БАТЫЛДЫҚҚА БАУЛЫҒАН ЕРЛІК САБАҒЫ

Еліміздің ертеңін жалғайтын жауқазын ұрпақты патриотизмге баулып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлардың ерлігін кеңінен насихаттау қажет. Осы мақсатта облыстық Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында оқушылар арасында ерлік сабағы өтті.

Соғыс жылдары майдан шебінде, ұрыс даласында жараланғандарды Гурьев қаласындағы госпитальға әкеліп емдеген. Сол госпитальдың орны бүгінге дейін әлі сақтаулы. Соғыс аяқталған соң ол орын Қазақстанның бірінші адмиралы Лев Владимирский атындағы мұражайға айналды. Ал, кейін сол жерде Куйбышев атындағы орта мектебінің негізі қаланды. Бүгінгі таңда мектептің орнына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, «ҚазТрансАймақ» мекемесінің ғимараты орналасты. Сайып келгенде, қайсар батырларымызды аяққа тұрғызған ғимарат әлі күнге тұр. Бұл жайларды мәлімдеген аталған білім ордасы директорының орынбасары Ақтоты Темірғалиева тарихтың әр парағын жас  ұрпақ санасына сіңірудің маңыздылығын баса айтты.

Мінбеге көтерілген облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы Руслан Ниетәлиев мұндай кездесулер жас толқынның жүрегінде Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге қызығушылығын оятуға игі ықпалын тигізетінін айтып, егемен еліміздің қасиетті қорғаны болу барша ер-азаматтың басты борышы екендігін жеткізді. Бұл пікірді қостаған облыстық білім беру басқармасының спорт, дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық кабинетінің меңгерушісі Нұрлан Елеуов оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеуде мұндай жиындарды жиі ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Тарихқа зер салсақ, 1942 жылы «Гурьев жаяу әскерлер училищесі» құрылған. Мұнда әскерилерді он ай дайындап, лейтенант шені беріліп, майданға аттандырған. Сөйтіп, Гурьев қаласындағы бұл училище Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуге үлесін қосқан. Бүгінде осы училищенің орнында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музыкалық факультеті жұмысын жалғастырып келеді. Жеңісті бір табан жақындатуға атсалысқан осындай тарихи мекемелер қаламыздың мақтанышы болып қала береді. Әңгіме төңірегінде осы училищенің түлегі, Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев пен Александр Смыслов өткенге шегініс жасап, баяндады. Майдан даласындағы ерлік істерінен естеліктер айтып, Ұлы Отан соғысындағы әскери қызметтің тыныс-тіршілігі, жауынгерлердің қызмет барысындағы ерлік әрекеттері жайында салиқалы да салмақты сөз қозғады. Жастарды өз елін, жерін сүюге шақырды.   

Кездесу аясында оқушылар майдан даласындағы әскерлерге рух берген әскери патриоттық әндерге би билеп, қойылымдар қойды. Сондай-ақ, әскери-патриоттық мазмұндағы деректі фильмдер көрсетіліп, оқушылар жеңістің бізге оңай келмегеніне көз жеткізіп, майдан даласындағы батырлардың ерліктеріне тәнті болды.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз