ЕРТЕ ЕСЕЙІП, ЕЛІН ҚОРҒАҒАН

Атам Базарбай Сүйінәлиев те кешегі ел басына күн туған шақта қолына қару алып, елін жаудан қорғау үшін майданға аттанған, ерлікпен шайқасып, жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан халқымыздың батыр ұлдарының бірі болғанын мақтаныш тұтамын.

 

1906 жылы бұрынғы Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданында дүниеге келген атам ауыл мектебінен үш кластық білім алады. Он жасында үй шаруасына қарайлап, ата-анасына қолқабыс беріп, жәрдемдеседі. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен еңбекке араласып, жастайынан қандай да болмасын қиын жұмысты ауырсынбай, тиянақты атқаруға дағдыланып, шыңдалады. Жиырма жастан асқан шағында отбасын құрып, Бәкес әжеміз екеуінің көтерген шаңырағында әуелі Қамия, Сәлима, Мөлдір (1929, 1930 және 1932 жылдары туған) есімді үш қыз өмірге келеді. Бұл да елді ашаршылық жайлаған, ұлы нәубет жылдары ретінде тарихта қалған аса ауыр кезең еді. Оның салқыны бұларды айналып өтпеді. Десек те олар еш қиындыққа мойымады.1942 жылы Гурьев қалалық комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылады. 1943-1945 жылдар аралығында Батыс майданына қарасты №126, 146 және 624-ші атқыштар полктерінің құрамында көптеген шайқастар мен ұрыстарға қатысады. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде бірнеше рет жараланып, оң аяғы мен сол қолынан ауыр жарақаттанады. Госпитальда жатып емделіп алып, қайтадан ұрысқа түседі. Сөйтіп жүріп қаруластарымен бірге Жеңісті де қарсылайды.1945 жылдың тамыз айында ғана елге қайтады.

Осылайша, толарсақтан саз кеше, шыбындай жанын шүберекке түйе жүріп, от пен оқтың ортасынан аман-есен оралған атам бейбіт кезеңдегі еңбек майданының да алғы шебінен көріне білді. Жергілікті және отын өнеркәсібі министрлігіне қарасты кәсіпорын-мекемелерде еңбек етіп, түрлі жұмыстарды атқарды. Ең бастысы, берілген тапсырманы тиянақты орындап, қандай жұмысты да жатсынбайтын. Өндірістік жоспарларын артығымен орындап, өзгелерге өнеге танылып, үлгі болып жүретін.

Майдандағы ерліктері ескеріліп, Базарбай Сүйінәліұлы «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 және 50 жылдық, КСРО Қарулы Күштерінің құрылғанына 50 жыл толу мерейтойлық медальдарымен, Бас қолбасшы И.В.Сталиннің атынан жазылған Алғыс хатпен наградталған. Ал, еңбектегі жетістіктерінің лайықты бағасы ретінде салалық министрлік пен республикалық кәсіподақтар комитетінің Құрмет грамотасымен, кәсіпорын басшылығының Алғыс хатымен, «Бесжылдықтың екпіндісі», «Өндіріс озаты» белгілерімен марапатталғандығын айтсақ, артық емес.

1947 жылы Базарбай атамның Майран атты ұлы өмірге келеді. Мен болсам, сол Майран әкем мен Кенже анамнан өрбіген сегіз баланың бірі, төрт ұлдың (алдымда Қанат, Қуат, Қайрат есімді ағаларым бар) кенжесімін. Өзім де отбасылы болдым, екі ұл мен бір қыздың әкесімін, Жұмагүл атты жарым бар. Басқа бауырларымның бәрі де үйлі-баранды, ел қатарлы тұрмыс кешуде. Атам 1969 жылы Пайғамбар жасына жетіп, дүниеден озған. Әрине, біздер ол кісінің көзін көрген жоқпыз. Баяндап отырғаным үлкен апаларымыздан, әке-шешемізден естіп, білгеніміз ғана. Ал, әжемізді (1910 жылы туған) көре қалдық. Ол да осыдан 18 жыл бұрын 87 жасында бақилық болған. Өздері өмірден өтсе де, көздеріндей, артындағы іздей болып ұрпақтары қалды. Ұлынан тараған немере-шөберелері өз алдына, қыздарынан көрінген ұрпақтар да жалғасып, өсіп-өнуде. Ұрпағы, елі барда майдангерлердің ерлік істері де, еңбектегі өнегелі іздері де ұмытылмайды, жадымызда жаңғыра береді.

Самат МАЙРАНҰЛЫ,

майдангердің немересі.

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз