«МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРДІ»

Жаңа 2015 жылдың табалдырығында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов Ұлы Отан соғысының да, еңбектің де ардагері атанған бір топ қарттың үйлеріне барып, Елбасымыздың атынан құттықтады.

Қариялардың бірі үй ішінде жүріп-тұрса, екіншілері сүйемелдеумен көшеге шығады, ал үшіншілері төсекте. Оларға қандай сын бар. Айталық, Ибраш Әтшібаев, Сәлім Шынтеміров, Тұраш Көптілеуовтердің жасы 88-де болса, Николай Панов пен Әлібек Түсібәліұлы 89 жаста, Валентина Конаплева 91-де болса, Мария Гук 93 жаста.

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, осынша жасқа келіп отырса да олар бойларын тіктеп ұстауға, ойларын анық жеткізуге тырысады. Ардагер ағалар мен аталардың, апайлар мен әжейлердің қай-қайсысы да облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Әдиетұлының үйлеріне арнап барғанына, Жаңа жылмен құттықтағанына жас балаша мәз болысты. Ардагерлер Отан үшін от кешкен жылдардан естеліктер айтты, сарғайған суреттері мен өңірлеріне таққан орден-медальдарын көрсетті.

– Бүгінгі қайғы-мұңсыз бақытты өмір Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, жан аямай күрескен орасан зор күштеріңіздің арқасы. Біз, кейінгі ұрпақ, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілейміз. Осындай шат-шадыман тұрмыс сыйлаған өздеріңізге әрқашан тағзым етеміз. Жұптарыңыз жазылмай, жаңа 2015 жылы келетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына аман-есен жетіңіздер! – деді облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов ардагерлерге гүл шоқтары мен кәрзеңке толы дәм, Елбасының арнаулы конвертін тапсырып тұрып.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз