КЕШІГІП ЖЕТКЕН «ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ» ОРДЕНІ

71 жылдан кейін ғана иесін тапты

Кешегі ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен алмағайып заманда жалынды жастық шақтары соғыс өртіне шарпылып, қаншама боздаққа туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, мәңгілік жат жерде қалды. Олар Отанын, елін қандықол фашизмнен қорғау үшін жандарын шүберекке түйіп, жаумен ашық айқасқа түсті. Сол бір Отан үшін от кешкендердің қатарында менің әкем Лұқпанов Қабдолмәжит (ел аузында Мәжен) де болды. Ол 1912 жылы туған. Соғысқа кеткендер ішінде әкеміздің туған ағасы Лұқпанов Рамазан да бар еді.

 

Әкеміз Лұқпанов Мәжен 1942 жылы майданға аттанып, қанды соғыста екі рет жараланып, жау тұтқынында болып, қаншама азап шексе де, өлімнен аман қалыпты. Кеңес әскерінің алғашқы легі келіп тұтқыннан босатады. Тұтқыннан босатылғаннан кейін тексеруден өтіп, Донбас шахтасын қалпына келтіруге қатысып, елге 1946 жылы ғана оралған. Соғыстан кейін елде ауыл шаруашылығының түрлі саласында жұмыс атқарып, 1972 жылы зейнеткерлікке шыққан. Содан 1995 жылы 83 жасында дүниеден озғанша Құспан молда мешітінде діни қызмет атқарды. Алғашқы жас мамандарды (дін қызметкерлерін) оқытуға атсалысты. Дүниеге бес ұл, үш қыз әкелді. Жеңіс күні келгенде ағасы Рамазанды есіне алып жүруші еді. Әкеміз дүниеден өткен соң, екі жылдан кейін ағасы Рамазанның Норильск түбінде, Бауырластар зиратында жерленгені анықталды. Ал, биыл Лұқпанов Рамазан атамыздың Ленинградты қорғауға қатысқаны, ұрыста көрсеткен ерлігі үшін, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталғаны, 1942-1943 жылы екі рет жараланғаны белгілі болды. 1941 жылдың 14 қазанында соғысқа араласып, Брянск Орлов бағытында, Ленинград, Карельск майдандарында болғаны анықталды.

Әкеміздің ағасы Лұқпанов Рамазан КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944  жылғы 4 маусымдағы бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталыпты. Бұйрыққа бригада командирі, әскери комиссары қол қойған, сонымен қатар, «әскери командованиенің тапсырмасын аса жоғары деңгейде тыңғылықты орындағаны үшін, неміс басқыншыларымен ұрыста жанқиярлығы мен ерлігі үшін» деп жазылған. Бұл хабар бізге арада 71 жыл өткен соң жетіп отыр.

Лұқпанов Рамазан атамыз соғыстан бұрын Гүлзада шешемізбен отау құрып, Сәжида, Нәсіп, Нәпен атты үш қыз, Камал есімді ұл дүниеге келді. Бұл күнде Сәжида апамыз 90-ға, Нәсіп апамыз 80-нен асып, Нәпен апамыз 76-ға келіп отыр. Ал, Камал ағамыз әкесі жайлы бұл хабарды ести алмай, о дүниелік болып кетті.

Үш қыз, бір ұлдан тараған Рамазан атамыздың немере-жиендері бұл күнде ұл-қыз тәрбиелеп, қал-қадірінше еліне еңбек етіп жүр.

Муфтахиден МАЖЕНОВ,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз