БАЛЫҚ «БАРЫМТАШЫЛАРЫ»

басынбауы  үшін  биыл олармен күрес 

өзгеше ұйымдастырылмақ

1 сәуірден бағалы бекіре тұқымдас балық түрлерін қорғау мақсатындағы «Бекіре» кең ауқымды шарасы басталады. Соған орай кеше облыстық әкімдікте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалық етуімен жиналыс өтті. Оған жергілікті прокуратура, шекара, құқық қорғау органдарының басшылары  және басқа да жауапты мекемелердің өкілдері қатынасты.

 

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиевтің айтуынша, бүгінде аталған құрылым бойынша 21 бекет жасақталған, соның 11-і – жылжымалы. Бекеттердің дені Жайық өзенінің бойында орналасқан.

– «Бекіре» шарасы басталардан бұрын жергілікті жерде аймақтық штаб құрылады. Облыстағы құқық қорғау органдары мен табиғат қорғау мекеме өкілдері кіретін құрылым жұмыстың жүйелі жүруін қадағаламақшы, – деді инспекция жетекшісі.

Табиғат байлығын қорғауда былтыр елімізде алғаш рет ауқымды жұмыстар жүзеге асты. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат Мұсапарбековтің төрағалығымен Атырауда күн құрғатпай штаб мәжілісі өткізілді, тұрақты түрде рейдтер, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Мұндай шаралар биыл да жалғасын табатын көрінеді. Дегенмен, балық қорғауда проблемалар да жоқ емес. Соның бастысы, жүзу кемелеріне қатысты. Қазіргі күні облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясында бар 14 қайықтың 8-нің қуаты 40 ат күшін құрайды. Ал, балық «барымташыларының» көпшілігі 200 ат күшінен кем емес қайықтармен жүретінін ескерсек, екі тарапты салыстырудың өзі күлкілі. «Балық қорғаушылар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін жүзеге асыруда жеке иеліктегі қуатты қайықтарды пайдаланады. Оның саны әзірге бесеу. Солардың күшімен браконьерлерге қарсы пәрменді күрес жүргіземіз» деді Мұрат Шымырғалиұлы.

Қаншалықты тегеуірінді шаралар алынғанымен, бағалы балық заңсыз ауланып, түрлі жолдармен шетке шығып жататыны рас. Мұны табиғат қорғаушылары да жоққа шығармайды. Келеңсіздікке жол бойындағы жылжымалы бекеттердің ойластырылмай қойылғаны да себепші секілді. «Мәселен, қала шетіндегі Курилкинода  көліктер тоқтатылып, тексеріледі. Алайда, браконьерлер соған дейінгі елдімекендерге еркін жетіп, балығын өткізеді. Сондықтан, біз Дамба – Пешной аралығындағы жолға науқан кезінде шектеу қоюды ұсынамыз» дейді облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері. Ал, мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қайрат Өтеулиев өткен жылғы шекарашылар мен «Ақжайық» резерваты қызметкерлерінің арасында туындаған кикілжіңді қайталамас үшін қажетті шаралар алуды ұсынса, Батыс Қазақстан аймағы бойынша әскери прокурор Жанболат Айекенов  заңдылық аясында жасалатын жұмыстарды түсіндірді.

Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев «Бекіре» шарасын жоғары деңгейде өткізу үшін тиісті шаралар алуды жауапты мекемелер басшыларына қатаң тапсырды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз