Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Ырыздық ысырапсыз жиналуда

Күздің алғашқы айы да аяқтала келді. Бұл – жаз бойы өсірілген егінжай ырыздығын ысырапсыз жинап алуға жұмыла кірісіп, ширақ қимыл танытатын шақ. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан алынған ресми мәліметтерге қарағанда, қазірге дейін облыста жалпы көлемі 104,5 мың тоннадан астам егін өнімі жиналған. Оның 48 575 тоннасы көкөніс, 35 131 тоннасы бақша, 4 919 тоннасы картоп және 15 913 тоннасы мал азығы дақылдары екен.

Басқарманың бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, биыл былтырғыға қарағанда, облыста егіншілікпен шұғылданатын шаруашылықтар мен жекеменшік сектордың теңгеріміндегі егіс алқабының аумағы екі есе ұлғайыпты. Жалпы аумағы – 9 306 гектар. Көктемгі дала жұмыстары кезінде өңірдегі 23 шаруа қожалығы жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынын (барлығы 188 тонна) алуға өтінім берген. Мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес өткен тендердің қорытындысында «Таңжаров М.И» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз танылды. Келісім-шартқа сай кәсіпкер қажетті дизель отынының әр литрін 255 теңгеден шаруагерлерге жеткізіп беріпті.

Шаруашылықтар үшін егіске қолданылатын минералды тыңайтқыш ретінде 683,5 тонна аммиак селитрасы төмендетілген бәспен сатып алынды. Оның 428,5 тоннасы «ҚазАзот» АҚ, 255 тоннасы ресейлік өндірушілер арқылы жеткізілді.

– Биыл егін шаруашылығы бойынша қабылданған мемлекеттік бюджеттік бағдарламалар негізінде субъектілерді субсидиялауға жалпы сомасы 465,3 миллион теңге бөлу жоспарланды. Соның 345 миллион теңгесі пайдаланылған су шығындарын өтеуге, 75 миллион теңге тыңайтқыш, 5,4 миллион теңге пестицид сатып алуға жұмсалды. Ал, тұқымға – 20, өнімділігі жоғары дақыл өсіруге – 19,3 миллион теңге жұмсалған. Мұның бәрі бүгінде шаруашылық субъектілерінің өтінімдері мен қаржыландыру кестесіне сәйкес төленуде, — деп түсіндірді басқарма өкілі.

Жасыратыны жоқ, шаруагерлер көбінесе жұмыс қолының тапшылығы бұл жұмыстың уақытылы атқарылуына кесел келтіретінін айтады. Бұған байланысты да қолға алынған шаралар бар көрінеді. Нақтылай кетсек, биыл осы салаға шетелдік азаматтарды маусымдық жұмысқа тарту үшін 670 квота қаралып, 500-ден астам адамға рұқсат берілген. Ал, 163 квота резервке қойылыпты.

– Жылдағы дәстүрге сай атыраулық диқандар жақында өздері өсірген өнімді Астана тұрғындарына саттыққа ұсынып қайтты. Қолжетімді бағада әрі жеткілікті мөлшерде сатылған егінжай ырыздығын астаналықтар мен қала қонақтары ықыласпен қабылдап, ризашылығын айтты. Елорда төріндегі дәстүрлі жәрмеңкеге атыраулық 70 шаруа қожалығы қатысып, жалпы көлемі 150 тоннадан асатын өнім өткізді. Оның ішінде ет, балық, сүт, өзге де экологиялық таза әрі жоғары сапалы өнімдер бар, — деп сабақтады сөзін А.Қапанов.

Осылайша, берекенің негізін ерте көктемнен берік қалап, жаз бойы баптап-күткен егіндерінен мол өнім еншілеген атыраулық шаруагерлер бұл күнде маңдай тердің өтеуін көріп, күзгі жиын-терім науқанын да ойдағыдай өткізіп жатыр. «Күтімді егін бітімді» демекші, диқандар жомарт жердің ырыздығын ысырапсыз жинап, жауапты да маңызды маусымды нәтижелі аяқтау үшін тер төгіп жүр.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button