Генералдың анасы ақиқатты ашып айтты

izobrazhenie 2021 03 05 233745 Жаңалықтар

Ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, батыр да, ақын да ананың ақ сүтінен нәр алып, тәрбиесімен өсіп-өнеді. Алтын құрсақты Хадиша апай – атыраулық полиция генерал-майоры Мұхаран Әміровтың анасы. Ал, Мұхаран Серікұлы – Атыраудан шыққан екі генералдың бірі. Ол ішкі істер министрлігінде лауазымды қызмет атқарып, таяуда құрметті демалысқа шықты. Перзенті ел мақтанышына айналған ақжаулықты анамен мереке қарсаңында тілдесудің сәті түскен еді.

…Еңселі үйдің табалдырығын аттағанымыз сол еді, сексеннің сеңгірінен асқан кейіпкеріміз бізді қарсы алғалы келеді екен. Ол кісі шынайы ықыласымен төрге оздырды. Ақжарқын, жүзінен мейірім шуағы төгілген Хадиша Қизатқызымен әңгімеміз бірден жарасым тапты.

– Сарайшықтың тумасымын. Қалаға келіп, оқуға түстім. Мұхаранның әкесі – Серік Әміровпен отау құрып, жарасымды ғұмыр сүрдік. Ол қарапайым көлік жүргізушісі еді. Біз балаларымызды басты байлық санадық. Ал, олар білім алуға жастайынан құштарлықтарын байқатты. Өмір баспалдағында түрлі қиындықтарды да жеңуге ұмтылды. Жарықтық, марқұм жолдасым бала-шағасының жетістігіне ерекше марқайып отыратын. Олардың қызығын көріп, немересінің алақанынан су ішіп кетті ғой… – деген қарияның айтары көп екен.

– Сіз балаларды дүниеге әкеле жүріп еңбектен де қол үзбеген екенсіз…-дедік ойға шомып кеткен ананы сөзге тартып.

– Иә, баланы да таптым, жұмысты да жасадым. Отын сататын базада табан аудармастан 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Құдайға шүкір, балдырғандарым қазақтың қасиетті бесігінде тербеліп өсті. Үлкендері ес білгеннен кейін бауырларын бағып, қолғабыс етті. Бәрі бірдей жастайынан мейірімді, бауырмал болып қалыптасты. Бір шаңырақ астында ата-енемен бірге үйелмелісүйелмелі бес баламен, қайынаға мен абысынның жеті баласымен жарасымды ғұмыр кештік. Сол кезде қарттардың арқасында ө с і п – ө н і п , а я қ қ а т ұ р д ы қ . Қазір сол өнегені өзім де үлгі етудемін. Кенже ұлым Ғилман мен немеремнің отбасымен бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқан жайымыз бар.

Осы арада Хадиша апайдан генерал ұлы туралы айтып беруді өтіндік. Ол кісінің айтуынша, Мұхаран Серікұлы еңбекке ерте араласқан.

– Тұла бойы тұңғышымыз Мұхаран ерте есейді. Ұлағатты ұядағы үлкендердің тәрбиесінің әсері болар, білім мен еңбекті қатар алып жүретін қасиеті басым болды. Әлі есімде, санаторийде демалыста жүрсек ұлымыздан «көлік жуатын жұмысқа орналастым» деп хат келді. Сонда өзі 7-8 сынып оқиды. Жазғы демалыста бос жүрмейін деп істеген ісі ғой оның. Ата-әжесінің шаруашылығына да қолғабыс етіп үлгереді. Мектепте жақсы оқыды, ата-аналар жиналысына барған сайын ұстаздары ұлымның алғырлығы мен намысшыл екенін айтып мақтап жібереді. Сол еңбегінің арқасында абыройбеделге ие болды. Ой-өрісі мен қайраткерлігінің арқасында елжұртының ілтипатына бөленді. Оның өмір жолы келешек жастар үшін өнегелі де өрісті жол дегенім дұрыс болар, – деп әңгімесін жалғаған Хадиша апай ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойымен бөлісті.

– «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, балаларым ақ сүтімді ақтаса, содан артық бақыт бар ма?! Оның бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты. Яғни, сәбиге тәрбие беруді ана құрсағынан бастап, білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен ж е т і л д і р у ө т е м а ң ы з д ы . Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет, – деген кейіпкеріміздің ұлағатты сөзіне ден қойдық.

Расында, марқұм отағасы С е р і к а қ с а қ а л м е н е к е у і қоғамның тұтқасы болар айтулы азаматтарды тәрбиелеген жандар. Барлығына да жоғары білім мен өнегелі тәрбие берген. Біз сұхбаттасушымыздың әңгімесінен еріне деген құрмет пен шүкіршіліктің қағидасын байқадық. Әңгіме арасында «Ерін сыйлаған әйелдің өзі де сыйлы болады. Шаңыраққа құтбереке қонады» деген сөзіненақ шаңыраққа бақ дарып, қыдыр қонуының себебін түсіндік.

Айтса айтқандай, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбересінің қызығын көріп отырған Хадиша Қизатқызы – бүгінде бес ұл-қызын өсіріп, 12 немересін аялы алақанына салып, 20 шөбересінің маңдайынан сүйіп отырған ақжаулықты ана. Қазір үлкен ұлы Мұхаран жұмыс бабына байланысты отбасымен бірге Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Қызы Гүлмира «Қазмұнайгаз» компаниясында аудармашы, үшіншісі – Мүбәррам жекеменшік мекемеде қызмет атқарады. Одан кейінгі Ғилманы ұзақ жыл Атырау аэропортында қызмет еткен. Ең кенжесі Гүлсім – шәкірт тәрбиелейтін ұстаздық жолды таңдапты.

Қ о ш т а с а р д а Х а д и ш а анамызға «қыз-келіншектерге қандай тілек айтар едіңіз?» деген сауал қойдық.

– Бабалар айтқандай, «әйел – ырысың, қыз – өрісің, келін – тынысың» екен. Әр нәзікжанды ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналсын, қарағым… – деп ақ батасын берді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

izobrazhenie 2021 03 05 233857
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз