ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН…

Әлем тарихына ең қанқұйлы соғыс ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыс миллиондардың тағдырын талқан етті. Соғыс салған жараның жазылмауы да осыдан. Мен де Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі жылы майдангер әкем туралы сыр бөліскенді жөн көрдім.

Сандыбай Қонасов 1901 жылы Махамбет ауданына қарасты Есбол («Жаңа тұрмыс») ауылдық  кеңесінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Кеңшарда жұмысшы болып жүрген жерінен 1942 жылдың ақпан айында майданға алынған. Белгілі бір мерзім ішінде дайындықтан өткен соң, 120-шы жекелеген жол батольонында атқыш, кейін 95-ші жекелеген ротада 1945 жылдың мамыр айына дейін бақылаушылық қызметті абыроймен атқарыпты.

Соғыстың аты – соғыс. Сол бір қанды майдан жылдары әкем жау оғының астында қалып, ауыр жараланады. Бұл 1942 жылдың 25 шілдесі болатын. Воронеж қаласы үшін болған кескілескен ұрыста сол қолынан жараланып, ауыр жағдайда госпитальға түседі. Әкемнің ісқағаздарын ақтара отырып, оның «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кеңестік Заполярьяны қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталғанын көрдім.

Соғыс аяқталғаннан кейін де ол қоғамдық жұмыстардан ажыраған жоқ. Колхоз басқармасы сеніп тапсырған мал отарын шығынсыз өсіріп, ұзақ жыл қой өсірумен шұғылданды. Д.Фурманов атындағы ұжымшарда, кейін «Заурал» кеңшарының озат шопаны болып абыроймен еңбек етті. Әр жылдардың қорытындысымен социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде сыйлықтарға ие болып, түрлі ведомоствалық мақтау қағаздарымен де марапатталды.

 «Сандыбай десе, көмекке дайын» дейтін оның замандастары ол туралы үнемі жақсы естелік айтып, кеңпейілділігі, адамгершілігі мен қарапайым шаруа адамы болғандығын баса көрсететін. Сол әкемізден бүгінде сегіз ұл-қыз өсіп-өндік. Ал, артында бір тұяғы қалмай, майдан даласынан оралмаған боздақтарымыз қаншама?! Сондықтан, бүгінгі ұрпақ бейбіт күнді сыйлаған ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігін мәңгі есте тұтса екен деймін.

Владимир САНДЫБАЕВ, еңбек ардагері, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз