ГУРЬЕВ-АСТРАХАН ЖОЛЫН САЛУ

жанқиярлық  еңбектің  өнегесі  болды

Әлем тарихына ең қанқұйлы соғыс ретінде қанды әріптермен енген сонау қырқыншы жылдары Атырау ел бойынша соғыс жағдайында деп жарияланған жалғыз облыс болды. Сол кездерде Гурьев-Астрахан бағытындағы темір жол құрылысын салу – Атыраудың басына түскен өз алдына бөлек қиындық еді. Жауға қарсы оқ болып атылған Атырау мұнайы осы жолтабан арқылы тасымалданып, майдан даласында от кешкен жауынгерлерге күш-жігер бергендей болды. Адам төзгісіз қиын жағдайда салынған тас жолға еңкейген қариядан бастап, елде қалған әйелдер де, қаршадай қыздар да, бұғанасы қатпаған жасөспірімдер де ерекше үлес қосты. Жеңістің  жетпіс жылдық атаулы датасы қарсаңында осынау тарихи тақырыпқа тағы бір оралып отырмыз.

Құрманғазылық Смағұл  Асанов – тарихи жолды салуға қатысқандардың бірі. Бүгінде зейнет жасына жетіп отырған еңбек ардагері өзінің естелік жазбасында жол салуға қатысқан алғашқы сәтін былайша баяндайды: «1942 жыл. Қанды соғыстың басталғанына бір жыл толған бұл кезде мен 15 жасқа келген жеткіншек едім.  Осы жылдың желтоқсанында біз тұратын Елтай колхозындағы жиырма жасөспірімді «темір жол табанын төсеуге жұмысқа барасыңдар» деп, жаяу-жалпылатып Новобогатқа алып келді. Бес күн бойына жол жүрген бізді соғыстан оралған Мусағали Хасанов деген кісі бастап жүрді. Әр колхоздан жиналған балаң жастарды қосқанда санымыз 67-ге жеткен екен. Бізді топ-топқа бөлді де, екі-үш үлкен кісіні басшы етіп қойды. Осылайша, алды алпысты алқымдап қалған қарттар қан майданға қатыспаса да, қара жұмыстың қандай түрінен де шет қалған жоқ. Сөйтіп, біздің үлесімізге қазіргі Атырау-Ақсарай темір жолының Туманный деп аталатын беті берілді. Үш адамнан бір топ болып жұмысқа кірістік» деп келтіреді. Балаң жігітке носилкамен топырақ тасу міндеттелді. Күндік норма орындалуы керек. Жолтабан құрылысына қатысқандардың жерден қазып жасаған орны 17 разъезден Батысқа қарай Аққыстауға жүрер жолда әлі күнге дейін сайрап жатыр. Сақылдаған сары аязда қалың қармен арпалыса жүріп жол салудың қиындығы өз алдына бөлек әңгіме. Алғашқыда құрылысшыларда баспана болған жоқ. Жерден қазылған бараққа қоға төсеп, тірлік қылып жүрді.

«Тамақты күніге бір мезгіл ғана әкеліп тастайтын. Оқта-текте отын келіп жатса, бараққа от жағып жылынған боламыз. Науқастанып, тіпті ен далада көз жұмып жатқандарға есеп жасалған жоқ. Біз тірі қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Алдын-ала ажалға бой ұсынып, өмірге деген көңілімізді суыта бастадық. Осылайша, 1943 жылдың сәуір айына дейін темір жолдың табан топырағын төсеумен болдық. Үнемі ашқұрсақ жүретіндіктен, денсаулық жағдайымыз әбден әлсіреп бітті. Реті келгенде ақ қарды қолға ұстап ерітіп, беті-қолымызды шаюдың ырымын жасайтынымыз болмаса, моншаға түсу түсімізге де енбейтін. Бір сөзбен айтқанда, жартылай жабайы адамға айналып кеттік. Арамызда бойжеткен қыздарымыз да болды. Адам төзгісіз қиындықты ерлермен қатар көтеріп жүрген олар сұм соғысқа қарғыс айтып, солқылдай жылайтын. Қазір жасым 87-ге қарады. Сол кезде бірге жұмыс жасағандардың бүгінде бірде-біреуі жоқ. Арада қанша жыл өтсе де, осынау жолтабан салуда кездескен қиындықтар күні кешегідей санамда сайрап тұр» дейді Смағұл ақсақал. 

Екінші кейіпкеріміз атыраулық тыл ардагері Ерсайын Меңешов жанқиярлық ерлікті қажет еткен жолтабан құрылысын салуға тікелей қатыспаса да, сол кездегі қиындықтарды бір кісідей сезінгендердің қатарында. Кезіндегі Новобогат ауданына қарасты «Кетешағыл» ауыл советінде дүниеге келген ол анасы Рабиға Ізтаеваның жастай жесір қалып, шиеттей бала-шағаны жалғыз жетілдіргенін жазады. «Құмда өскен біз радио, газет дегеніңізді емге таппайтынбыз. Болса да бізге жетпейтін. Тек шешеміз 10 шақырым қашықтықтағы ауылға тамақ, шай алуға барғанда ғана хабар алып келетін. Сондай күндердің бірінде анамыз «Соғыс басталыпты! Фашистік Германия Совет Үкіметін басып аламыз дейтін көрінеді» деген жаманат хабарды естіп келді. Бұдан соң ішкеніміз ас болып жарымады. Әсіресе, қарт аналар жағы жылап-сықтап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Сөйтіп, қараша халықтың жағдайы кете бастады. Әрбір шаңырақтың асыраушылары жаппай соғысқа аттанды да, ауылда қатын-бала, кәрі-құртаң ғана қалды. Тамақ болса тағы жоқ. Жұрт құмда өсетін құмаршықты теріп кетті. Жылқы малының жеңсігіне айналған «қызақ» шөбін де талғажау еткен күндеріміз болды. Қазір ойлап отырсақ, осының барлығы құдды ертегідегідей көрінеді» деп жазады Ерсайын ақсақал өз естелігінде. 

Осындай қаралы күндердің бірінде мақаламыздың екінші кейіпкерінің қараша ғана шаңырағы «қос колхоздың тұрғындары совет кеңсесіне шұғыл жиналсын» деген хабар алады. Қатынасуға сол шаңырақтың отанасы Рабиға кетеді. Жиын барысында бастапқыда шегінуге мәжбүр болған Совет армиясына кәдімгідей жойқын күш керектігі айтылады. Ол жойқын күш жауға қарсы оқ болып атылуы тиіс қазақ мұнайы еді. Яғни, Кеңес үкіметінің басшылығы бұл кезде «Гурьев-Астрахан» бағытындағы темір жол табанын салу туралы шешім шығарып қойған еді. «Кімде қандай киіз үй бар, бәрін біліп отырмыз. Сондықтан, еш себепсіз бар мүліктеріңізді жұмысшыларға жөнелтесіздер» деген ауылдық совет пен милициялар түйесі барларға қолғап, малақай тоқып, тон тігуді де міндеттеп жібереді. «Шешемнің көрнекті еншісі сегіз қанатты киіз үй еді. Сол үйдің керегесінің бір талының жуандығы қазіргі күректің сабындай болатын. Үйді тігіп, жинағанда екі адам жүріп керегені әрең басқаратын. Табиғаттың анау-мынау тосын мінезіне сыр бермейтін киіз үйіміз осылайша темір жол салушыларға пана болып кете барды. Біздер жер үйде қалдық. Темір жол құрылысын салу көп құрбандықты қажет етті. Талай тағдыр қыршыннан қиылды. Талай шаңырақ күйреп қалды. Бастысы, совет халқы адам төзгісіз қиындықтарды қабырғасы қайыса жүріп көтерді. Қараша халық осылайша қазақ мұнайының майдан игілігіне тасымалдануына жол ашып, жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосты» деп тебіренеді тыл ардагері. 

Миллиондардың қаны мен жанын құрбан етуді талап еткен сұрапыл соғыстың аяқталғанына да жетпіс жыл тола келді. Талай ұрпақ ауысқан бұл кезең жеңісті жақындатуға үлес қосқандар туралы мейлінше кеңінен еске алуды қажет етеді. Қан майдандағы қиындықтарға қарамай салынған Гурьев-Астрахан бағытындағы темір жол құрылысы кезіндегі ащы шындықтың бір парасы осындай…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз