ӨШПЕС ӨМІР ӨНЕГЕСІ

Ел басына түскен қасіретті соғыс жылдары ешқашан ұмытылмайды. Сол от пен оқтың ортасынан туған жердің топырағы бұйырғандары жақын, ағайын-жуығын үлкен қуанышқа бөлесе, бірқатарына ыстық ұясына оралу бақыты бұйырмады.

Сол бір сұрапыл соғыс жылдары ер етігімен су кешкен ерлердің бірі – Бейсемәлі Қарабалин еді. Ол – Гурьев облысы Новобогат ауданы Манаш ауылы, Қызыл балық колхозының тумасы. Осы колхозда бас бухгалтер болып қызмет етіп жүргенінде әскер қатарына шақырылады.  Балаң жігіт Украинаның Кировоград облысы Александровка деген жерінде әскери қызметін өтеп жүріп, партия мүшелігіне өтіп, политрук, кейін артиллериялық бөлімде болады. Қасындағы жолдастарымен бірге туған жеріне асыққан Бейсемәлі Қарабалин 1941 жылдың қазан айын асыға күтеді, себебі осы айда әскери борышын өтеп, қайтпақшы еді. Оның бұл ойлағаны болмады. Неміс-фашист басқыншылары опасыздықпен тұтқиылдан соғыс ашып, бейбіт елдің шырқын бұзды. Ол да фашист басқыншыларымен шайқасады. Кескілескен ұрыс даласы жас жауынгерді шыңдайды. Әсіресе, Украинаны азат етуде аянып қалмады. Осылайша  ірі шайқаста ерен ерлік көрсетеді.

– Бірде өзімен бірге кеткен Сүлеймен Жасмағанбетов екеуінің ұрысқа түсіп шыққанын хабарлады. Кейін, 1941 жылдың желтоқсан айында жолдаған хатында «Киевтен 7 километр жерде, қалың орман ішінде партизан отрядымен біргеміз. Екі рет үлкен шайқас болды, қасымдағы Сүлейменнен көз жазып қалдым. Ұрысқа түсуге дайындалып жатырмыз» деп жазды. Содан кейін ешқандай хат келмей қалды. Апаларым Рәпіш пен Талшын ол кезде ес біліп қалған. Ал, інім Төлегеннің кішкентай кезі болатын. Бауырымыз Бейсемәліден хабар күтіп, соғыстан кейінгі жылдары да күтумен болдық. Ол оралмады, – деп еске алады қарындасы Бөпіш.

Бейсемәлі Қарабалиннің ағасы Өтебәлі де «Барлығы майдан үшін, барлығы жауды талқандау үшін» деген патриоттық ұранмен ұйымдастырылған шаралардың бел ортасында болды. Сол бір сұрапыл жылдарда, аласапыран, қиын-қыстау кездерде броньмен әскер қатарынан босатылып, колхозда абыройлы қызмет атқарды. Отанға мол өнім беру арқылы жауды жеңуге, Жеңісті жақындатуға тылда бел шешпей еңбек етті. Өйткені, осынау қиын кезеңде шалғай аудандарда тірлікке бас болар азаматтар да керек еді. Еңбек майданында Ө.Қарабалин де ерекше көзге түсті. Адал еңбегі бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста сан мыңдаған адам Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтар сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Ағайынды Қарабалиндер де – ер етігімен су кешіп, Жеңісті жақындатқан жандардың қатарынан. Себебі, Бейсемәлі оқ пен оттың ортасынан оралмады, ал  Өтебәлі соғыс кезіндегі ауыртпалықты көтеріп, Жеңіске өзінің орасан зор үлесін қосты.      

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз