Шарында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалім «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

210601124808051e Жаңалықтар

ҚР Президенті Жарлығымен Шарын шатқалында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалімді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы «№ 199 мамандандырылған гимназия» КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын (марқұм)», делінген құжатта. Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл. Кейінгі 3 жылда ол №199 гимназияда жұмыс істеген.

Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын. Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді. «Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 11 жастағы қыз баланы тапты. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған. Шарын шатқалында селге аққан қыз бала құтқарылған сәт бейнеленген видео жарияланды. Шарын шатқалында жоғалған 11 жасар қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Алматы қалалық білім басқармасы Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмегенін жеткізді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз