ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Республикалық ардагерлер ұйы-мы Орталық Кеңесінің Қарттар күніне орай қабылданған «Қамтылмаған қалмасын» үндеуі Балықшы аймақтық ардагерлер кеңесінің құрамына енетін тоғыз округтік ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдарында үлкен қолдау тауып, бастауыш ұйымдарда округтік, селолық, ауылдық әкімдер мен кәсіпкерлердің ұйымдастыруларымен мерекелік шаралар өткізу өз жалғасын табуда.

 

Жалынды жастық шағы соғысқа шарпылған, бүкіл өмірін сол зұлматтың зардаптарын жойып, халық шаруашылығын қалпына келтіруге арнаған ғазиз жандардың көпшілігі қазір арамызда жоқ. Алайда, олардың ісі кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде.

Жуырда Жұмыскер ауылдық округіндегі Исатай Тайманов атындағы орта мектепте ауылдық округ әкімі Қайрат Хабиев пен ардагерлер кеңесі бастауыш ұйым төрағасы Амангелді Шаматов және аталмыш мектептің педагогикалық ұжымы бірлесіп, мүрдесі майдан даласында қалған, ауылға келіп дүние салған ардагер ағаларды есте қалдыру, болашақ жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерді жинап, «Қарттарым аман-сау жүрсін» деген тақырыпта үлкен мерекелік шара өтті. Ғибратты  әңгімелер айтылып, естеліктер тиегі ағытылған басқосу барысында Жұмыскер округтік әкімшілігінде ұзақ жылдар бойы әкімнің орынбасары қызметін атқарған ардагер ұстаз Қоңырат Шұғаевты 80 жасқа толуына байланысты құттықтаған Қ.Хабиев мерейгер иығына шапан жауып, қала әкімі Н.Ожаевтың құттықтауын табыс етті. Мектеп оқушыларының орындауындағы патриоттық әндер де кездесуге қатынасушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Осындай жақсы бастаманың жалғасы ретінде Еркінқала ауылында ұйымдастырылған «Ұрпақтар ұлықтайды ұлыларын» атты шара өзгеше форматта өтуімен көпшіліктің есінде қалды. Бұл ауылдан Отан соғысына 200 адам кетсе, олардың 160-ы майдан даласында қалып, 40-қа жуық жауынгер елге оралып, бейбіт өмірде еңбек еткен.

Бұл күнде олардың барлығы да бақилық болған. Осы орайда ауыл әкімі Ерғали Тапанов ардагерлер кеңесімен бірлесіп арнайы зерттеу комиссиясын құрып, үш ай бойы әр үйді жеке-жеке аралайды. Майдангерлер туралы сақталған құжаттарды жинай келе, соның негізінде үш сағатқа созылатын шағын фильм түсірген.

Киноны тамашалай отырып, көңіл аударғанымыз Ұлы Отан соғысынан елге аман оралып, ауылға келгеннен кейін Еркінқала колхозында, ауылдық кеңесте, орта мектепте өмірлерінің соңына дейін басшылық жұмыс жасаған, қазір өмірде жоқ Әжіғали Жақсыбаев, Тапан Асанов, Ғинаят Шапауов, Сәулен Оразалин туралы жазылған «Коммунистік еңбек», «Атырау» газеттерінің мақалалары негізге алынған. Ал, осылардың барлығын көздің қарашығындай сақтап келген ауыл әкімі Ерғали Тапановқа жиылғандар зор ризашылығын білдірді. Сол секілді осы шараға арнайы орайластырылған кітап көрмесі де жауынгерлер жайлы жазбаларға қанықтырды.

Осы тақырыптас игі шара Геолог елді мекенінде де ұйымдастырылды. Басқосуға қатынасқан Балықшы аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Түсібалиев майданда болған кездегі күндерінен сыр шерте келіп, қазіргі бейбіт өмірдегі бақытты қарттық өмір кешіп жатқанын айтып, «елімізде мәңгі тыныштық болсын, тәуелсіздігіміз баянды болсын» деген ыстық тілегін білдірді.

Ал, Құрсай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіндегі «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбындағы жиынға Балықшы ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев қатынасты. Сол бір шақты көз алдына айнытпай әкелген мектеп оқушыларының концерттік қойылымдары да шара маңызын арттыра түсті.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Кейінгі буынның бейбіт аспан астында өмір сүруі үшін жаумен шайқасқан бабалар ерлігі – мәңгілік өнеге. Сондықтан, оларға деген құрмет ешқашан толастамақ емес…

Қамза ҒАБДОЛЛА,

Балықшы ауылдық ардагерлер кеңесінің  төрағасы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз