ОН СЕГІЗІНДЕ ОТ КЕШКЕН…

Сағыз селосында тұратын қарт майдангер Аралбай Жүсіпов 90 жасқа толып отыр. Майдангер атамыз Сағыз ауылдық кеңесіне қарасты Ақшелек ауылының Буракөл елді мекенінде дүниеге келген. 1935-1941 жылдары «Ақшелек» орталау мектебінде білім алады.

Алайда, елімізге тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс-фашист басқыншылары сол бір сұрапыл жылдарда жастардың білім алуларына мүмкіндік бермеді. Барлық күш Отанымызды басқыншылардан қорғауға жұмылдырылды. Сөйтіп, 18 жасқа толған балаң жігіт 1942 жылы әскер қатарына алынып, Башкирия АССР-ындағы Уфа қаласында кіші командирлер дайындайтын мектепте оқып, кіші сержант шенін алады. Чкалов соғыс округіндегі 63-полкте қызмет атқарады. Ал, 1943 жылы Чкаловтан Курск бағытындағы шайқасқа аттанады.
– Аспан мен жер тұтасқан алапат қанды соғыс талай боздақтарды қыршынынан қиды. «Старый оскол» деген жердегі немістердің бекінісін бұзу жөнінде бұйрық түсті. Бекіністі алу кезінде жауынгерлер жаумен арыстанша арпалысып, алапат айқас басталды. Бақайшағынан бастап, басына дейін қаруланған жау солдаттары оқты қарша боратты. Алайда, туған ел, кіндік қанымыз тамған қасиетті жер үшін біздің жолдастарымыз жандарын аямай, кеуделерін оққа тосты. Жарылған бомбаның астында қалып, топырақ солдаттарды басып қалды. Сол жарылған бомбаның кесірінен контузия алдым.
Госпитальдан емделіп шыққаннан кейін Донбастағы көмір шахтасына келіп, «Горловка» деген шахтада әскери тұтқындарды күзеттік. Фашистік Германия жендеттері өздерінің ордасында талқандалды. Жеңіс жалауы желбіреген қасиетті күнді шахтада қарсы алдық. Ол күнгі қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаймын. Қуаныштан естері шығып, екі көздеріне ерік беріп жылаған тұрғындар қала көшелеріне сыймай кетті. Қаншама қиындық көрсе де адамдар аштық пен азапқа төзді. Сол бір ат ауыздықпен су ішкен, ер етікпен су кешкен қасіретті жылдар ешкімнің де сағын сындыра алмады. 1946 жылы елге оралдым. Медициналық комиссияның шешімімен маған ІІ топтағы мүгедектік берілді. Әлима есімді қызбен шаңырақ көтердім. Рзабек, Жәнібек есімді ұлды болдым. Ұлым Рзабек өмірден ерте кетті. Артында үш перзенті қалды. Зайыбым 2008 жылы өмірден озды. Жеті немере, екі шөбере сүйіп отырған бақытты атамын. Облыс әкімі Атырау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Ұзақ жылдар Ленин атындағы кеңшарда еңбек еттім, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қарт майдангердің өмірінде тағы бір қуанышты жайт орын алды. Ресей Федерациясы Курск облысының губернаторы А.Н.Михайлов Курск қаласын жау басқыншыларынан қорғауда жанқиярлық ерлік көрсеткен Аралбай Жүсіповті «Курск шайқасына – 70 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Мағрупа
БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз