Мәңгілік ерлік дастаны

M gilik erlik dastanyi Қоғам

Біз қан майданды көрмедік. Тек аға буын өкілдерінің естелік әңгімелерінен ғана білдік. Сұрапыл соғыс ешкімді де аямады. Ержүрек батырлар кеудесін оққа тосып, мыңдаған ер майдан даласынан оралмады. Алайда, 1418 күн мен түнге созылған қантөгіске қатысты ақиқат толық айтылып, шынайы тарихи бағасы берілді ме? Ғалымдар тың деректер негізінде одан әрі объективті зерттеуді талап ететін тақырыптар көп екендігін айтады. Біз «Мінберде» осынау маңызды мәселені көтеруді жөн көрдік.

Мәңгілік ерлік дастаны

  1. Бүгінгі таңда  сол  шайқас  кезеңін  «Ұлы Отан соғысы» деп атаудың ғылыми негізі жоқ» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл ретте 1941-1945 жылдардағы соғысты қалай атаған жөн?
  2. Қырық бірдің қырғыны кезінде қазақтарға қатысты әлі қандай мәселелер зерттелмей келеді деп ойлайсыз?

Өмірзақ  ҚАЖЫМҒАЛИЕВ, еңбек  ардагері:

Ақиқаттан аттамайық…

  1. Шын мәнінде, бұл майдан «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп аталғаны жөн. Оның бірнеше себеп-салдары бар. Қазірдің өзінде оны «Ұлы Отан соғысы» деп атайды. Бірақ, қазақстандықтардың Отаны – Қазақстан. Ол кезде біз Кеңес Үкіметінің құрамында болып, Одақтас республиканың бірі атандық. Біздің жерімізге ешкім тиіскен жоқ. Ғылыми тұрғыдан қарағанда, біз КСРО Одағына тәуелсіз республика болып ендік. Конституциялық құрылым бойынша солай еді. Ақты қара, барды жоқ етіп, жалғанды шындыққа айналдыратын жетесіздікке сол кездегі Кеңес халқын мәңгүрттендіру арқылы қол жеткізілді. Бұл жолда сұрқия әрекеттердің бәрі қолданылды. Большевиктік партия Одақтың билігін басып алып, өзінің мемлекетін құрды.

Демек, 1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақ елінің бұл қырғынды «Ұлы Отан соғысы» деуі – еш ақылға сыймайтын тұжырым. Бұл – әлі де жадымызда сақталған таптаурын ұғымды үзіп кетпей, бодандық түйсіктен арыла алмауымыз, күнделікті күйбең тірліктен аса алмайтын салғырттықтың, мінезіміздегі көнбістіктің көрінісі. Сол осалдығымызды өзіміз емес, өзгелер жақсы білді.

Ақиқатында, 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс  1 қыркүйекте (Германияның Польшаға басып кіруімен басталғанда әлемде 73 мемлекет болса, ұрыс аяқталғаннан кейін ондаған мемлекет тәуелсіздігін алып, дербес шықты. Ал, 1975 жылы колониялық жүйе құрдымға кетті. КСРО құрамындағы одақтас республикалар 1991 жылы тәуелсіздігін алғаны – көп жайдың басын ашатын мәлімет. Ендеше, өткенімізге сын көзбен қарауда тайсақтамай, парасаттылық таныту – азаматтық борышымыз.

  1. ВКП (б) көсемдері одақтың соғысқа қатысуын «Отанды қорғау» деген желеумен жаппай мобилизацияға пайдаланды. Қазақстаннан 21 үлкен әскери құрама жасақталып, 1 миллион 367 мыңдай адам жіберілді. Олардың жартысынан астамы майдан даласынан оралған жоқ. «Бәрі де майдан үшін!» деп тылда еңбек еткен әйелдер мен балалардың арасынан қырылғандар саны да аз болмады. Бірінің әкесі, бірінің баласы сұрапыл соғыста қаза тапты. Әйелдер жесір қалып, аналар ғұмыр бойы балаларын күтумен өтті. Сол шақта майдан даласынан оралмағандардың отбасына жеңілдік немесе мәртебе берілмеді.

Бойымызға сіңген әдет болуы керек, біз айтқан сөзімізге жететін халықпыз. Қырық бірдің қырғынында болған қазақ әскерлерінің сол кезде ерлігі дұрыс еленбеді. Одақ бойынша «батыр» атағын беруде кемшіліктер орын алды. Көп адам тиісті наградаларға ұсынылмады. Осы мәселелер ескерусіз қалмауы тиіс.

Мәңгілік ерлік дастаны-2

Айдын АЙБАРОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Келісімге берік елміз

  1. Дұрысында, «екінші дүниежүзілік соғыс» деп айтылуы тиіс. Өйткені, біздің елге тікелей ешкім майдан ашқан жоқ. Одақтас ел болғаннан кейін Қазақстанның азаматтары қатысты. Бір-бірімен дос елдер арасындағы келісім бар еді. Онда «соғыс бола қалған жағдайда көмегімізді аямаймыз» деген бөлімі болатын.

Фашистік Германияның шабуылына бірінші болып ұшыраған, жан аямай Отанын қорғаған поляктар неге оны «Отан соғысы» атамайды? Сол соғыста басқыншылыққа ұшырап, елін, жерін қорғаған, бірақ, жеңіліс тауып, фашистік Германияның қоластында азап шеккен елдер қаншама? Солардың барлығы үшін бұл соғыс Отан қорғау соғысы емес пе? Бірақ, олардың бірде-біреуі олай деп атамайды. 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін болған алапат соғыс тарихқа «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атпен енді. Оған Еуропа түгелдей қатысты.

  1. Қазақтың батылдығы, ерлігі, Жеңіске қосқан үлесі әлі толық айтылған жоқ. Мысалы, 1942 жылы «Правда» газетінде «Казахи дерутся как львы» деген мақала шықты. Сол бір жолдың өзі көп мәселені байқатса керек. Қазақтың келісімге адалдығы, батылдығы, ерлігі, шеберлігі түгел зерттелмеді. Берлинде Рейхстагқа ту тіккен біздің – қазақ. Қан майданда атыраулық батырлардың да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондай-ақ, соғыс кезіндегі қазақ әйелдерінің майдандағы ерлігін және тылдағы ерен еңбегін зерттеуді қазақстандық тарих ғылымының жеке арнаулы бағытына айналдыру қажет.

Мәңгілік ерлік дастаны-3

Қабибек  МҰХИТОВ, тарих ғылымдарының кандидаты:

Тұтқынның бәрі сатқын емес

  1. Әрине, Қазақ елінің қалыптасу кезеңінде көптеген маңызды оқиғалар мен шайқастар болды. Жоңғарлармен соғысқан шақта да Қазақ хандығы «сақтала ма, әлде жойыла ма?» деген әңгімелер айтылды. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысының мәні мен мағынасы ешқайсынан кем емес.

Көптеген тарихшылар «Ұлы Отан соғысы» дегенді алып тастау керек деген пікірде. Рас, неміс фашистері қазаққа соғыс ашпады. Тіпті, жоспары да болмауы мүмкін. Біз де қан майданды көрмедік. Дегенмен, өзімнің ғылыми жұмысым отты жылдардағы шаруашылық пен экономикаға арналғаннан кейін зерттеу барысында біраз мәліметтерге қанықтым. Айталық, сол кезде бүкіл Қазақстанның, КСРО-ның экономикасы қан майданға жұмылдырылды. Жұмысшылар ала таңнан кеш батқанға дейін мігір таппай жұмыс істеді. Бас көтерген ер-азаматтар әскерге алынды. Енді бірі өнеркәсіпте еңбек етті.  Әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесі атап өтілген шақта майдан даласында қаза тапқан батырларымызды ұлықтауымыз парыз.

  1. Соғыс жылдарында көптеген қазақ тұтқынға түсті. Кейін оларды сатқын деп те атады. Шын мәнінде, тұтқиылдан жасалған шабуыл болған соң майданға аттанғандардың бәрінің бірдей дайындығы сақадай сай емес-тін. Окоптағы үш жанға бір қару ғана берілді. Ондай жағдайда қалай соғысуы мүмкін? Неміс фашисіне ұсталып қалса, не өмірден өтеді, не тұтқынға түседі. Сондықтан, тұтқынға түскендерді «сатқын» деп атауымыз дұрыс емес.

Немістер большевизмді құртуды мақсат тұтты. Кейбір «халық жауы» атанған жандар туралы мәліметтерді қайта қарау керек. Сонымен қатар,  соғыс жылдарында Атырауға жер аударылып келген ресейлік жұмысшылар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, сол жылдары мұнда келгенде оларға берілетін үй болмағандықтан, қазақ отбасыларын паналаған көрінеді. Атыраудың жеріне де немістер бірнеше қайта бомбы тастады. Әсіресе, Пешнойға, Құрманғазы ауданы аумақтарына фашистердің оғы нөсерше жауды. Соғыс ардагерлері туралы айтылғанда, осы тұсымыз әлі толық ашылмай келеді.

Әділбек ТҰРДАЛИЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты.

Тақырыпқа тұздық

Сұрапыл соғысқа қазақстандықтар 1941 жылдан бастап қатысты. Тұтқиылдан болған шабуыл елді есеңгіретіп тастады. Рас, сұрапыл соғысқа қатысқан майдангерлерге қатысты статистикалық мәлімет айтылғанмен, әлі де құпия деректер мол. Әсіресе, құрамалардың шығындары туралы ештеңе айтылмайды. Біздің қазақстандықтарға қатысты Ресей мұрағаттарында зерттелмеген мәселе көп. Тіпті, кейбір деректердерді өзіміздің Ұлттық архивке алдыруымыз керек.

Жазып алған: Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз