МАЙДАНГЕР ДӘПТЕРІНЕН

Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, республикаға танымал педагог, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденінің иегері, Республикаға еңбегі сіңген мұғалім, профессор Сабыр Қазыбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Өмірі өнегелі ұстаз есімін атыраулықтар ерекше құрмет тұтады. Оның есімі қаладағы бір мектепке берілген. Ұстаздың 100 жылдығына орай өзі ұзақ жыл жұмыс істеген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «С.Қазыбайұлы – ұстаз, ғалым, әдебиетші» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өтеді. Мұндай шаралар басқа да оқу орындарында жоспарланған.

Бұл – ғалым, майдангер аға рухына тағзым, айрықша құрмет. 

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді» деген сөз бар. Шынында да, биылғы жылы туғанына 100 толып отыр-ған Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин және І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері, Қазақ ССР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сабыр Қазыбайұлы туралы сандаған мақала, кітап жазылып, кинолар да түсірілген екен. Мен ұстаздың отбасында сақталған қолжазбаларымен таныса отырып, оның басқа да қыры бар екенін, яғни өршіл, сыршыл, ойшыл ақын екендігін байқадым. 18-20 жастағы өрімдей жас жігіт майдан даласында жүріп қолынан қаламын тастамаған.

Жуырда барлық ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, республикамыздың оқу-ағарту саласында ойып тұрып орын алған профессорымыздың есімін ұлықтау шарасын жасақтау барысында қызы Гүлнәр Сабырқызы әкелген сары түсті қойын дәптерде көптеген өлеңдері бар болып шықты. Майдангер-ұстаздың екі дәптерден тұратын қолжазбасы «Қолжазбалар жинағы. Басталды – октябрь, 1944» деп аталады. Әрине, жырға қойылатын талаптардың орындалмаған тұстары да бар. Дегенмен, солардың ішінен қан майданда бір қолында қаруы, бір қолында қаламын ұстап жүріп жазған өлеңдерін арнайы әзірлеп, ел сүйіп оқитын «Атырау» газетіне ұсынуды ұйғардым.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

тарих-филология факультетінің деканы,

 тарих ғылымдарының кандидаты.

 

МАЙДАНДАҒЫ ЖОЛДАСЫМА

Бақытжан, бір мектепте жолдас едік,

Бір тілек, істес және сырлас едік.

Берілген міндетті іс-қызметті

Бітірмей мігір алып тынбас едік.

 

Ел үшін терді аямай төккен едік,

Ерінбей адал еңбек еткен едік.

Ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп,

Дәрісін ғылымдардың сепкен едік.

 

Сайрандап демалыста жүрген едік,

Сауықтап тамашалап, күлген едік.

Салтанат, сәнді өмірде шаттықпенен

Сабылтып сайгүлікте желген едік.

 

Біздерді бұл өмірден айырған кім?

Бақытты өрге өршіген қайырған кім?

Балдақты ақсақ етіп яки соқыр,

Бармақты жасыған жездей

майырған кім?

Әрине, бұл сұраққа жауап жалғыз,

Әшкере аты шыққан зұлым-жауыз.

Әлемге опасыздық өлім еккен

Әйгілі ел – Гитлер сұм жалмауыз!

 

Қызыл ер қас дұшпанға қарсы шапты,

Қызыл ер ел құтарып, жер босатты.

Қызыл ер ел алдында борышын ақтап,

Қайратпен Жеңіс күннің кілтін ашты.

 

Сталин – Қызыл ердің командирі,

Сталин – Отанымның шырай гүлі.

Сталин –жау дегенде жалынды өрт,

Сталин – еңбекші елдің Жеңіс күні.

 

Сталин болғандықтан қолбасшымыз,

Сілтейтін жеңістерге жолбасшымыз.

Сазайын жауыз жаудың тартқызумен,

Сағатын Жеңіс күннің сызбақшымыз.

30/І-44.

 

 

МЕДАЛЬДЫ  ІНІМЕ

 

Жолдасың – автоматты жақсы бапта,

Кірлетпей майлап, сүртіп таза сақта!

Орындап ел алдында борышың мен

Берілген жауынгерлік антыңды ақта!

 

Антыңды, борышыңмен сен ақтадың,

Медальмен «Ерлігі үшін» наградталдың.

Ежелгі елдің жауын құрту үшін,

Қажымай қан майданда қайраттандың.

 

Бауырым, құтты болсын медалыңыз,

Жауыңнан жан аямай кек алдыңыз.

Құтқарып елді, жерді бандиттерден,

Жеңіспен елге келіп дем алыңыз.

 

10/І-44.

 

ЗЕНИТШІГЕ

 

Мергенім, қарақшының «құсын» атып,

Жер үшін, елің үшін мехнат тартып.

Жүрсің сен қас дұшпанды қанға бояп,

Ісіңе ата жауын таңырқатып.

 

Күтеді ер ұлынан сенің елің,

Құртуда фашистердің жендеттерін.

Аластап албастыны туған елден,

Тезірек жеткізуді Жеңіс күнін.

 

Сенеді елдің жауын жеңеді-деп,

Өзі қазған көріне көмеді -деп.

Құтқарып құтырғаннан елді, жерді,

Жеңіспен елге шат боп келеді-деп.

 

31/ХI/43.

 

ЖЕҢІС АРМИЯСЫ

Талқандаған талай жауды

Отан үшін жанқия.

Ерлігіне ел сүйсінген

Қаһарман Қызыл Армия.

 

Өмірінде еш жаудан,

Еңесесі түсіп, саспады.

Жасынан-ақ ел жауын

Жай оғындай жасқады.

Ежелгі жауы немісті,

Езгіледі, таптады.

Кесірлі жауға кек бермей,

Арсыз жауға, ар бермей,

 

Ананың сүтін ақтады.

Ата даңқын, ел салтын,

Абыроймен сақтады,

Топырағы торқадай,

Туған жерді баққаны.

Сталин үшін, ел үшін,

Намыс үшін, кек үшін,

Қасықтай қан қалғанша,

 

Қарыс кейін қайтпады.

Жауды жеңіп халқымен,

Бостандық сүйгіш қалпымен,

Өмірге қарай аттайды.

19/II-45.

 

ЖЕҢІС КҮНІНЕ

Өпірем жау еліме

Өкіре орғып тигенде.

Жанаттай жайлы жеріме,

Жөңкіле жортып кіргенде.

 

Сталин сонда бұйырды –

Бермеуге жерді сүйем де.

«Бұл жолдан қалған малың – мал,

Бұл жолдан қалған жаның – жан –

 

Деген сөз шықты Жамбылдан,

Жырлаған кекті өлеңде.

Аттанды батыр дабысты,

Бермеуге жауға намысты.

 

Жер танабын қуыра,

Жақын етіп алысты.

Пойыз жүйткіп мігірсіз,

Майданға тартты маршты.

 

Айқасты ерлер дұшпанға,

Кескілесті, шабысты.

Қасқырдай жауға беріспей,

Қасарысты, қарысты.

 

Жолбарыстай жөңкіген,

Танкіге батыр жекпе-жек

Тайсалмастан барысты.

Октябрьден жаралған,

 

Жеңімпаз Қызыл Армия,

Жауын жерге жанышты.

Айбат пен кекті шақыра

Ұмтылды батыр «Уралап».

 

Ашумен зәрлі жапыра,

Қылыштап шапты туралап.

Бомбовоздан күйретіп,

Танкпен езді мылжалап.

 

Аптыға қашты азғын жау,

Айбарға күшті шыдамай.

Жөңкіле қашқын малғұнды,

Желкелеп қырды қуалай.

 

Берлинге ерлер ат қойды,

Бет түзеп таймай, туралай.

Берлиннің нақ өзінде,

Құртылады фашист-сұмырай.

 

Алтын таңы Жеңістің,

Саз беріп атты аралай.

Көптің күткен Жеңіс күн,

Туады шалқып, ұзамай.

 

Ұлы Отан,

Көсем,

Алтын заң,

Жасайды мәңгі жарқырай!

5/ХІ-44.

 

ШАЛТТЫ СӘЛЕМ

Денім сау, мен – жауынгер Дон бойында,

Пулемет станогі оң қолымда.

Медальмен «Жауынгерлік еңбегі үшін»

Үкімет наградтады осы жолда.

 

Наград тақты менің еңбегіме,

Жеті рет жау шабуылын жеңгеніме.

Аластап фашистерді туған жерден

Сен, жарым, жеңіспенен келмегіме.

 

Наград қойды алдыма жаңа талап,

Талапты орындауда менде ыждағат.

Қаһарман біздей қайсар жауынгерден

Арсыз жау еш аяусыз талқандалат.

 

Сүйген жар, қажырлы еңбек етті елді,

Төсіңде орден болсын мен келгенде.

Рахат тұрмыс құру, өмір шегу

Орнайды талқан етіп жауды жеңгенде.

 

Аман бол. Хат жазып тұр, сүйген жарым,

Білуге хал-жағдайды ынтызармын.

Маған сен, Отан үшін жұмсаймын мен,

Жүректің ең ақырғы тамшы қанын.

 

Сәлем айт мектеп толған балаларға,

Сабақты жақсы оқысын саналарға.

Оқытам жауды жеңіп, елге келіп,

Жеңіссіз келу дұрыс саналама!

22/Х-42.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз