
Тұқым шаруашылықтарын қайта жандандыру қажет
Өңірдегі егіс алқаптарының көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 9,3 мың гектарды құрады. Ал өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында облыстағы егістік көлемі 58 мың гектардан асқан, оның 48 мың гектарында мал азықтық шөп, 10 мың гектарында көкөніс пен бақша дақылдары егілген. Қазір не себепті егістік көлемі бес еседен астам қысқарғаны – «AMANAT» партиясы жанындағы экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында талқыланды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат саланың даму барысына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, облыстың жалпы егіс көлемі 9 306 гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға артық. Оның ішінде картоп – 664 гектар, көкөніс – 2 397,6 гектар, бақша өнімдері – 1 238,6 гектар, мал азықтық дақылдар – 5 005,2 гектар. Заманауи суару технологиялары 9 300 гектарда орнатылған.
Тұқым, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялауға бюджеттен 465 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ егісті суаруға кеткен шығындарды өтеу үшін 345 млн теңге қарастырылған. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері жәрмеңкелер ұйымдастырылып, өндірушілермен меморандумдар жасалуда.
Дегенмен, өңірлік кеңес мүшесі, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Бақытбек Таубаев өз ойын ортаға салды:
– Сіздер айтып отырған 10 мың гектар егістіктің тең жартысы – мал азығына, қалғаны көкөніс пен бақшаға тиесілі. Бірақ бұл көрсеткішті арттыру үшін не істеліп жатыр? Әрине, субсидия бөлінуі жақсы, бірақ біз өз бағыттарымызды дамытуымыз керек. Бұрын бізде тұқым шаруашылықтары болатын, онда жергілікті климатқа бейімделген дақыл тұқымдары өсіріліп, зерттелетін. Қазір барлық тұқым сырттан әкелінеді, сондықтан өнімнің сапасына кепілдік жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасы жергілікті тұқым шаруашылықтарын дамытуды қолға алуы тиіс. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге де ықпал етеді, – деді профессор.
Сонымен қатар ол тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану адам денсаулығына зиян екенін айтып, топырақ сапасын зерттеу жұмыстарына назар аударуға шақырды:
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында агрохимиялық қызмет бар, ол әр 5–6 жыл сайын өңірлерге барып, топырақ, су және жердің геоботаникалық жағдайын зерттеуі тиіс. Бірақ бұл қызмет Атырауға соңғы жылдары бір де бір рет келмеген. Бұрын мұнда олардың филиалы және топырақты зерттейтін ғылыми институт болған. Мұндай зерттеу жұмыстары қайта жандануы қажет. Мал шаруашылығына да осындай көзқарас керек, себебі ата-бабамыз малды қай кезде және қай жерде жаю керегін жақсы білген, – деді ол.
Өңірлік кеңес мүшесі Андрей Кораблев болса, Атырау аймағы тәуекелді егіншілік аймағына жататынын атап өтті:
– Біздің диқандарға ауыл шаруашылығымен айналысу оңай емес, ал нарық сырттан келетін өнімдерге ашық. Бұл жергілікті шаруалар үшін үлкен қиындық туғызады. Тағы бір өзекті мәселе – жиналған өнімді сақтау. Ол үшін көкөніс қоймаларын салу қажет, – деді ол.
Амангелді Саламаттың айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша көкөніс сақтау қоймаларының қажеттілігі 60 пайызға қамтамасыз етілген. Қуаты 15 және 6 мың тонна болатын екі қойманың құрылысы жүріп жатыр. Олар іске қосылған соң қамтамасыз ету деңгейі 75 пайызға жетеді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қаражат есебінен салынған және жеке тұлғаға сенімгерлік басқаруға берілген бір қойма бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылуда. Бұл іспен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айналысып жатыр.
Сондай-ақ басқарма басшысы базарларда делдалдықпен айналысатын кәсіпкерлерді анықтау бойынша арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Нәтижесінде 10 кәсіпкерге айыппұл салынған, тағы 10-ы ескерту алған.
Алмаа ТҰРҒАН
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



