттықтаулар мен қайырымдылық шаралары өткізілуде. Біздің Атырау облысында 16 этно-мәдени орталық, 9 діни конфессия, 37 діни бірлестік бар. Осының бәрі ұлттың салт-дәстүрін сақтау, еліміздің халқының бірлігін нығайтуға үлес қосуда.

Биыл кезекті Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумы Атырауда өтеді. Оған екі ел Президенттері, шекаралас облыстардың басшылары қатысады. Біз бұл үлкен шараны сәтті өткіземіз деп сенеміз. Еліміздің барлық халқының ортақ Отаны – Қазақ елі. Елбасымыз айтқандай, ұлтымыздың үлкен ұлттық идеясы –Мәңгілік ел. Татулығына сызат түскен  елдердің қандай жағдайға ұшырап отырғанын көріп отырмыз. Жылқы жылы елімізге, Атырау облысына табысты, берекелі жыл боларына сенемін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болғай! Әр отбасына бақ қонсын. Мерекелеріңізбен! – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

«Уа, ағайын! Биылғы жыл – бақты жыл, қуанышты, шатты жыл. Жақсылығы мол болар, басты байлық сол болар!» деп ортаға шыққан жұлдызшылар театрландырылған көріністің мәнін ашты. «Жылқы жылы жал-құйрығы төгілген жүйріктей Қазақ елінің атағы дүркіреп, абыройы арта түсер. Ел тыныш, ана мұңсыз, ұрпақ бақытты болар» деген жұлдызшының сөзін келесі жұлдызшы: «Бұл жылы туылған ер балалар адал, өз сөзінде тұра білетін, тәуекелшіл, елі үміт күтер атпал азамат болып өседі. Жастары ұзақ боп, дәулетті ғұмыр кешеді. Ал бұл жылы туылған қыз балалар тал шыбықтай сымбатты, тау суындай мөлдір, заты әйел болғанымен ер-азаматтармен иық теңестіре алатын қарымды келеді. Ел аналары осылардан шыққан.  Жылқы атасы Қамбар атаның киесі қолдап, халқымыздың әр перзенті құлын-тайдай көбейіп, асыл да текті болар!» – деп жақсы сөзбен жалғады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп білген халқымыз үшін осыдан артық тілек бар ма?!

Одан соң сахнаға сырнайшылар мен кернейшілер он екі жылдың иелерімен бірге шықты. Жаңа жыл келгенін хабарлап, Жылқы жылын құтты орнына отырғызды.   Көктемнің келуі де әсерлі бейнеленді. Мәңгі жастық пен жасампаздықтың, жаңарудың, сұлулықтың символы – гүл жамылған қыз-көктем сән-салтанатымен ортаға шықты. 

«Көрісу» салты мен «Аластау, жаңару» рәсімі де мазмұнды көрсетілді. Жарапазан айтылды. Жергілікті өнер шеберлері ән мен биден шашу шашты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Үлкенбаева күйден тарту ұсынды. Тайқазан ортаға әкелініп, наурыз-дәм ұсынылды. Ұлыс мейрамында, сондай-ақ, «Мәңгілік елдің жақсылығы таусылмасын» композициясы да көрсетілді. Қойылым Қыдыр атаның бата беруімен аяқталды.

– Уа, Жаратқан Ием!
Халқымды даласымен сақта.
Елімді данасымен сақта,
Сәбиді анасымен сақта,
Азаматты санасымен сақта!
Уа, халқым, бауырың бүтін болсын!
Сарқылмас құтың болсын!
Күніміз ұлысты болсын!
Жеріміз ырысты болсын! – деп ақ батасын берген Қыдыр атаға қосылып барша жұрт «Әумин!» десті.

ШАТТЫҚТЫҢ МЕКЕНІ,  БАҚЫТТЫҢ ОРДАСЫ  –  АТЫРАУ

Исатай-Махамбет алаңы бұл күні шаттық пен шарапаттың ордасына айналды. Театрландырылған көріністен басқа, бұл жерде шахматтан турнир, «Балдырған» балалар атракционы, цирк қойылымы ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар – асық ату, арқан тартыс, кір тасын көтеру, тоғызқұмалақтан сынға түсіп, жиналғандар қазақша күресте палуандарға жанкүйер болды. Сондай-ақ, әр киіз үйдің алдында ұлттық әдет-ғұрыптардан көріністер қойылды.

Алаңға облыстық әкімдік пен басқармалар, аймақтағы ірі компаниялар, аудандар құрған киіз үйлер сән берді. Біздің назарымызды Махамбет ауданының киіз үйі жанына жиналған жұртшылық аударды. Бұл жерде Алмалы ауылының тұрғыны Ринат Өтеевтің «Айсанат» наубайханасы дайындап әкелген нан-тоқаш өнімдері сатылып жатыр екен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен несие алып, кәсібін ашқан Ринат Өтеев қазір 12 ауылдасын тұрақты қызметке алған. Бір ерекшелігі, бұл наубайхана ұн өнімдерін түрік елінің технологиясымен буға пісіреді екен. Әйтеуір, халық тәтті тоқаштар мен үлпілдеген нандарды таласып алып жатты.

Қазақстан халқы ассамблеясы құрған киіз үйдің ішінде біз барған мезетте «Татулық» татар-башқұрт ансамблінің өнерпаздары той көрігін қыздырып жатты. Славян-казак бірлестігінің мүшесі Ольга Коновалова Наурыз мерекесін жыл сайын асыға күтетінін, үйінде наурыз көже дайындап, бауырсақ пісіріп, отбасылық мереке ретінде атап өтетінін айтты. Қазақша ән де салып берді.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы да мерекеге үлкен дайындықпен келіпті. «Біз мерекені мекемеде 14 наурыз күні атап өттік. Бүгін қала халқына арнап дастархан жайып отырмыз, – дейді Мұнай-газ өндіру департаментінің бөлім басшысы Тарғын Қосанов. – «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты 1700-дей ардагер бар. Мереке қарсаңында олардың бәрін де құттықтадық. Өткен жылан жылы біз үшін табысты болды. Өнім өндіру көлемін 100,6 пайызға артығымен орындадық. Биылға да үмітіміз зор».

Тұтас түркі жұртына ортақ мейрамды облыстағы шетелдік компаниялар да атаусыз қалдырмайды. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Тим Миллер биыл алтыншы рет Ұлыстың Ұлы күнін атыраулықтармен бірге қарсылап отыр. «Қазақтай қонақжай халық жоқ, – деді ол, – Наурыз мерекесі – дастархан асқа толатын, ұлттық дәстүрлер жаңғыратын ерекше мейрам. Бұл – біздің ортақ мерекеміз».

«НСРОС»  компаниясы да жаңа жылды жақсы үмітпен қарсылауды дәстүрге айналдырған. Ақ шаңқан киіз үй тігіп, өнерпаздар ән мен күйді әуелетті. Алаңға мерекені тамашалауға жиналған халық киіз үйдегі мол дастарханнан дәм татып, үлкендер бата берді.

Мереке кешке дейін жалғасты. Кешкісін Исатай-Махамбет алаңында еліміздегі эстрада жұлдыздары Индира Расылхан мен «Ринго» тобы және жергілікті әншілердің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мерекелік от шашу Атырау аспанын сан алуан түске бояды.

Ынтымақ пен ырыстың, береке мен бірліктің мейрамы осылайша шат-шадыман көңіл-күйде жоғары деңгейде аталып өтті. «Ұлыс күні айтылған тілек қабыл болады» деген сенім бар халық арасында. Алты алаштың аспаны ашық болғай!

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз