ТАЛДЫКӨЛДЕГІ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА

Ұлы Отан соғысы жылдарында бүгінгі Талдыкөл ауылынан майданға аттанған азаматтардың 200-ден астамы хабар-ошарсыз кетті. Бейбіт өмірде ұрпақ өсіріп, олармен шат-шадыман ғұмыр кешу бақытын көрген санаулы майдангерлердің өздері де бақилыққа аттанды.

 

Бір мыңнан астам түтіні бар шағын ауылдағы қай шаңырақты соғыс өрті шарпымады дейсіз. Сонау қан майданда жандарын пида еткен боздақтарды, ата-бабаларын еске алу мақсатында Талдыкөл ауылы жастарының ұйымдастыруымен өткен тағылымы мол шараға жақында біз де куә болған едік.

Көпшілікке ой саларлықтай, кейінгі ұрпақтардың жадында сақталарлықтай әсерлілігімен ерекшеленген бұл шара Сатыбаев Сағындық, Ысқақов Аманқос, Төресаев Тұрар, Сүйесінов Сансызбай, Боқышев Серік сынды белсенді жігіттердің ұйытқы болуымен өткізілді.

Ауыл мектебінің алдына он екі қанат ақ боз үй тігілді, сахна орнатылды, көрнекі безендірілді. Қысқасы, жас-кәрінің мерекелік шараны тамашалауына, өздерінің де оған қатысуына мүмкіндік жасалды.

Жиналған жұртшылықты «Бірінші мамыр» АҚ президенті Аманжол Есқараев Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ауыл жастарының бастамасымен жалғасын тапқан басқосудың  бүлдіршіндерді патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізетіндігін айтып, оған өз ризалығын білдірді.

Бұдан соң сахнада сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыл тірлігі, Отан қорғауға жастарды шығарып салу, ауылдастарға қаралы хабар жеткізу, тылдағы жесір аналар мен жетім балалардың ауыр да азапты жұмыстары, Жеңіс сағатының соғуы – бәрі-бәрі көз алдымызда  оқушылар мен жастардың күшімен дайындалған театрландырылған сахналық көріністер арқылы өрбіп жатты.

Майданға кеткен жерлестерінің, оралмай қалған асыл боздақтардың ерлік істері баяндалып, олар үнсіздікпен еске алынды. Таужан Көбеков, Оразәлі Ысқақов, Құрмаш Қошпанов, Смағұл Мұханов, Елеусін Тілегенов, Сабыр Асанов және басқалар – майданға аттанып, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлестерін қосқан жандар.

Он сегізінде қанды шайқасқа қатысып, шейіт болған Көбеков Таужан 1945 жылдың 4 сәуірінде Германияның Бранденбург провинциясына қарасты Шпренхаген деревнясы маңында жерленген. «Жетпіс жылдан кейін немере ағамның фотосуретін тауып алып, ағамыз тіріліп келгендей қуанып жүрміз. Бұған соғысқа ағаймен бірге кеткен ауылдасымыздың үйіндегі көне суреттің көмегі тиді. Енді мүмкіндік болса, бабамыздың герман жеріндегі жерленген зиратын көру арманымыз болып тұр» дейді боздақтың бауыры Ізғали Атырауұлы.

– Ұлы Отан соғысының майдандарында Отанын қорғау жолында жандарын өлімге тіккен әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктеріне бүгінгі жас ұрпақ өкілдерінің бас иіп, тағзым етуі ерліктің өшпейтіндігін, есімдерінің мәңгі ұмытылмайтындығын паш етіп тұрғандай. Лайым да біз үлкендерді сыйлап, құрметтеп жүрейік. Бүгінгі шараның маңызы осында жатса керек, бейбіт аспанымызға соғыс бұлты төнбесін,- дейді Редут желілік-өндірістік басқармасының өкілі Ордабай Жұматұлы.

Ауылдағы шараға шақырылғандар арасындағы тылда еңбек көрігін қыздырған әжелер мерекелік медальдарын омырауларына тағып, мәз болысты. Соғыс кезінде окоптарда айтылған әскери-патриоттық әндер де шабытпен шырқалды. Бұдан кейін тізгін күштілер мен ептілер, шымырлар мен шапшаңдарға тиді. Арқан тарту, кір тасын көтеру, желаяқтар бәсекесі мен футбол, волейбол сайыстары тартысты өтті. Жеңімпаздары анықталып, көп алдында түрлі марапаттарын алды.

Ауылдағы үш ұрпақ өкілдері ақ дастарқан басына жиналып, соғыста шейіт болған бабалар рухына бағыштап ас берді.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз