«МАРС» ОПЕРАЦИЯСЫ

ол  неге  бүгінге  дейін  құпия  сақталды?

Ұлы Жеңістің алпыс бес жылдығы қарсаңында Ржев жерінде 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлерінің құрметіне көрнекті ескерткіш-мемориал орнатылғаны белгілі. Ұзындығы 27 метр гранит қабырғада Қазақстанның картасы салынған. Картада осы бригадалар құрылған Ақтөбе және Алматы қалалары, Елордасы – Астана қаласы көрініс тапқан. Қазақстандық қос бригаданың он мың жауынгерінің есімдері алтын әріппен жазылған. Мемориал қабырғасына «Мәңгілік тағзым. 100-ші және 101-ші атқыштар бригадалары жауынгерлеріне қазақстандықтардан» деп жазылған. 

Ржев-Вязьма: Мәскеуді алатын кілт

Атқыштар бригадаларына айрықша құрметтің түп-төркініне үңілсек, бұлар – негізінен біздің қандастар, жерлес бауырластарымыз. Соғыс басталған жылы әскерге шақырылған қазақстандықтардың үштен бірі республикамызда жасақталған бөлімшелерге жіберілді. Бұлар 12-атқыштар дивизиясы, 4-атты әскер дивизиясы және 7-атқыштар бригадасы. Әртүрлі құрамаларының елуге жуығын жеке полктар мен батальондар құрайды. Міне, солардың бірі 1941 жылдың қыркүйек айында Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда жастарынан жасақталған 101-ұлттық атқыштар бригадасы болатын.

Қызыл әскерлер жаттықтырылып, соғыс тәсілдеріне үйретілген соң 1942 жылдың қарашасында «Марс» стратегиялық шабуылдаушы операциясына қатысу үшін майданға жіберіледі.

 «Ржев асуы» аталған «Марс» операциясы туралы құжаттар ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келді және аз зерттелді. Алайда, соңғы уақыттарда баспасөзде жарияланған материалдардан там-тұмдап болса да деректер келтіруге болар еді.

Ржев-Вязьма шебіндегі шайқастар екінші дүниежүзілік соғыстағы ғана емес, жалпы адамзат тарихындағы ең бір қантөгісті ұрыстар санатына қосылуымен ерекше сипатқа ие. Атақты жазушы Илья Эренбургтен «төрт жылдық соғыста бәрінен бұрын қай шайқас ұмытылмастай есіңізде қалды?» дегенде, «Ржев» деп жауап берген екен. Мәскеуден батысқа қарай бағытталған қайталанбас шабуылдар нақ осы Ржев түбінде басталды. «Егер Ржев шайқасы болмаса, Мәскеу мен Сталинград, Курск иініндегі жеңіске қол жеткізу қиын еді» деген қисынды пікірлер де айтыла бастады.

Бұған да негіз жоқ емес. Ржев-Вязьма плацдармы КСРО астанасынан 150 шақырым жерде еді, сол себепті Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» деп саналды. Константин Симоновтың бұл жерлерді «Өлім аңғары» деп атағаны кездейсоқтық емес. Осы қанды қырғынның куәгері болған Александр Твардовский өзінің әйгілі «Я убит под Ржевом» өлеңінде өзектен өтетін ызғарлы ащы шындықты толғайды. Осы бір тозақ отындай ұрыстың қайнаған ортасында Алматы және Ақтөбе қалаларында жасақталған қазақстандық 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадалары соғысып, ортақ жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Бригадалардағы жеке әскери құрамның дені  нақ осы Ржев топырағында қаза тапты.

Біздің қандастарымыз Ржев пен Вязьма жанында, Оленин селосының маңында, Молодой Туд және Белый деревнялары түбінде жанқиярлықпен шайқасып, жау әскері 1943 жылы наурызда Ржев қаласын тастап шыққанға дейін кескілескен ұрыстар жүргізді. 

Ажалмен бетпе-бет

Деректерге сүйенсек,Калинин майданының 39-армиясының құрамында «Марс» операциясы шайқасына қатысқан қазақстандық ұлттық 100-ші және 101-ші бригадалардың алдыңғысы он мың, соңғысы он үш мың жауынгерінен айырылған екен. Мәскеуге дейінгі 150 шақырымды қамтыған майданда ұлттық бригаданың жауынгерлері үздіксіз он төрт ай бойы шайқасып, тоқсан пайыз сарбаздарын жоғалтыпты. Осы ойсыраған шығынды желеу етіп, кейбір әскери тарихшылар «МАРС» операциясы «Жеңіс пе, әлде жеңіліс пе?» деп дүдәмал сауал тастаса, түп тамырын қаузаған енді бір тобы «Бұл шайқасты Сталинград майданында жеңіске жеткен «Уран» операциясымен салыстырудың жөні жоқ» деп қарсы уәж айтып, өз көзқарастарын білдіреді. Мұны зерттеуші-сарапшылардың еншісіне қалдыралық.

Ал, қанды қырғынның тірі куәсі, бел ортасында шайқасқан, бірегей тұлғалар не дейді? «Ұлттық бригадалардың тоқсан пайызы 18-25 жастың арасындағы қазақ жауынгерлері болатын, солардың тоқсан пайызы Ржев аймағындағы орманда, ми батпақта мәңгілік қалды» деп жазды бұрынғы 101-ші бригаданың рота саяси жетекшісі Игілік Дабаев. «Бір шайқаста менің ротамдағы 200 жауынгерден 20-сы тірі қалды» деп есіне алады майдангер. Бригада Ржевті жаудан босатты. Мәскеуді қорғап, аман алып қалды. Отан үшін опат болған ондаған мың батыр қазақстандықтардың сүйектері жат жерде қалды.

Маршал Клим Ворошилов құрмет сезім көрсеткен 101-ші бригаданы өз қолымен құрып, бригада командирінің орынбасары болып, қырғын шайқастарда ұрыстарды қолма-қол басқарып, жауынгерлерін жеңіске бастаған Мұса Сәдібековтің абырой-атағын көре алмаушылар кезінде тырнақ астынан кір іздеп, даңқты майдан командирін әбігерге түсіргені белгілі. Бірақ, «аққа – құдай жақ» деген, оның атағы мен лауазымы қайта қалпына келтірілді. Елге аман оралған полк командирі кейіннен бейбіт еңбекке араласып, өзінің туған жері – Аралдың өркен жаюына атсалысады. Оның есімін қаруластары әрдайым сүйіспеншілікпен еске алады.

Осы теңдессіз майдан соғысына тікелей қатысқан, «Даңқ»  орденінің кавалері, біздің жерлесіміз Демеу Таубаевтың көзі тірісінде айтқан куә-деректері де аз емес еді. Саратов қаржы-есеп техникумының түлегі 1941 жылдың сегізінші желтоқсанында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, бірнеше ай Ақтөбе қаласында арнайы әскери дайындықтан өтеді. 1942 жылдың тамыз айында осы қалада жасақталған 101-ші атқыштар бригадасы құрамында арнайы эшелонмен Мәскеу қаласының жанындағы Норильск қаласына келіп, әскери жаттығуларды жалғастырған. Сол жерде әскери ант қабылдап, қараша айында майданға аттанады. 101-ші атқыштар бригадасы 1942 жылы 7 қарашада Калинин майданының 33-армия құрамында Ржев бағытындағы ұрысқа кіреді. Великие Луки түбіндегі қанды шабуылдарға қатысады. Осы ұрыстарда Отан үшін жауған оқтың, жарылған бомбаның астында жауға қарсы қаймықпай шайқасады, ол – қайралған намысы, антқа адалдығы еді. Жауынгерлік міндетін мүлтіксіз орындап, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін қатардағы жауынгерден аға сержант атағына ие болуы және бөлімше командирлігіне тағайындалуы – соның бір дәлелі.

Әкесінің бір естелігінде «1942 жылдың қысы қатты болды. 35-37 градус аяз. Қардың қалыңдығы бір жарым метрге жетті. Жер қатып қалған, тоң. Окоп қазуға әл бермейді. Жау оғынан қорғанатын ешқандай мүмкіндік болмады, қарды тасалаумен шектелдік. Жылы киім, фуфайка, пима жетпей жатты. Әскери дала асханасы қардың қалыңдығынан алға жылжи алмады, үздіксіз атыстан көлік, ат-арба қатынасы тиылды. Біздерге қатқан нан, консерві секілді азық-түлікті аспаннан ұшақпен тастады. Азық-түлік қар астына түсіп, көміліп жатты, оны іздеп-табудың өзі бораған оқтың астында тәуекелге барумен тең еді» дегені ұлы Аманкелді Демеуұлының есінде қалыпты.

Демеу Таубайұлының Великие Луки ауданындағы ұрыста өз бөлімшесімен жаудың дзотын басып алып, пулеметтері мен зеңбірегін және едәуір қару-жарақ қорын қолға түсіріп, бес солдатын тұтқындап, он неміс солдатының көзін жойғандығы жөніндегі мәліметтер Мәскеу қаласының орталық әскери мұрағатында сақталған. Ол құжаттардың көшірмесі де ұлының қолында.

Демеу  аға  1942  жылдың 3  желтоқсанында Калинин облысы Оленин ауданының Кувшиново елді мекенін жаудан азат ету жолында болған қанды шайқаста аяғынан ауыр жараланып, Мәскеу қаласының Боткин атындағы әскери госпиталында ғана ес жияды, сол жерде оң аяғы тізеге дейін кесіліп, ота жасалынады. Сөйтіп, 1943 жылдың сәуір айында екінші топтағы мүгедектігіне байланысты елге оралады.

Отан алдындағы борышын адал өтеп, үшінші дәрежелі Даңқ және «Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында неміс басқыншыларын жеңгені үшін», басқа да он төрт медаль, төсбелгілермен марапатталған абзал ағаның ұзақ жылдар бойы темір жол саласында абыройлы еңбек етіп, партия, кәсіподақ ұйымдарын басқарғанын, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласқанын өзіміз де журналистік қызметімізден жақсы білеміз. Еңбек өтілі – 49 жыл, 11 ай екен. Демек, елге сіңірген еңбегі де, елін қорғаудағы естен кетпес ерлігі де ағаның есімін есте қалдыруға қандай ма бір ұмытылмас шара алуға қадам жасауға әбден лайық емес пе?!

Демеу Таубайұлы жетпіс бес жасында дүниеден өткен. Жары Жайнашпен алты бала тәрбиелеп өсіріп, оларды әдептілікке, адамгершілікке, адалдыққа  білім-парасат иесіндей баулыған Демеу аға туралы, оның көзін көрген замандастары «Адам баласына қолынан келген көмегін аямайтын, пайым-парасаты биік, байыпты-байсалды, ойлы-орнықты, азға – қанағат, барға – тәуба, жоққа – сабырлылық қағидасын ұстанған, жүрегі жомарт, пейілі кең азамат еді» деп еске алады. 

Қанды қырғын

Тверь ормандарының батпағы әлі күнге дейін жас жауынгерлердің сүйектеріне толы. Бұлар – Гитлердің «Орталық» армиясының күшті дайындалған әскеріне көз алдау перде ретінде тұтылып, уақыт ұту мақсатында жоспарланған «МАРС» операциясының құрбандары. Маршал Г.К.Жуковтың әскери шабуылы 1942 жылдың 25 қарашасы  мен  20  желтоқсанына жоспарланса да, екінші дүниежүзілік соғыстың Ржев қанды  қырғыны  аталған сұрапыл апаты тым ұзаққа созылды. Ажал апаны екі жылға жуық екі миллион қызыл құрбандармен әрең  бітелді. Қазір әскери тарихшылар бұл жоба өзінің көлемі жағынан Бас штабтың Сталинград операциясынан да асып түскенін келтіреді. Жобаның басты мақсаты – Калинин және Батыс майдандарын Вязьма маңында түйістіріп, Германияның төрт армиясын Ржев қаласында қоршауға алып, жойып жіберу болатын. Осылайша Вермахты есеңгіретіп, өз-өздеріне келтірмей, Герман-Кеңес майданының тағдырын біржолата шешу басты мүдде еді.

Бүгінде ресейлік із кесушілердің тапқаны: қазақ жауынгерлерінің сүйегі топтаса шығып жатқан жер – негізінен Ржев маңындағы Оленин ауданы. Мұндағы 29 бауырластар моласы түгелдей қазақ жауынгерлері. Әскери тарих Ржев-Зубцово-Сычевка-Гжатск-Вязьма-Белый-Оленин арасын «Ржевтің қанды көп бұрышы» дейді. Сол жақтың куәгерлері бұл өңірді «Қара жер қарс айырылғандай шайқаста ақ қардың беті адам өліктеріне толғаны соншалық, жер беті аяқ алып жүргісіз, қыршын солдатты көметін бос топырақ та табылмады, қан судай ақты, жас та нәзік денелер бірінің үстіне бірі үйіле берді» деп еске алады екен.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз