ӘСКЕРІ МЫҚТЫ ЕЛ АЙБЫНДЫ

Отан қорғаушылар күнін атыраулықтар Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында Астанада өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери шеруін онлайн көрсетілімі арқылы тамашалаудан бастады. Шараға қатысқан майдангерлер, еңбек ардагерлері, сала қызметкерлері мен мемлекеттік орындардың басшылары, жалпы жұртшылық әскери қуатымызға, жауынгерлеріміздің шеберлігіне куә болды. Елбасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.

 

Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған орасан зор әскери шеру биыл ерекше ұйымдастырылып отыр. Ел тарихындағы ең ауқымды шеруге 4747 адам, 227 әскери техника, 70 әскери әуе техникасы және 24 шеру тобы қатынасты. Оның көрсетілімін қазақстандықтар республикалық телеарналардың тікелей эфирінен, сондай-ақ барлық облыстардағы орталық алаңдарда орнатылған LED-экрандар арқылы көрген болатын. Атырауда осыған орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнайлы мекен халқын айтулы мерекемен құттықтады.

 – Аз ғана уақыттың ішінде Қазақ елі көршілес мемлекеттермен терезесі тең, әскери күші мықты, саясаты мызғымас мемлекетке айналды. Осының бәрі – Елбасының салиқалы саясатының, еліміздің тыныштығының, халқымыздың бірлігінің арқасында қол жетіп отырған жетістік.  Бар өмірін әскери іске арнап, күні-түні елін, жерін қорғап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген жауынгерлердің де еңбегі зор. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деген аймақ басшысы саланың үздік өкілдеріне Алғыс хат пен естелік сыйлықтар  табыс  етті.

Олардың қатарында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасы штабының бастығы, полковник Ризат Қолпашев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ерболат Шерімбетов, «Батыс» аймағының әскери прокуроры, әділет полковнигі Жанболат Аекенов және басқалары бар.

Мерекелік шара облыс көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Н.Жантөрин атындағы филармония жанынан құрылған камералық ансамбль, «Інжу-Маржан», «Шынар-ай», «Жігіттер» би топтары өнер көрсетті. Салтанаттың сәнін келтіріп, «Хиуаз» квартеті, Бақытбек Ерсін, Қуандық Нұғымаровтар ән шырқады. Арнайы мейман ретінде шақырылған Ресейдің халық әртісі Леонид Сметанников те шараның көркін келтірді. 

Кеш соңында сахнада өнер көрсеткен барлық көркемөнерпаздарға аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан ықылас гүлі табысталды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз