АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

сондай сәтте ерекше көзге түскендер марапатталды

Үстіміздегі жылдың 19 сәуір күні Алматыдан Атырауға бағыт алған жолаушылар пойызының Қызылқоға ауданының аумағында апатқа ұшырап, төтенше жағдай орын алғаны белгілі. «Апат айтып келмейді», десек те, сол бір қысылтаяң шақта бірлік пен ауызбіршіліктің, адамгершіліктің арқасында адам шығыны орын алмаған-ды.
Кеше осы оқиғаның ортасында болып, пойыз жолаушыларына жәрдем көрсеткен, апат болған жердегі жұмыстарды шұғыл ұйымдастырған бір топ азаматқа Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты мен өзге де марапаттар табыс етілді.

«Осындай қиын сәтте жергілікті мемлекеттік органдар мен өңірімізде қызмет ететін кәсіпорындар бірлесе тізе қосып, шығарып, апатты жұмыла жоюға атсалысты. Міне, бүгін тығырықтан шығар жол тауып, жолаушыларды құтқаруда біліктіліктері мен шеберліктерін аямаған бір топ азаматпен кездесіп отырмыз» деген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов шара қатынасушыларының осы оқиға барысындағы істері көпке үлгі болғандығын айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Болатбек Омаров жолаушылар пойызы аударылған сәттен кейін алғашқы болып қол ұшын созғандардың қатарында сол аймақтағы мұнай кәсіпшіліктерінің қызметкерлері, аудандық аурухана ұжымының болғандығын айта келіп, дер кезінде қолдау білдіріп, қажетті көмек түрлерін ұсынған жауапты лауазым иелеріне алғыс білдірді.
Шара барысында аймақ басшысы Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын табыстады. Бұл құрметке облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Марат Құрманов, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ның Атырау филиалы директоры Бөріхан Беркімбаев, «Ақ Жайық» стансасының қалпына келтіру пойызының басшысы Жамбыл Төлегенов, Мақат ауданының прокуроры Аршат Тайтуллин және Қызылқоға ауданының прокуроры Есенбек Біләлов ие болды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің арнайы бұйрығына сәйкес «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен Мақат ауданының әкімі Ерболат Омаровты, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі №2016 әскери бөлімінің жөндеу ротасының техника жөндеу бойынша бөлімшесінің моторисі, ефрейтор Жасұлан Райымбековті, осы құрылымның комендаттық ротасы 2 атқыштар бөлімшесінің аға атқышы, кіші сержант Азамат Бимұқашевты марапаттады.
Бір топ марапат иелері атынан сөз алған «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ның Атырау филиалы директоры Бөріхан Беркімбаев құрылғанына 110 жыл толып отырған теміржол саласының жергілікті билік тарапынан әрдайым қолдау көріп отырғандығын айта келіп, осының айғағы ретінде қазіргі таңда жолаушылар вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатқандығына тоқталды. Сонымен қатар, ол аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке «Қазақстан темір жолына – 110 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Сол апатты жағдайда пойыз жолаушылары қатарында болған жас сарбаздар да көппен бірге құтқару жұмысына белсене атсалысқан болатын. Бұл күні олар да атаусыз қалмады. Өзге салалық құрылым қызметкерлерімен қоса, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі №2016 әскери бөлімінің қатардағы бір топ жауынгері «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
«Біз бұл ісімізді ерлікке баламаймыз, ол – біздің азаматтық борышымыз» деген өрімдей жастардың өнегелі ісін қолдаған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Дүйсекенов сарбаздарға алғыс білдірді.
Марапаттау рәсімін қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жарты жылда жеткен жетістіктерімізді айта келе, қыркүйек айында өтетін бірлескен форум аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардан да хабардар етті. «Қазіргі таңда қала жолдары жөндеуден өтіп, жол жиектері жаңартылуда. Атырау үшін ғана емес, тұтастай Қазақстан үшін маңызды саналатын басқосудың өз деңгейінде өтуі үшін бірнеше маңызды жобалар жоспарланып, жүргізілуде» деген ол, жиылған шара қонақтары мен сала басшыларын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз