ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕРКІНОВ

1418 күнге созылған адамзатқа қайғы мен қасірет әкелген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске де 70 жыл болып қалды. 

 

Сол бір ел басына күн туған, ер етікпен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен қасіретті күндерде қолына қару алып, өз еркімен майданға сұранып, кеудесін дұшпанға деген кек кернеген ерлердің бірі – Шүкір Таңатарұлы Еркінов еді.

Шүкір Еркінов 1924 жылы қыркүйек айының соңғы күндерінің бірінде Ойыл ауылдық округіне қарасты «Дәулетиман» елді мекенінде дүниеге келген. Он сегізге толмаған Шүкір 1942 жылдың 18 тамызында әскер қатарына алынып, аз уақыт қана Бұзылық қаласында әскери дайындықтан өтеді де, 1943 жылдың шілде айында Батыс майданының 222-Смоленск атқыштар дивизиясының 43-артиллериялық танкіге қарсы дивизионының құрамында соғысқа қатынасады.

Шүкір Еркінов майдандағы қаhар-мандық ерлігі үшін «Даңқ» ордендерінің үш дәрежесіне түгелдей, сондай-ақ, «Германияны жеңгені үшін» медаліне ие болған. КСРО Қорғаныс Министрлігі мұрағатынан Гурьев (Қазіргі Атырау қаласы) қалалық әскери комиссариатына түскен материалдарда былай деп көрсетілген. Ұрыс алаңының немістер орныққан тұсына енген Ш.Еркінов жасырынып жатқан үш фашисті байқап қалады. Батыл барлаушы әлгі үшеуімен қиын да қатерлі шайқасқа түседі. Екеуін мылтықтың найзасымен түйреп өлтіріп, үшіншісін тұтқынға алып қайтады. Бұл ерлігі үшін оған үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін беруді ұсынған награда қағазына бөлімше командирі, майор Чернокосов 1944 жылы 24 маусымда қол қойған.

Екінші бір құжатта былай деп жазылған: «Еркінов жолдас – дивизиядағы таңдаулы барлаушылардың бірі. Шабуыл ұрыстарында ол алдыңғы шепте жүріп, жау жағынан көп мәліметтер жинады, дұшпанның қозғалыс бағытын дұрыс анықтап, нақты жағдайды басшылыққа дер мезгілінде хабарлап отырды. 1942 жылы 19 қаңтарда Ш.Еркінов бір топ барлаушылармен кезекті бір сапарда жолды миналап жатқан немістердің үстінен шығып, жаумен кескілесе шайқасады. Фашист жендеттерінің бес адамы түгелдей құртылып жіберілді. Жол минадан тазартылды. Сөйтіп, онымен дивизияның ілгері қарай жылжуына мүмкіндік туғызылды».

Жерлесіміздің бұл ерлігі де марапаттауға лайық деп танылып, «Даңқ» орденінің екінші дәрежесімен наградтауға ұсынылады. Сөйтіп, 1945 жылы 19 ақпанда Ш.Еркінов екінші дәрежелі «Даңқ» орденін еншіледі.

Қанды шайқастарда Еркінов жіті барлау жасап, күн сайын жау жөнінде құнды мәліметті жеткізіп тұрады. 1945 жылдың 28 сәуірі күні Кушков деревнясы үшін болған шайқаста жау тобының орныққан ауданына ешбір сездірместен өтіп кетеді де, жау жендеттері орналасқан үйге тосыннан кіріп келіп, бас салып, үрей туғызады. Сол бойда дұшпанның 24 солдаты мен офицерін тұтқындап, командованиеге әкеліп табыс етеді. Бұл оның тапқыр да ержүрек барлаушы екенін көрсетеді. Осы жолы жау жағын барлап, сезген деректерді де хабарлайды. Дивизионды деревня аймағындағы жау ұясына бастайды. Жау тас-талқан болып, деревня азат етіледі.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 15 мамырдағы Жарлығы бойынша Шүкір Еркінов бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Сөйтіп, батыр барлаушы «Даңқ» ордендерінің үш дәрежесіне бірдей ие болды. Ол 1947 жылы майданнан елге оралып, осы жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ержүрек барлаушы майдан даласында 9 рет жарақат алған. Оны көзі көрген адамдар «денесінде сау жері жоқ, шұрқ-тесік еді» деп еске алады. Соғыста алған ауыр жарақаттар батырдың білім алуына мүмкіндік бермеді. Қаhарман барлаушы 1947 жылы 23 қыркүйекте небәрі 25 жасында дүние салды. Ер есімі – әрқашан ел есінде.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Мейрбек Ерназаров

    1945 жылы 28 сәуірде Кушков деревнясы үшін болған шайқаста (Германия, Люббен қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 13 шақырым жерде) старшина Еркінов барлаушылармен бірге фашистер тығылған үйге баса-көктеп кіреді. Нәтижесінде 25 «тіл» алынды – 24 сарбаз және 1 офицер. Тұтқындар құнды мәліметтер берді. Кеңес жауынгерлері бекіністерді айналып өтіп, Кушковты бұзып, жауды қашуға мәжбүр етті, осы шайқаста 150-ге дейін фашистердің көзін жойып, 80- жаудың солдатын тұтқынға алған, осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен Ұлы Отан соғысының соңғы кезеңінде фашистік басқыншылармен шайқастарда көрсеткен ерекше батылдығы үшін сержант Еркінов Шүкір Таңатырұлы 1- дәрежелі данқ орденімен марапатталды (N1052).