ЗАРДАБЫ ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ЗАУАЛ

Тарихи деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Қарулы Күштері мен Еңбек Армиясының сапында 1 млн. 870 мың қазақстандық болған.

 

Соғыс басталған сәтте еліміздің батыс шебін күзеткендердің қатарында да республикамыздан ондаған мың азамат болған еді. Соның ішінде, атақты Брест гарнизонында (қамал деп аталады) 1941 жылдың көктемінде үш мыңдай жерлесіміз қызмет еткен. Сол жылдың шілде айында олар елдеріне қайтарылуы тиіс болғанымен, соғыстың басталып кетуімен байланысты сонда қалдырылды. Қасық қандары қалғанша қамалды жаудан қорғап қалуға әрекеттенді. Әйтсе де, басынан бақайшағына дейін қаруланған басқыншылардың тегеурініне төтеп бере алмаған сарбаздардың дені сол жерде шейіт болды. Тірі қалған санаулылары партизандар қозғалысына қосылды.

Отты жылдардағы жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық жоғары марапаттарға ие болса, 500-дейі Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астамы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Зұлым жауды өз ұясында талқандап, Берлиндегі Рейхстагқа алғашқылар қатарында Ту тіккен де қазақ жігіті екенін білеміз. Әскерге шебер қолбасшылық жасап, сарбаздарды жеңіске бастаған, партизан құрамаларын басқарып, шешуші шайқастарда жаудың ойламаған жерден ойсырата жеңілуіне себепші болған майдангерлердің қатарында да есімдерін елі мақтаныш етер, ұрпақтары ұмытпайтын қандастарымыздың болғанын айтқанымыз ләзім.

Тағы да тарихи деректерге жүгінсек, соғыста 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан. Тұтастай Кеңес Одағы бойынша алғанда, бұл сұрапылда 27 млн.адамның өмірі қиылған. Одан бөлек, 1170 қала мен 70 мың село (деревня), 31850 өнеркәсіп кәсіпорны, жалпы ұзындығы 65 мың шақырым темір жол, 4100 темір жол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі және өзге де байланыс бекеттері жермен-жексен етіліп, қиратылған. Мұның сыртында, 40 мыңдай аурухана мен басқа да емдеу-сауықтыру мекемесі, 74 мың мектеп пен арнаулы орта, жоғары оқу орындары ғылыми-зерттеу институттары, 42 мың кітапхана, басқа да мәдениет ошақтары жойылып жіберілген.

Осыған қарап, 1418 күн мен түнге немесе төрт жылға жуық мезгілге созылған сұм соғыстың адамзат баласы үшін зардабы ешқашан ұмытылмайтын зауалға айналғанын аңғарамыз.

Айгүл АЖМАГИНОВА,

Атырау энергетика  және

құрылыс  колледжінің оқытушысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз