«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының артықшылығы неде?

EAC5516 Жаңалықтар

Елімізде «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың қатары көбеюде. Осы кезге дейін жалпы көлемі 57 млрд. теңгені құрайтын 4831 өтініш қабылданған. Бұл қаражаттың 37 млрд. теңгесі тұрғындарға баспана алуға несие ретінде беріліпті. Дегенмен, аумақтарда жаңа тұрғын үй құрылысының аздығынан проблемалар туындауда. Бұл мәселе Атырауда қалай шешілуде? Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев пен «Баспана» ипотекалық компаниясы» АҚ батыс өңірі бойынша өкілі Гүлнар Дабылова қатысқан жиында осы жайында әңгіме болды.

????????????????????????????????????

Елбасы Жолдауында көрініс тапқан «7-20-25» жобасының басқа тұрғын үй бағдарламаларынан артықшылығы көп. Мұнда халыққа ипотекалық несие алудың тиімді ережелері ұсынылып отыр. «Баспана» ипотекалық ұйымының аймақтық өкілі Гүлнар Дабылованың айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың алғашқы жарнасын арзандатуға маңыз берілуде. Осы мақсатта жаңа жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары ұсынылады. Оның нақты тізімін жергілікті әкімшілік жасақтайды.

– Президенттің тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында берген тапсырмасына орай бағдарламаға толықтыру енгізілуде. Соған сәйкес, «Баспана» ипотекалық ұйымы әкімдіктерге 150 миллиард теңге қаражат бөлуді жоспарлауда. Аймақтардың 6 млрд. теңгеге дейін қаржы алуына мүмкіндігі бар, – деді «Баспана» ипотекалық компаниясы» АҚ батыс өңірі бойынша өкілі Гүлнар Дабылова.

Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында үйдің ең жоғары бағасы 25 миллион, басқа өңірлерде 15 миллион теңге болып бекіді. Қазір бағдарлама бойынша өтінімдерді «ЦентрКредит», «Цеснабанк», «Халық банкі», «RВК», «Еуразиялық Банк», «Форте Банк», «АТФ» банктері қабылдап жатыр. Қаржыгерлер атыраулықтардың бағдарламаға қатысуға ынтасы ерекше екендігін айтады. Облыс бойынша 149 өтініш түсіп, нәтижесінде 1 млрд. 200 млн. теңге болатын 98 өтініш қабылданған. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жетілдіруді қажет етеді.

–Аймақта мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында нақты жұмыстар жасалуда. Осы жобаны жүзеге асыру бағытында облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бірыңғай оператор ретінде белгіленді, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев.

Жұртшылықтың тұрғын үйге сұранысын қамтуда тың бастамалар қолға алынуда. Бұрын «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар тек жаңа үйлерді таңдауға мәжбүр еді. Бұл кейбіреулер үшін тұрғылықты жерінен алыс болғандығы себепті ыңғайсыз жағдай туғызатын. Енді бұрын қолданыста болған пәтерлерді сатып алуға да мүмкіндік берілуде. Осы бағытта «Баспана хит» бағдарламасы жасақталып отыр. Мұнда несиенің пайызы 11-ді, берілу мерзімі 15 жылды құрайды. Жұртшылықтың төлем қабілетіне қатысты мәселе де айтылмай қалмады. Тұрғындар шағын несие алып, кейін оны уақытында төлей алмағандықтан, бұл қаржылық тұрақтылығына әсер етіп, бағдарламаға қатыса алмай қалады. Жобаға жауаптылар «қаржының қайтарымы болатындықтан, банктердің талаптарына түсіністікпен қарау қажет» дейді.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың пікірінше, Атырауда тұрғын үй секторын дамыту үшін 3892 пәтерлік 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2196 пәтерлік 34 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Одан өзге, он құрылыс компаниясы 986 пәтерді пайдалануға береді. Осылайша, биыл Атырауда 3200 шаршы метр тұрғын үй тапсырылады.

Қорыта айтқанда, жаңа бағдарлама үй алуға үлкен мүмкіндік береді. Тұрғын үй несиелеу жобасының ерекшелігі, сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызды құрайды. Бастапқы жарнасы – 20 пайыз. Қарыздың мерзімі 25 жылға дейін есептелген. Алдағы екі жылда елімізде 15 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланса, соның барлығы осы жоба ауқымында тұрғындарға ұсынылады.

Азамат БАЗАРБАЕВ,

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз