ЛЕНИНГРАДТЫ ҚОРҒАҒАН ЖІГІТ

Менің ағам Ғайыпқали Асыләлиев Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданында 1923 жылы дүниеге келген. Әкесі Ленин орденінің иегері, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім  Асыләлиев Аманғали Тайпақ ауданының Базаршолан ауылындағы Қызылжар орта мектебінде мұғалім болып істеді. Ал, Ғайыпқали осы мектептің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін Орал қаласындағы «рабфак-ке» түсті. Мектепте оқып жүрген кезінде домбыра тартуға әуестенді.

 

Оқушылар арасында өтетін аудандық, облыстық, республикалық көркемөнерпаздар жарыстарына қатысып, ылғи жүлделі орындарды иеленетін. Қашан да оқу-білімге құштар ол 1938 жылы Орал қаласындағы жаңадан ашылған А.С.Пушкин атындағы пединституттың филология факультетіне оқуға түседі. Кейін  1941жылғы  22 маусымда фашистік Германия әскерлері біздің жерге кіре бастады. Әскери комиссариат қолына қару ұстауға жарамдылардың барлығын әскер қатарына жіберді. Ауылда бала-шаға, жесірлер қалды. Сондықтан,  ағамыз студенттік өмірді доғарып, ауылға келді. Ол  мезгілде әкем Аманғалиды Тайпақ ауданының Қаракөл орта мектебіне директор етіп жіберген кезі еді. Сондықтан, отбасылық жағдайға байланысты Ғайыпқали аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен Қаракөл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және неміс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет істеді.

Ел басына күн туған, қиын-қыстау кезең еді бұл. 1941 жылдың желтоқсан айында Тайпақ ауданының әскери комиссариатының шақыртуымен Ғ.Аман-ғалиұлы әскерге алынды. Бастапқы кезінде оны Тұзтөбедегі (Соль-Илецк) үш айлық курстан өткізіп, одан әрі Ленинград қаласындағы майданға жіберген. Ленинград қаласын неміс фашистері қоршап алған. Осы мезгілде қала халқының жағдайы өте ауыр болған. Электр тогы, жылу, су үзілген. Ғайыпқали ағам ленинградтықтармен бірге қаһарман қаланы қорғауға қатысты. 1942 жылы қыста ауыр жараланып, әскери госпитальде емделгеннен кейін денсаулығы қалыпқа келмей, соғысқа жарамсыздығынан  ауылға қайтты.

Жаңылмасам, 1942 жылдың аяғы, 1943 жылдың басында Гурьев облысының құрамында жаңадан Қызылқоға ауданы құрылып, аудан мекемелерін кадрмен жабдықтау кезінде Ғайыпқалиды аудандық Комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады. Онда істеп жүрген жерінен мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке алынып, Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданында аталмыш комитет бастығының орынбасары қызметінде болды. 1953 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Оның қазақ тілі және әдебиеті бөлімін 1958 жылдың маусым айында ойдағыдай бітіріп, Гурьев педагогикалық институтына оқытушылық қызметке жіберіледі. Бірақ, аяқ астынан өте ауыр науқас жабысып, университетті бітірісімен Астрахан ауруханасында қайтыс болды.

Жеңістің 70 жылдық мерекесі тойланып, боздақтар рухына тағзым жасалып жатқанда  бұрынғы майдангер, марқұм ағамның өмір жолын қысқаша баяндауды інілік парызым деп есептедім. Мүмкін, Ғайыпқали ағамды білетіндер бар болса, естеліктерін, пікірлерін жазар.

Мәтжан АМАНҒАЛИЕВ,

Алмалы ауылы,

Махамбет ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз