«АУҒАНДЫҚТАР» ОТБАСЫ ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекеттік атаулы көмектерден бөлек, мұнайлы өлкеде тұратын Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне де әруақыт қамқорлық жасалуда. Аймақ басшылығының ұйытқы болуымен өңіріміздегі компаниялар осындай жандарға демеушілік көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында кеше облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен мекеме өкілдері Меморандумға қол қойды. 

– Қасиетті Рамазан айында Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне, жанұясына көмек көрсетуге бірқатар кәсіпкерлерге ұсыныс жасаған едік. Сөйтіп, әр мекемеге бір отбасыдан бекіттік. Кейбір компаниялар біздің сөзімізді бірден құп алып қолдай жөнелді. Біз оларға алғысымызды білдіреміз,-деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сондай-ақ, Шыңғыс Мұқан өңірімізде соғыс ардагерлеріне қамқорлық жүйелі түрде жүргізіліп келгендігін атап айтты. Ол үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаражат та бөлініп келеді. Бүгінгі күні облыс бойынша 500-ден астам Ауған соғысының ардагері болса, солардың әрбіріне ай сайын көмек ретінде коммуналдық қызметтерге 3158 теңге көлемінде өтемақы төленіпті. Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тапсырмасымен қыркүйек айынан бастап оның мөлшері 10 мың теңгеге өсірілетіні белгілі болды. Оған жергілікті бюджеттен қосымша 12,2 млн.теңге қаржы бөлініп отыр.
Бұдан басқа Ауған соғысы ардагерлері қоғамының өтінішімен қан майданнан елге келіп қайтыс болған жауынгерлердің аз қамтылған жесірлерін әлеуметтік қолдауға компанияларға өтініш жасалған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде алты компания алты жанұяға демеушілік көмектерін көрсетуге ниет білдірген. Осылайша, Меморандумға «Нефтестройсервис», «Сенімді құрылыс», «Алем групп Қазақстан», «Enertech», «Тойес», «Рина Сервисес Эс-пи-Эй» ЖШС-лерінің өкілдері қол қойып, өздеріне белгіленген отбасыларға жәрдемдесіп тұратындықтарын жеткізді. Өз кезегінде Ауғанстан ардагерлерінің жесірлері Одағының төрайымы Ұлдай Дагарова қамқорлыққа ие болғандар атынан сөз алып, облыс басшылығына, компания өкілдеріне ризашылығын білдірді:
– Олар ауған жеріндегі сұрапыл соғыстан аман-есен оралып, балаларының қызығын енді көремін дегенде өмірден өтіп кетті. Ораза айында бізге осындай қамқорлық танытқандарды жауынгер-интернационалистердің рухы желеп-жебей жүрсін,-деді ол.
Осыған дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқан ұйым жетекшісі енді Атырауда жауынгерлерге арнап ескерткіш-тақта қойылса екен дейді:
– Облыста 47 Ауған соғысы ардагерінің жесірі болса, оның 24-і қалада тұрады. Біз балаларының жасына, санына, қаражаттың мүмкіндігіне қарай қолқабысымызды көрсетіп тұрамыз. Кейінгі ұрпаққа дәріптейтін ескерткіш тұрғызылғанын қалаймыз,-деп жалғастырды сөзін Ұлдай Мұқымқызы.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш құрылысы биыл тұрып қалғандығын, аймақ басшысының бақылауымен келесі жылы аяқталатынын айтты.

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз