ЕРЛІККЕ ЕРТЕ БАСТАН ТӘРБИЕЛЕ!

Әскери-патриоттық тәрбие мен жастарды әскери қызметке даярлау қазіргі кездегі ең көкейтесті мәселе.

 

Осыған орай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау мақсатында Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы №3 орта мектебінің залында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері, Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметкерлерінің қатысуымен «Ерлік сабағы» іс-шарасы өткізілді.

Шараны облыстық білім басқармасының алғашқы әскери дайындық кабинетінің меңгерушісі Нұрлан Елеуов ашып, жүргізіп отырды. «Қазақстан Республикасының әскери-патриоттық клубтарының одағы» кооперативтік қорының өкілі Заурбек Жолдасбаев оқушыларға әскери сабақтың қажеттігі, оқу орындарының қолжетімділігі туралы түсіндіріп, Қарулы күштердің қазіргі таңдағы жетістігін әңгімелеп, әскери оқу орындары туралы айтты. Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Смыслов, Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Виктор Перевертайло екінші дүниежүзілік соғыста өздерінің Отан үшін от кешкен жылдарынан естеліктер шертіп, жастарға Отан қорғау жолындағы батырлардың ерліктеріне бас ие отырып, өз елін, жерін сүюге және құрметтеуге шақырды.

Сондай-ақ, Қарулы күштерінің және Ауған соғысының ардагері, подполковник Мұхамеджан Тұқманбетов Ауған соғысының отты жылдары бүгінгі бақытты заманда өмір сүріп отырған ұрпаққа өшпес өнеге болуы тиістігін айтса, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, подполковник Аслан Мұхамбетов жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.

 Сахнаға мектептің «Жасұлан» тобы шығып, ардагерлерге тағзым етіп, құттықтау мен тілектерін жолдады. Аталмыш сабақтың соңы «Атырау Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты бейнетаспадан фильм көрсетілсе, ал оқушылар қонақтардың құрметіне патриоттық тақырыпта сазды бағдарлама ұсынды.

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз