БІЗ МӘҢГІ ҚАСТЕРЛЕЙМІЗ

Менің атам Бөрібай Мусиев он жеті жасында 1943 жылы әскерге шақырылады. Ел басына күн туғанда қолына қару алды.

 

 Ұлы Отан соғысы кезінде І Украина майданында фашист басқыншыларына қарсы шайқасты. Кішкене кезімде айтып отыратын, талай мәрте өлімнен қалыпты. Жанындағы бірнеше жолдасынан айырылған.  Атамның қос ағасы Сисенәлі мен Бисенқұл да майданнан оралмады.

Атам соғыстың соңына дейін майданда болып, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», т.б. медальдармен марапатталған. Содан 1945-1950 жылдары соғыс кезінде қираған қалаларды қалпына келтіруге қатысып, елге жеті жылдан соң ғана оралған.

Содан бүкіл саналы ғұмырын мұнай-газ кеніштерін іздестіруге арнап, Құлсарыдағы геология экспедициясында қызмет етті. Мұнда да ерен еңбегімен танылып, талай марапат алды.

Мен қазір Ұлыбританияда білімімді жетілдіріп жатырмын. Теорияны тәжірибемен ұштастырудамын. Туған жеріме жақсы маман болып оралуыма үміттімін.

Осы орайда барлық Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Олардың қатары кеміп келе жатқандығы өкінішті. Менің атам да тірі болса 89 жасқа толар еді. Біз барша майдангерлерге бүгінгі бақытты өміріміз үшін борыштымыз. Көп рахмет сіздерге!

 

 Гүлжанат ӘБУОВА.

 Лондон,

Ұлыбритания.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз