АСЫЛ АНА, ЖАУЛЫҒЫ ЖЕЛБІРЕГЕН…

Кеше облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов өңірге танымал әзіз әжелерді, ару-аналарды, сан салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады.

Өткен жылы облысымызда 16,8 мыңдай дүниеге келген сәбидің 154-і – егіздер, алтауы үшемдер екен. Демографиялық өсім бойынша республикада алдыңғы орындамыз. «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған он мыңға жуық ана бар.

Облыс әкімінің көктем мерекесі қарсаңында өткізген бұл шарасында еңбек ардагері Меллят Сабырова, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Фронтовичка» клубының жетекшісі Анна Захарова, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенова, исатайлық шаруагер Айнагүл Ақтаева, Индер ауданындағы «Райхан» балабақшасының меңгерушісі Светлана Жанғали, Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы Толқын Бейісқали және басқалар сөз алып, салтанатты басқосуға сыйлы қонақ ретінде шақырғаны үшін, мереке қарсаңында құрмет көрсеткені үшін облыс әкіміне барша нәзікжандылар атынан алғыстарын білдірді.

Мерекелік шараның тағы бір мәртебелі мейманы – жылыойлық Қалыш Мейірманова. Ол – былтырғы жылы өткен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық деңгейінің жеңімпазы атанып, республикалық кезеңге жолдама алған үлгілі әулеттің отанасы. Өмірге төрт бала әкелген әжеміз «әйел заты үшін ең басты бақыт – ұрпақ өсіру» дейді. Бешімовтердің мұнайшылар әулетін бүгінде немерелері жалғастырып жатқандығын, былтыр Елбасымен кездесіп, сый-құрмет көргендігін мақтанышпен айтты.

Мерекелік жиынға келгендердің көңіл-күйлері көтеріңкі. Бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін білдірісіп жатты. Оларға үйдегі, түздегі еңбектері сараланып, жылы лебіздер жауған жайдары сәтте облыс әкімі атынан ескерткіш сыйлықтар ұсынылып, құшақтары гүлге толды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген

Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз