АЛАШ СҮЙГЕН АҚЫННЫҢ АҚЫРҒЫ САПАРЫ

Қазақ  елі  Халық  жазушысы  Фариза  Оңғарсынованы

мәңгілік  мекеніне  шығарып  салды

Қазақ қайталанбас ақындарының тағы бірін қара жер қойнына тапсырды. Қасіреттен қара жамылған елдің есебінде де шек болған жоқ. Ақын қызын ақтық сапарға аттандыру үшін жиылған жұрттың жанарында қимастық жатқаны анық аңғарылып тұрды. Бай мен кедейді, жас пен кәріні бөліп-жармайтын өлімнің кезегі қаламға сүйеніп өткен қазақтың қаршадай қызы Фариза Оңғарсынқызына жеткенде қабырғасы қайыспаған ел қалмады...

 Кеше елордамыздағы «Көрме» залында қара өлеңнің падишасы болған, көптеген кітаптың авторы, шетелдік бірнеше шығарманы төл тілімізде сөйлеткен аудармашы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қызмет атқарған қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы әрі халық ақыны Фариза Оңғарсынованы соңғы сапарға шығарып салу рәсімі болып өтті. Ел сүйген ақынын ақтық сапарға шығарып салуға ҚР Премьер-министрі С.Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин, ҚР министрлері мен ведомстволары басшылары келді. Ол жерде ақынның шаңырағына ғана емес, қарақұрым халыққа қайғырып көңіл айта келген билік өкілдерінен бастап, жас ізбасарларына дейін жүрді.

Жиын басында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ақын шаңырағына жолдаған көңіл айту хатын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді. Хатта: «Халқымыздың аяулы да ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Фариза Оңғарсынқызы ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі еді. Оның қаламынан туындаған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан-жүрегін еріксіз баурап алатын. Ақын өлеңдерінен оның өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны таң қаларлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талап тегеуріні айқын сезіліп тұратын. Сондықтан да, Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист, көрнекті қайраткер қызын ерекше қадірледі. Оның еңбектері тәуелсіз еліміздің жоғары дәрежелі наградаларымен атап өтілді. Халқымыздың өзіне көрсеткен зор сенімінің арқасында ол ел Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ақынның есімі ұмытылмайды, оның шығармалары әрдайым халқымызбен бірге жасай береді деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болғай!» делінген.

Содан кейін жерлесі әрі жақын інілерінің бірі, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүрекжарды көңілінен шыққан сөзін арнады.

Ақындығы мен азаматтығы ұштасқан, алты алаштың Фаризасына айналған қайраткерді ақтық сапарға шығарып салуға еліміздің барлық облысынан дерлік делегациялар келді. Соның ішінде ақынның туған жері Атырау облысынан аймақ басшысының қолдауымен жүзге жуық Фариза Оңғарсынқызының туыстары мен зиялы қауым өкілдері барды. Қаралы жиында ақынның ағайындары мен жерлестері атынан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөйледі.  

– Ақын апаның, қайраткер апаның тәрбиесін көрген көп інілерінің атынан сөйлегелі тұрмын, – деп бастады сөзін Атырау облысының әкімі     Бақтықожа Ізмұхамбетов.  –     Фариза апаның дүниеден өткені жайындағы жайсыз хабар бүкіл атыраулықтардың да қабырғасын қайыстырды. Осынау қаралы жиынға, ақиық ақынды ақырғы сапарға шығарып салуға Атырау аймағының әр түкпірінен біраз адам арнайы келді. Қазақтың ұлы ақыны Фариза Оңғарсынқызының адамгершілігі мол болмысы мен жарқын бейнесі, пішімі бөлек қуатты поэзиясы халық жадында мәңгілік жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін болады.

Сондай-ақ, қаралы жиында Әбіш Кекілбаев, Кенжеғали Сағадиев, Қуаныш Сұлтанов, Татьяна Фроловская, Нұрлан Оразалиндер де Фариза Оңғарсынқызының өткен өміріндегі өнегелі тұстарды ұзақ әңгімелеп, ақынның отбасына көңіл білдірді.

Ал Серік Тұрғынбекұлы ақынға арнаған өз  өлеңін көпшіліктің көзінше оқып беріп, жүректерді бір тебірентіп өтті.

«Айта алмай бір-біріне ақыл құрап,

Қамығып қайран елің жатыр жылап.

Өледі бұл дүниеде адам ғана,

Өлмейді ешқашан да ақын бірақ!» – деп, ол елдің көкейіндегісін дөп басты.

Иә, «өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмей-тұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, өшпес жырлары барда Фариза апамыздың аты жадымыздан ешқашан шықпақ емес. Қайғыдан қабырғасы қайысқан ел де сүйікті ақынын соңғы сапарға қимастықпен аттандырды. Міне, осылайша қазақтың қаршадай қызы қалың жұртының құшағынан суырылып бара жатты…

***

Фариза Оңғарсынова Астанадағы Ұлттық Пантеонға жерленді.   Ұлттық Пантеон – Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекеттік қайраткерлеріне арналған зират. 2013 жылдың қазанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ұлттық Пантеонға алғашқы болып белгілі саяси қайраткер Орал Мұхамеджанов жерленген болатын.

Нурислам ҚҰСПАНҒАЛИ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз