АЙМАҚТЫҢ ӨРКЕНДЕУІ АУДАНДАРДАН БАСТАЛАДЫ

қарт  ембінің  қайта  түлеуі

Кеше аудан әкімдерінің есеп беру жиналысы Жылыой өңірінде жалғасты. Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов ауданға сапарында әлеуметтік нысандарға назар аударып, таяуда ғана пайдалануға берілген 624 орындық №8 орта мектепте болып,  білім ордасын аралап көріп, ұстаздармен әңгімелесті.

Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бұл мектептің базасы оқу, технологиялық құралдармен толықтай жабдықталған. Лингофондық-мультимедиалық кабинеттер, асхана, зәулім акт және спорт залдары шәкірттер игілігінде. Бастауыш сыныптарда оқитын оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған.

 

Жас ұрпақ игілігі үшін жүзеге асып жатқан жақсы жобаның нәтижесіне куә болған облыс әкімі ауданның актив жиналысына қатысты. Аудан әкімі Мақсым Ізбасов өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттері туралы тұрғындар алдында есеп берді.

Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 41 млрд. 666 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артты.

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша «Ағымдағы жайластыруды және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін» 428,0 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді.

Майкөмген селосында дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталса, ал Құлсары қаласындағы ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана және 280 орындық балабақша құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды. Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2015 жылы әрқайсысы 280 орындықтан екі балабақша құрылысы салынады деп күтілуде.

ТШО ЖШС «Игілік» бағдарламасымен «Құлсары қаласында сумен жабдықтау нысандарын жаңғырту» жобасына сәйкес су құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталуда және биылғы жылға осы жоба аясында қосымша 6 шақырым су құбырларын жүргізуге сұраныс берілді.

Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, 2013 жылы: несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға – 35,1 млн. теңге, шағын несие беруге – 126,0 млн. теңге, кәсіпкерлікке оқытуға – 1,4 млн. теңге, жаңа өндірістерді ашу үшін гранттар беруге 6,0 млн. теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылығы бойынша малды асылдандыру жұмыстарымен «Жаңа таң» серіктестігі және «Достан Ата» шаруа қожалығы мақсатты айналысып келеді.

Үстіміздегі жылы Теңіз кешенінің Болашақ кеңею жобасы жұмыстарының басталуы күтілуде. ТШО ЖШС басшылығымен жасалған келісім бойынша осы жоба жұмыстарына жұмыссыз аудан тұрғындарын орналастыру шешімін табатынына сенім бар.

«Теңізшевройл» ЖШС-мен келіссөз жүргізіліп, демеушілік көмекпен аудандық орталық ауруханаға арнайы жабдықталған  реаномобиль алынды және ағымдағы жылы қосымша төрт жедел жәрдем көлігін алуға келісілді.

Аудан әкімі есебінен соң бірінші болып жарыссөзге аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов шығып, депутаттар корпусы атынан халық аманатынан туындаған бес бірдей ұсынысын алға тартты. Бірінші – апатты жағдайда деп танылып, бүгінде мектептерді сағалап кеткен өнер мектебіне баспана табу. Екінші – Моноқалаларды  дамыту бағдарламасы бойынша 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес Құлсарыда үш жылда 33 шақырым автокөлік жолын салу қарастырылған, алайда, 2013-2014 жылға 8 шақырым жолға ғана қаржы қаралған. Тым қысқа мерзімде қалған 25 шақырым жолды бітіру тығырыққа тіреліп тұр. Оның жалғыз амалы – бөлінетін қаражатты көбейту. Үшінші – Құлсары қаласында бір типтік спорт кешені бар. Ол, әрине, жеткіліксіз. Ал, жер телімі орталықтан бөлініп тұр. Қазіргі заманға сай спорт кешенін салуға қаражат қарастырылса… Төртінші – Жаңа Қаратон поселкесіндегі ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы бойынша салынатын балабақшаның орны тегістеліп, айналасы қоршалып, бастапқы жұмыстары басталғанмен, көптен тоқтап тұр. Құрылыс жалғасын тауып жатса игі…Бесінші – 2011 жылы қолға алынған канализациялық-тазарту құрылғысы (КОС) құрылысы аяқталмай қалды, осы мәселенің де биылғы жылы шешімі табылса жөн болар еді.

Ардагерлер Құсайын Қазбенов Қосшағылға кіреберіс жолды жөндеуге, тұрғызбалық Ізімғали Сүйесінов жайылымдық жерлер мен шабындықтарға көктемде су шығуы үшін Жем бойына шлюздер орнатуға, Наурызбай Төлеуов Қосшағылда  балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын бастау үшін қаражат көзін қарастыруға, жас мұғалім Алуа Тілеубергенова Абай атындағы орта мектепке қосымша ғимарат салуға ықпал етуді сұрады.

Дайындаған Қаржау ОРАЗБАЕВ, меншікті тілшіміз, Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз