БАЛАЛАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ

оларды әлеуметтік қорғау – басты міндеттің бірі

Кешеден бастап облыста 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында қызылша ауруына қарсы қосымша иммундау шаралары басталды. Бұл жұмыстар ағымдағы айдың 28-іне дейін жалғаспақшы. Осы уақыт аралығында 28500 жасөспірім аталған ауруға қарсы екпемен қамтылмақ. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен жиында тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев хабарлады.

 

Екпенің маңызы ерекше

соңғы жылдары Франция, Германия, Румыния, Италия, Ұлыбритания, Украина, Түркия және тағы басқа елдерде қызылша ауруының өршуі байқалған. Республикамызда да қызылшамен аурушаңдық жағдайы жоғарылап отыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы үш жылда 400-ден аса жағдай тіркелген. Ал, өлкемізде өткен жылы зертханалық дәлелденген бес жағдай орын алды. 

Аталған жастағы жасөспірімдердің көбі мектеп, колледж бен университеттерде оқитын болғандықтан, екпе оқу орындары мен емханаларда жүргізіледі. Қызылша – аса қауіпті инфекциялық аурулардың бірі. Алдын алу шаралары жүргізілмесе, қауіпті асқынуларға әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, көздің көрмей қалуы, отит, энцефалит (мидың ісуіне әкелетін инфекция – ред.), пневмония сияқты тыныс алу жолдарының инфекциясы. Ал, одан қорғанудың ең тиімді шарасы – вакцинация. Сондықтан, аталған жастағы балалар толық екпемен қамтылуы қажет, – деді Амантай    Төлегенұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы былтыр аталған аурумен 371 бала ауырғанын және бұл көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары екенін айтып, аудан, қала әкімдері орынбасарларына иммундау жұмыстарын толық бақылауға алу, 28500 баланы жүз пайыз екпемен қамтуды тапсырды. 

Сәби  саулығына мән  берсек…

Жиын кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық комиссияның отырысына ұласты.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан Мырзағалиев психикалық ауытқушылығы бар, оның ішінде құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімдеу мәселесі туралы баяндады.

– Тәрбие мен білім алушылар қатарында психикасында ауытқушылығы бар балалардың саны – 1590. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. 606 бала арнаулы сыныптарда білім алады. Мінез-құлқы ауытқыған жасөспі-рімді қоғам өмірінен шектеуге болмайды. Алайда, өткен жылы Астанада №76 мектеп-лицейінің сегізінші сынып оқушылары арасында орын алған құқық бұзушылық фактісінде қылмыс жасаған жасөспірімнің психикалық ауытқушылығы бар болғаны белгілі. Оқушыға психологиялық-педагогикалық медициналық кеңес нәтижесінде «үйден оқыту» жолдамасы берілгенімен, ол  бірнеше жылдан бері жалпы білім беретін мектепте оқыған, – дей келе, Ш.Мырзағалиев осы жағдайға байланысты барлық білім беру ұйымдарында оқушылардың құжаттарына аудит өткізіліп, алдағы уақытта оқушыны бірінші сыныпқа қабылдағанда оның денсаулығына аса мән берілетінін жеткізді. 

Бұл мәселеге орай комиссия төрағасы Ш.Мұқан егер Елордада орын алған жағдай бізде де қайталанса, білім беру саласының жылдар бойғы еңбегі зая кететінін, сондықтан, оның алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. 

Жетім  көрсең,  жебей  жүр!

Комиссия отырысында қаралған екінші мәселе облыс көлеміндегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың жай-күйі болды.

Өңірде 710 кәмелетке толмаған жетім мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның ішінде, 142-сі балалар үйі мен балалар ауылында тәрбиеленуде. Білім беру басқармасының бөлім басшысы Анар Аюпованың айтуынша, өткен жылы 63 баланы қазақстандық азаматтар асырап алған. Соңғы үш жылда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны азайып келеді. Мәселен, 2012-2013 жылдары олардың саны 197 болған еді.

Атырау қаласындағы С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің директоры Сәния Мусиева 2013 жылы 17 бала қабылданса, өткен жылы тек үш бала қамқорлыққа алғанын айтады. Бұрын бұл үйде 170 бала тәрбиеленген болатын, ал, қазір мұндағы тәрбиеленушілер саны – 71.

Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Қамқорлық» деген атпен игі бастама көтеруді ұсынды.

– Қазіргі уақытта пәтер кезегінде тұрған 500-ге жуық балалар үйлерінің тәрбиеленушісі бар. Олардың кейбірі коммуналдық пәтерге қол жеткізуде. Ал, кейбірі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алып, өз ақшасын төлейді.

Балалар үйі мен балалар ауылындағы 142 баланы мекемелер қамқорлығына берген жөн. Мұндай тәжірибе Шығыс Қазақстан облысында бар. Балаларды әлеуметтік қамту үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен келісімге келген. Әр мекеме бір баланы «оқытып, тоқытып» толық өз қамқорлығына алуы керек. Мен өзімнің атымнан бір баланы өз қамқорлығыма алуға дайынмын. Облыстық білім беру басқармасына 1 наурызға дейін «Қамқорлық» бастамасының тұжырымдамасын дайындауды тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз