АУЫЛ ӘКІМІН САЙЛАУ

ayulakimdeмемлекеттік қызметке деген сенімді арттырады

Биылдан бастап елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен өткелі отырған сайлаудың басты мақсаты - халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету және өзін-өзі басқару жүйесінің тетіктерін жандандыру болып табылады. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, ел бойынша сайлау тамыздың 5-9 аралығында өтеді. Нәтижесінде ел ішінде барлығы 2457 әкім сайланады деп күтілуде.

 

Атырау қаласына қарасты селолық округ әкімдерінің сайлауы тамыздың 6-ы күні өтетін болды. Бұл туралы Қайыршақты және Геолог селолық округтерінде жергілікті қо-ғамдастықпен кеңес өткізген қала әкімі Серік Айдарбеков мәлімдеді.
Алдымен Қайыршақты селолық округінде жергілікті тұрғындармен кездескен қала әкімі мемлекеттік басқару саласындағы бұл жаңалықтың ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауына сәйкес өткізілгелі отырғандығын айтты. «Жаңа реформа сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеудегі жариялылықты арттыру, меритократия қағидаларын енгізу, яғни білімді де, білікті кадрларға мүмкіндіктер жасау мақсатында өткізіледі» деген Серік Айдарбеков сайлау нәтижесінде селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер бе-ріліп, олардың ауылдағы ахуалды жақсартуға ықпалы күшейетіндігін айтты.
Қала әкімінің айтуынша, қалалық аумақтық сайлау комиссиясы үстіміздегі жылдың 7 шілдесінен бастап жұмысын бастаған. «Бүгінде кандидаттарды ұсыну мерзімі басталды. Ауыл, село әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді осы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Сайлау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі» деген ол әкімдерді сайлау қалалық мәслихат депутаттарының құзырында екендігін айтты.
Кеңес барысында Серік Кенғанұлы Қайыршақты селолық округінің әкімі лауазымына үш үміткердің кандидатурасын ұсынды.
Бірінші кандидат осы округтің қазіргі әкімі – Шапхат Қалиев. Жоғары білімді кандидаттың зооинженерлік және заңгерлік мамандығы бар. Еңбек жолын Атырау қалалық ішкі істер бөлімінде жедел уәкілдіктен бастаған ол түрлі жауапты лауазымдарда болған. Қайыршақты әкімдігіне екінші кандидат – Сәлімжан Аманғалиев. Жоғары білімді дәрігер, Балықшыдағы туберкулез диспансерінің меңгерушісі, Доссор аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған. Бүгінде «Сәлімжан және К» ЖШС-нің директоры. Үшінші кандидат – Гүлжан Мусина. Еңбек жолын Томарлы селосындағы «Шағала» балабақшасында әдіскерліктен бастаған ол бүгінде «Жұлдыз» ықшамауданындағы №26 «Жұлдыз» балабақшасының меңгерушісі.
Одан әрі кеңес Геолог селолық округінде жалғасты. Кездесу барысында қала әкімі Серік Айдарбеков бұл округ басшылығына да үш үміткердің кандидатурасын ұсынды.
Геолог округінің іс басындағы әкімі Нұржан Жұмахановтың есімі бірінші аталды. Мұғалім, әрі заңгер мамандығын игерген ол 11 жылдан бері Геологты басқарып келеді. Екінші кандидат Сағдат Сапанов – белгілі мұғалім. Бүгінде Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің директоры болып отырған ол Қазақстан және халықаралық оқу ассоциациясының мүшесі. Ұсынылып отырған үшінші кандидат Әліпқали Сәрсенғалиев та – жоғары білімді мұғалім. Бүгінде Б.Нысанбаев атындағы орта мектепті басқарып отыр. Бастысы сол, барлық кандидаттар да өз округтеріне еңбегі сіңген, жергілікті азаматтар.
Қала әкімі Серік Айдарбековтің айтуынша, екі күн ішінде 9 округ бойынша кездесу аяқталып, 27 үміткердің кандидатурасы ұсынылған. «Дауыс беру заңдылығы бойынша әкімдерді қалалық мәслихат депутаттары сайлайды. Бастысы, халықпен жақын жұмыс жасайтын кандидаттар таңдалды деп ойлаймын» деген ол реформаның мемлекеттік қызмет саласына жаңа леп әкелетіндігін де айтты.
Осы жерде айта кеткен жөн, әкім болудан үміткер азаматтарға қойылатын талаптарға міндетті түрде жоғары білімі бар және жасы 25-ке жеткен тұлға болуы қажеттігі енгізіліп отыр. Бұған дейін ауыл әкімдерін тағайындауда жас пен білім туралы міндетті параметрлер болмаған еді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз