ТЫЛДАҒЫ ТІРЛІК

Еліміздің батысындағыдай күнде бомба жарылып, оқ ысқырып жатпағанымен, тылдағы тірлік те соғыстағыдан кем болған жоқ. «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен жігерленген жұрт күнді түнге, түнді таңға ұластырып жұмыс жасады. Еңкейген кәріден  еңбектеген балаға дейін тыным таппады. Оны көзімен көргендер ғана айта алады. Солардың бірі – қазір Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұратын, бүгінде тоқсан жастың тізгініне жармасқан қадірменді қарт Қата Қабдрахманов.

Соғыстың нағыз қызып тұрған шағында, 1943 жылдың сәуірінде аудандық азық-түлік және шикізат дайындау басқармасында бөлім меңгерушісі ретінде еңбек жолын бастаған Қатаға бірден жауапты міндет жүктелді. Әрине, бейбіт күнде мұндай қызметті кәнігі мамандар ғана атқарған болар еді. Бірақ, сақа жігіттердің дені майданға аттанған соң, олардың орнын бозбалалар басуға тура келді.

Ал, есепшінің қызметі қандай еді? Өткен ғасырда Кеңес елінде ұжымшарлар мен жеке адамдар мемлекетке міндетті түрде ет пен сүт, мал майы, тері мен жүн тапсыратын. Сол, қателеспесек, алпысыншы жылдарға дейін созылды. Өйткені, шет- жағасын өзіміз де көрдік.

Сонымен, мұндай салық әр ұжымшарға жер көлеміне қарай салынды. Тиісті жоспар бекітілді. Соның мүлтіксіз орындалуын қадағалау – есепшінің міндеті. Бұдан басқа, жеке адамдардан 60 кг ет, бір сиырға 7 кило 600 грамм май, қолында қой-ешкісі барлардан екі тері алынды. Мұндай салық бұрын да бар болатын. Ал, соғыс жылдары оның көлемі екі есе өсті. Соның бәрі майданға аттандырылды. Оның үстіне, «Қызыл әскер» қоры құрылды. Оған ұжымшарлар қосымша салық жинады. Айтпақшы, сиыр сүтінен ірімшік дайындалды. Ол да әскер қажетіне жұмсалды. Қысқасы, ұрыстағы жауынгерлердің барлық сұранысы тылдағы еңбеккерлердің қажырлы еңбегі арқылы өтелді ғой.

Әрине, ауыр кез еді. Ауыл тірлігі соған дейін де түзеліп кете қоймаған. Оның үстіне, малы жоқ ұжымшар мүшелері де салықтан тыс қалмады. Ендеше, олар бұл міндеттен қалай құтылды? Рас, жеке меншігінде сиыры жоқтардан сүт алынбайтын. Бірақ, ет салығынан ешкім босатылмайтын. Ол – өтелуі тиіс бұлжымас заң. Оның да мәселесі шешіліп жатты. Яғни, малы жоқтар күздегі қосымша табысына мал алады. Сөйтіп, 60 кило ет салығын төлейді. Сонау орталықта отырғандарға бер жағындағылар нендей мәлімет жеткізіп жатқандығын қайдам, әйтеуір, сол кезде ұжымшарлардың байлығы жөнінде қауесет  тарайтын. Адамдардың қолында мыңғырған малы бар тәрізді көрінетін. Ал, шындығында, ауылдағылар қанша қиналса да, азық-түлік жинау жоспарын орындауға тырысатын. Жалғыз бұзауымен құтылып жүргендер де кездесті. Біріншіден, бәрінің де сонау батыста оқ өтінде жүрген ерлері мен ұлдары, бауырлары болатын. Демек, солардың аш жүрмеуін қалады. Екіншіден, соғыс кезінің қатаң заңынан сескенді.

Халықты бір жағынан осындай ауыр салықтар шаршатса, екіншіден, майданнан келетін «қара қағаздар» қажытты. Шағын ғана Жаңаталаптан 40 шақты адам майданға аттанса, солардың жартысы оралмады. Жас әйелдер жесір, кішкене балалар жетім атанды. Содан 1943 жылдан бастап алғашқы жараланған солдаттар келе бастады. Қаракес Айтбаев қолынан жарақат алыпты, ол кейін «Маслопромда» бастық болды. Есқали Есенғалиевтың да қолына оқ тиіпті. Жұмағали Айтбаев ұрыс даласында бір аяғын қалдырған. Соғыстың соңына таяу қос аяқсыз екі жауынгер оралды. Біреуі – бұрын Айбас ауылында есепші болған Өмірәлиев. Келген соң сол қызметіне кіріскен, бірақ көлікке мініп, ауданға қатынау қиынға соқты. Есімов есімді жігітке арнайы арба жасап берді. Ол соның үстіне отырып, екі қолын жерге тіреп қозғалатын. Соғыс салған жарақат салдары шығар, екеуі де көп ұзамай көз жұмды.

Қата қарттың өзінен үлкен Мүти ағасы да қос балдақпен оралды. Құрман Шалабаев атты туысқаны да бір қолынан айырылды. Әкесінің інісі майданда қаза тапты. Бір шаңырақтан аттанған ағайынды адамдардың оралмағаны бар. Қаншама ошақ оты жанбай жатып өшті. Соның бәрін көрді. Жалғыз ұлдың жаманатын естіген кейуаналар, жарын жоғалтқан келіншектер. Тылдағы тірліктің бір көрінісі осы еді ғой. Оны майданнан жеңіл деуге болар ма? Соған шыдамаған кейбіреулер әскерге өздері сұранатын.

Содан 1942 жылдың күзінде Гурьев-Астрахан темір жолының құрылысы басталды. Ауылдағы әйелдермен бірге мұның да шешесі аттанды. Өзі қатты ауырып, ауруханада жатқан, қоштасуға әрең үлгереді. Ауылда қалған бауырларын аманаттайды. Содан бұл емделіп шыққан соң құрылысқа барған. Сондағы көргені – сом темірлерді қолдасып көтеріп жүрген кілең әйелдер. Жағдайлары нашар, тағамдары тапшы. Ауылдағы Тәтті Ахметова деген келіншек құлынды биесін мініп барған екен, соның сүтін талшық етіп отыр. Ауылдың әйелдері шұжық жемейді, оны шай мен қантқа айырбастайды. Күніне 600 грамм шамасында нан береді. Ол ауыр жұмыста жүргендердің жұмырына жұқ болмайды.

Содан Қата жаяулатып ауылға жетеді. Арып-ашып келсе, естиярлау екі інісін біреулер алып кетіпті. Бұзаулы сиыры болушы еді, оның қайда екені де белгісіз. Үштегі қарындасы мен бір жасар інісін нағашылары бағып отыр. Әлгілердің әбден арықтағаны соншалық, жүруге халі жетпеген. Қапшыққа салып, көтеріп әкеткен.

Бүгінде сол қиындықтардың бәрі артта қалғанымен, Қата қарт тәрізді тірі куәгерлер жадында жаңғырып тұр. «Маслопром» директоры, Сарайшық селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, «1 мамыр» кеңшарының бас экономисі, Махамбет аудандық азық-түлік пен шикізат дайындау кеңсесінің бастығы, т.б. лауазымды қызметтерді атқарды. Содан 1987 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, басшылардың өтінішімен тағы бірер жыл еңбек етті. «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» және он шақты мерекелік медальдармен марапатталды. Міне, алпыс шақты жыл болды, жан жары Әсия Нұрғалиевамен және кіші ұл-келінімен Бейбарыс ауылында тұрып жатыр.

…Қата қартпен қимай қоштастық. Жастығын соғыс жалмаған жан тек сол ма? Қыршын шағында қатарымен ойнап-күлмей, жауапты жүкті иығына арқалаған талай бозбала ерте есейген жоқ па? Олардың өмірі қазіргі жастарға өнеге емес пе? Ендеше, соны лайықты насихаттай алып жүрміз бе? Ортақ Жеңіске үлес қосқан тек майдангерлер ғана емес, тылдағылар да екендігін кеңінен айтатын кез келді. Бұлардың да қатары кеміп келеді. Ертең естелігімен бөлісетін адам қалмайтындай. Әрине, қарттар ештеңе сұрамас, еткен еңбегін де бұлдамас. Бірақ, тарихымыздың бір парағы жазылмайтындай көрінеді. Тыл тірлігі тылсым күйінде ашылмайтындай сезіледі. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз