БАТЫР АТЫНДАҒЫ КӨШЕГЕ – ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА

Атырау қаласы әкімдігі Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы батырларының өмірі мен жанқиярлық ерліктерін насихаттау мақсатында әрбір айды өңірімізден шыққан батырлардың есімімен сабақтастырып іс-шаралар өткізуді қолға алып отыр. Атаулы датаға орай өңірімізден шыққан 10 Кеңес Одағының Батыры, төрт «Данқ» орденінің иегері мен бір Халық қаҺарманын ұлықтауға арналып, қала аумағында қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шаралар жоспарланған.

 

Қыркүйек айынан бастау алған игілікті шараның алғашқысы Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаевтың өмірі мен ерлігіне арналды. Батыр атындағы көшеге қала әкімдігінің бастамасымен Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі ұжымы және қаладағы ерікті топ ескерткіш тақта орнатты. Кейін, жастар батыр есімін еншілеген көшеге тазалық жұмыстарын жүргізді. Жиналғандар соғыстан оралмаған сарбаздарды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Батыр ерлігі ескерусіз қалмады. 1918 жылы Атырау облысы Индер ауданы Қаңбақты ауылында дүниеге келген. Боран Нысанбаевтың есімімен туған ауылындағы мектеп, бір көше аталады. Оның ерлігі «Это был в Лески» деп аталатын пьесаға арқау болып, батырды еске алуға арналған волейбол турнирі жыл сайын өткізіліп тұрады. Екінші  дүниежүзілік соғысқа қатысушы, минометшілер расчетінің командирі 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, №137-атқыштар дивизиясының №771-полкі минометшілер расчетінің командирі болды. Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Ресейде Боран Нысанбаев қаза болған жерге ескерткіш қойылды және Дросково селосындағы орта мектебіне есімі беріліп, бюст орнатылды.

Қаладағы бірлік селосындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің акт залында Кеңес Одағының Батырының ұрпағымен кездесу шарасы да ұйымшылдықпен өтті. Шараға арнайы қатысқан батырдың інісі Оңдасын Нысанбаев жастарға Боран Нысанбаевтың ерекше қасиеттерін әңгімеледі. «Ол ешқашан айналасындағы адамдарға өкпелемейтін. Өнерді жан-тәнімен сүйетін. Қай істе де алдыңғы қатардан көрініп, ортасының мақтанышы болып жүрді. 1943 жылы Ресейдің Орел облысы Лески деревнясы жанындағы ұрыс кезінде жау дзотын кеудесімен жауып, өзі ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін Б. Нысанбаевқа  1943 жылы 23 қыркүйек күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Орел облысы Покров ауданы Дросково деревнясында жерленген. Онда «Бұл жерде: Қазақ перзентінің мүрдесі жерленген» деген  белгі де орнатылған», – деді інісі Оңдасын Нысанбаев жастарға үлгі боларлық тұлғаның ерекше қасиетін әңгімелеп.  Әсерлі естеліктерден кейін жиналғандар батырдың ерлігіне тағзым етіп, үнсіздікпен еске алды. Кездесудің соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз